Бүгін Бундеслигада батырлар шайқасы

01.11.2014, 19:25
Бүгін Бундеслигада батырлар шайқасы
Неміс Бундеслигасының турнир кестесіне көз жүгіртіңіз. Чемпионаттың бірінші командасы, он бесінші орынға жайғасқан команданы өз алаңында қабылдайды. Бірақ, "Бавария"-"Боруссия Дортмунд" текетіресі, кем дегенде соңғы 3-4 жыл ішінде Германияның ғана емес, бүкіл кәрі құрлықтың орталық матчтарының біріне айналды десек те болады. Тағы бір сондай матч бүгін түнде "Аляньс-Аренда" стадионында өтпек. "Бавария" маусым басында өз жанкүйерлерін біраз алаңдатқаны бар. Иә, әрбір ойында ұпай еншілеп отырды, бірақ ойыны көңілден шықпады. Бірақ, ол Гвардиоланың әдеттегідей маусым басындағы эксперименттері болатын. Қазір бәрі өз орнында. Командада ойын да, нәтиже де бар. Тек, соңғы ойындағы "Боруссия Менхенгладбахпен" тең ойыны демесеңіз. Чемпиондар Лигасында қиын топқа түссе де, ізбе-із қарсыластарын тізе бүктіруде. "Боруссияның" жайы бір бөлек. Ақылға қонымсыз нәтиже көрсетіп жүр соңғы кезде. Әлемдегі үздік клубтық турнир, Чемпиондар Лигасында бәрің еш қиындықсыз жеңеді де, ішкі біріншілікте "Майнц", "Кельн", "Ганноверлерге" есе жібереді. Түсініп болмайды бұл команданы. "Арсеналды" оп-оңай тығырыққа тіреп жеңеді, "Галатасарайды" қонақта тас-талқан етеді де, Бундеслигада білгенінен жаңылады. Ойыншылардың жарақатымен ақталудың қажеті жоқ, бәрі сапта. Ройс та, Кагава да, Мхитарян да. Бірақ, осы маусымда Бундеслигада жеңілген барлық қарсыластарына дортмундықтар ойын тұрғысынан жеңілген жоқ. Олардың басты жауы-бар мүмкіндіктерін пайдалана алмауында. Команда қауіпті сәттерін голға ұластыра алмайды да, қарсылас гол салғанда, бітті, психологиялық тығырыққа тап болады. Міндетті түрде, бірінші гол салуы керек, сонда жеңеді, жеңіп қана қоймай қарсыласты талқандайды. Бүгін біз тартысты ойын да көруіміз мүмкін. Онымен қоса алаңда бір команданың шоуын ғана көруіміз де әбден мүмкін. Жақында ғана, Клопп: "шегінерге жол жоқ, шегінер жер де қалмады, міндетті түрде "Баварияны" жеңуіміз керек"-деп еді. Шындығында, "Боруссия" бүгінгі хәлімен "Альянс-Аренада" "Бавaрияны" жеңеді деу қиын. "Рома" секілді арманның жетегінде кетіп, "Бавариямен" тереземіз тең екен деп, аяғында тас-талқан болып жүрмесе де. Себебі, "Бавариямен" ашық футбол ойнаудың қажеті шамалы. Қалай ойнау керектігін, бір апта бұрын менхенгладбахтық "Боруссия" көрсетіп берді. Алаңда, әсіресе өз жарты алаңында Гвардиола шәкіртеріне бос кеңістік қалдырмау керек. Әйтпесе, қақпана енген голдардың санын санап үлгере алмай қаласың.  Дегенмен де, ортаң қол командаларға болмаса да, алпауыттарға қарсы командасын қайрақтай қайрап шығатын Клопптың әдеті емес пе, ерте жерлегеніміз дұрыс болмас. Әйтеуір, бір қызық матч болғалы тұр. Жіберіп алмаңыздар, футбол сүйер ағайын.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×