Ұлттар лигасының плей-офындағы маңызды матчқа санаулы күн қалды. Қазақстан мен Грекия үшін финалмен тең теке-тірес қарсаңындағы командалардың көңіл-күйі қандай?
Магомед Адиев жаттықтыратын Қазақстан әзірше Дубайда. Жалпы, біздің құрама Грекияға дайындығының басым бөлігін жылы жақта өткізуде. Ол үшін Біріккен Араб Әмірлігі таңдалған болатын. Біздің құрама Дубайда жаттығып, бірнеше күн бұрын жолдастық кездесуде Түркменстанды ұтты (2:0). Азия біріншілігінде кішігірім сенсация жасаған Түркмендерге жауапсыз екі гол соғуды жақсы нәтиже деуге болады. Оның үстіне бұл ойында біраз көшбасшының болмағанын да ескеру керек. Мәселен, сол кездесу Абат Айымбетов пен Бахтиер Зайнутдиновсіз өткен. Қос футболшының өз клубтарынан Ұлттық құрамаға енді келіп қосылғанын білеміз. Ал енді Грекияға қарсы өтетін ойынға келер болсақ. Нұралы Әліптің орны ойсырап тұрғаны сөзсіз. «Зениттің» қорғаушысы дисквалификацияға байланысты бұл матчқа қатыса алмайды. Дегенмен, Нұралының Афиныдағы ойында болатынын, командаластарын қолдайтынын білеміз. Наурыздың 21 нен 22 не қараған түні алаң иелерінің Афиныдағы “OPAP Arena” стадионында біздің жігіттерге қандай қысым көрсететінін елестетудің өзі қорқынышты. Қалай дегенде де, Германияны түсінде көріп, армандап жүрген эллиндік жанкүйерлердің айқайынын құлақ тұнатыны анық. Сондықтан, Нұралы Әліп пен сол күні Қазақстандық футболшылар үшін келетін қазақ жанкүйерлердің қолдауы аса маңызды болмақ. Қазақстан Ұлттық құрама командасы Грекияға ертең ұшады. Бәсі жоғары бәсеке алдындағы соңғы дайындықты сол жақта жасайтын болады.
Грекия сапынан қандай жаңалық бар? Қарсылас та қарап отырған жоқ. Грекия құрамасының бас бапкері Густаво Пойет осы сенбіде алғашқы жаттығуын өткізген болатын. Қарсыластың қатарында да біраз футболшының жаттығу жиынына кешігіп қосылғаны мәлім. Атап айтсақ, ең соңғы болып Христос Цолис, Анастасиос Хацигиованис пен Димитриос Курбелистер келіп қосылды.
Кім не айтты:
Магомед АДИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ:
«Біздің бапкерлік штабтың басты мақсаты – қарсыластың қалай ойнайтынын дұрыс болжап білу. Өйткені Грекия ойын жүйесін жиі ауыстыратын команда. Қарсыластың тактикалық құрылымын дөп басу қажет. Құрамына келер болсақ, Грекияның қатарында біраз мықты футболшы бар. Мысалы, Цимикас. Алайда, менің назарымда бәрінен бұрын бас бапкері Густаво Пойет. Пойеттің «тістегіш» команда жасақтап жатқаны байқалады».
Густаво ПОЙЕТ, ГРЕКИЯ ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ:
«Еуро-2024 турнирінің жолдамасын иелену? Ешқандай уәде бермеймін. Бізде үлкен мүмкіндік бар. Қазақстаннан қорықпаймыз, бірақ құрметтейміз. Біздің жағдай жардың шетінде тұрғандай. Барлығына мен жауаптымын. Сабыр сақтайық. Бұл матчтар тезірек аяқталғанын қалайтыным рас. Бұл квартетте алдымен Қазақстанмен кездесеміз. Одан кейін мүмкін - Грузиямен. Қазақстан үнемі менің компьютерімнің экранында тұрады».
Айта кетейік, Грекия мен Қазақстан арасындағы ойын 21 наурыз күні Афинада өтеді. Бұл текетірестің жеңімпазы Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінің финалында Грузия — Люксембург жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Біздің серіктес: FONBET