
Пеп Гвардиола "Манчестер Сити" клубынан кеткен соң бапкерлік мансабынан үзіліс алатынын немесе мүлде зейнетке шығатыны туралы мәлімдеді.
2016 жылы "Этихад" стадионына келгеннен кейін Гвардиола "Ситиге” 18 трофей алып берді. Бұл жетістіктердің ішінде клуб тарихындағы тұңғыш Чемпиондар лигасының жеңісі (2023 ж.) мен алты мәрте Англия Премьер лигасының чемпиондығы бар. Ағылшын футболы тарихында Премьер лигада одан көп чемпиондыққа тек сэр Алекс Фергюсон ғана (13 рет) қол жеткізген.
Гвардиоланың қазіргі келісімі осы маусым соңында аяқталуы тиіс еді. Ол Англия құрамасының тізгінін ұстайды деген сыбыс шыққанымен, қараша айында ол келісімшартын 2027 жылға дейін ұзартты.
Гвардиола "Ситиден” кеткеннен кейін бірден жаңа қызметке орналаспайтынын нақты айтты. Бұл шешімі оның 2012 жылы "Барселонадан” кеткен соң бір жыл үзіліс алып, 2013 жылы "Баварияны” баптаған кезеңіне ұқсайды.
"Адамдар мені қалай есте сақтаса да, еркі өздерінде. "Ситимен” келісімшартым аяқталғаннан кейін мен демаламын – бұл анық.
Зейнетке кетем бе, жоқ па – белгісіз, бірақ міндетті түрде үзіліс аламын.
Барлық бапкерлер жеңіске жетуді қалайды, сонда ғана олардың жұмысы есте қалады. Бірақ менің ойымша, "Барселона", "Бавария” және "Ситидің” жанкүйерлері менің командаларымның ойынын тамашалап, рахат алды.
Біз өзіміз туралы қалай есте қалаиын деп өмір сүрмеуіміз керек. Ақыры, өлгенде отбасымыз ғана үш күн жылайды, содан кейін бәрі ұмытылады.
Бапкер ретінде алда қандай сынақтар бар екенін білмеймін. Уақыт көрсетеді."
2024–25 жылғы маусым "Сити” үшін ауыр өтті. Дегенмен, клуб маусымды титулмен аяқтауы мүмкін. 17 мамырда олар Англия кубогының финалында "Кристал Пэласпен" кездеседі. Гвардиоланың айтуынша, бұл маусым бәрі үшін үлкен сабақ болды.
"Бұл – мен үшін үлкен тәжірибе болған маусым. Қиындыққа бір ғана себеп емес, бірнеше түрлі жағдай әсер етті. Олардың ішінде өз тарапымнан кеткен қателіктер де бар.
Біз бір күні құлайтынымызды білдік, бірақ бұл жолы тым қатты құладық.
Соңғы 9-10 жылда таңғажайып жетістіктерге жетістік. Енді отырып, ой елегінен өткізіп, болашақта не істеу керектігін түсінуіміз қажет."
Біздің серіктес: FONBET