Григорий Бабаян: «Жас ойыншылар гол соққаннан кейін өзіне қойылатын талаптарды төмендетпеуі керек»

24.04.2021, 17:14
Бабаян кешегі ойында жас ойыншыларға мүмкіндік берді.
Григорий Бабаян: «Жас ойыншылар гол соққаннан кейін өзіне қойылатын талаптарды төмендетпеуі керек»

Қостанайлық "Тобылдың" бас бапкері Григорий Бабаян "Тұранмен" болған ойын (5:0) туралы пікір білдірді:

- Осындай ірі есепке қарамастан, ойын біз үшін оңай болған жоқ. "Тұран" есеп 3:0 болмай тұрып, қарсылық көрсетуін жалғастырды, бірақ соңында өз мүмкіндіктерімізді ұтымды пайдаланып, бірнеше гол соғып алдық, одан да көп гол соғуға болар еді. Жалпы, бұл жақсы матч болды деп ойлаймын, біз ойынды толықтай өз бақылауымызға алдық.

Маған бірінші таймда ұнамаған дүниелер болды. Бұл туралы біз жігіттермен үзіліс кезінде сөйлестік. Мен командамның ойынды одан да көп бақылауын, шабуылды жақсы ұйымдастырып, қорғаныста тәртіпті ойнағанын қалаймын. Ең маңыздысы - бүгін біз гол жібермедік. "Қайратпен" болған ойыннан кейін алаңдаушылық болды, өйткені жігіттер ол ойында көп күш пен эмоция жұмсады, бірақ бүгін барын салып, жеңіске жетті.

Біз үш ұпай алып, әрі қарай жылжимыз. Төрт күннен кейін, "Каспиймен" сырт алаңда кездесеміз. Біз өте мықты қарсыласпен болатын ойынға жақсылап дайындалуымыз керек.

Жастар туралы айтатын болсақ, Күлпейісов өте жақсы ойнады. Ол өз позициясын жақсы ұстады, агрессивті түрде допқа талас жүргізді, доппен сенімді ойнады. Жаслан жақсы гол соқты, бірақ қалған әрекеттері сәтсіз болды. Қажетсіз пастар болды, өз позициясында нашар ойнады. Бұл компоненттерде оған көп күш жұмсау керек.

Ең бастысы, ол гол соғылғаннан кейін өзіне қойылатын талаптарды төмендетуге болады деп ойламауы қажет. Барлық жас ойыншылар дамып, одан да көп жұмыс істеуі керек. Бәсекелестік өте жоғары деңгейде, егер сіз өз талаптарыңызды сәл төмендетсеңіз, онда футбол сізді бірден жазалайды.

Қорғаныста одан да тезірек және доппен сенімді ойнау үшін біздің барлық командаға көп еңбек ету, даму және өсу қажет.

Жалпы, бұл жанкүйерлер үшін жақсы матч болды деп ойлаймын, голдар көп болды және жақсы атмосфера болды. Барлығын жеңіспен құттықтаймын!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×