Голдар шеруi

07.04.2011, 16:10
Голдар шеруi
Футболдан Еуропаның Чемпиондар лигасының ширек финалына шыққан командалардың сейсенбi күнi екi ойыны ойналды. Былтырғы жылы чемпиондар бәсекесiнiң бас жүлдесiн жеңiп алған Италияның “Интерi” өз алаңында Германияның “Шальке-04” клубын қабылдаса, Мадридтiң “Реалы” ағылшынның “Тоттенхэм” клубымен кездестi.

“Интер” (Италия) – “Шальке-04” (Германия) – 2:5 (Станкович, 1-минутта, Милито, 34-минутта – Матип, 17-минутта, Эду, 40, 75-минутта, Р.Гонсалес, 53-минутта, Раноккья, 57-минутта, өз қақпасына); “Реал” (Испания) – “Тоттенхэм” (Англия) – 4:0 (Адебайор, 5, 57-минутта, Ди Мария, 72-минутта, Роналду, 87-минутта). Мадридтiң “Реалы” мен Гельзенкирхеннiң “Шальке-04” клубтары жартылай финалға шығуға өте жақын тұр. Сейсенбi күнi бұл екi команда өз қарсыластарына күйрете соққы берiп, голдан тау тұрғызды. “Реал” “Тоттенхэм” қақпасына жауапсыз төрт доп соқса, “Шальке-04” клубының футболшылары сырт алаңда “Интердiң” қақпасын бес мәрте нысанаға алды: 5:2. Басқасы басқа, Чемпиондар лигасының былтырғы жеңiмпазы дәл осындай есеппен өз алаңында күйрей жеңiледi дегенге сену қиын. Алайда сенбеске амал жоқ... “Интер” футболшылары үшiн ойын сәтiмен басталған. Кездесудiң бiрiншi минутында Деян Станковичтiң соққан добы қандай десеңiзшi?! “Шалькенiң” қақпашысы Мануэль Нойердiң алаңның ортасына қарай баспен шығарып тастаған добын жерге түсiрместен, ашық қақпаға шiрене тепкен Д.Станкович “Интердi” осылайша алға шығарды. Алайда алаң иелерiнiң қуанышы ұзаққа созылмады. Ойынның 17-миинутында қонақтар Жоэль Матиптiң көмегiмен таразы басын теңестiрдi. Кездесудiң 34-минутында “Интердiң” сұрмерген ойыншыларының бiрi Диего Милито алаң иелерiн қайта алға жетеледi. Қонақтар бiрiншi кезең аяқталмай жатып таразы басын қайта теңестiрдi. Бұл жолы “Шальке-04” командасының сапынан бразилиялық легионер Эду мергендiгiмен көзге түстi. Ал ойынның екiншi кезеңiнде стадионға жиналған 75 000 жанкүйер “Шальке” футболшыларының шеберлiгiне тәнтi болды. Немiс командасындағы ең үздiк ойыншылардың бiрi Рауль Гонсалес 53-минутта есептi 3:2-ге жеткiзiп, итальяндықтардың жағдайын қиындатып жiбердi. Бұл аз болғандай, 57-минутта “Интер” қорғаушысы Андреа Раноккья өз қақпасына гол соғып алып жағдайды тiптен ушықтырды. Таразы басын теңестiруге ұмтылған алаң иелерi қалған уақытта ештеңе бiтiре алмады. Керiсiнше, қарымта шабуылды сәтiмен ұйымдастыра бiлген “Шальке-04” футболшылары 75-минутта “Интердiң” қақпасына бесiншi допты соғып, өз командаларын жартылай финалға бiртабан жақындатып қойды. Ендi бiр аптадан кейiн бұл екi команда Гельзенкирхенде қарымта кездесулерiн өткiзедi. Сырт алаңда бес гол соғып үш доп айырмасымен жеңiске жеткен “Шальке-04” клубына қарымта ойын оңайырақ тиетiнi сөзсiз. Ал “Интер” футболшылары болса, жартылай финалға шығу үшiн немiстердiң қақпасына кем дегенде жауапсыз төрт доп соғу керек. Араға алты жыл салып, сегiз үздiктiң қатарына қосылған Мадридтiң “Реалы” ширек финалдық ойынды әбден “сағыныпты”. Лондонның “Тоттенхэм” клубын қабылдаған Жозе Моуринью шәкiрттерi ағылшындардың қақпасына айыздары қанғанша доп соқты. Эммануэль Адебайор бастап берген голдар шеруiн Анхель Ди Мария мен Криштиану Роналду шегiне жеткiздi. Тоголық легионер кездесу барысында екi доптың авторы атанды. Төлеубек Әдiлбекұлы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×