Бүгінгі қай футболшының да арманы өз құрамасымен әлем чемпионатында топ жарып, Чемпиондар Лигасының жеңімпазы атану екені белгілі. Алайда, футбол шыңын түгел бағындырғандар кем де кем. Сол санаулылардың бірі Испания құрамасы мен Мадридтің «Реал» командасының жартылай қорғаушысы – Хаби Алонсо.
2010 жылы ОАР-да өткен әлем біріншілігінің чемпионы, екі дүркін Еуропа чемпионы, Чемпиондар Лигасының және Еуропа Суперкубогінің жеңімпазы Хаби Алонсо спорттағы барлық биік жетістіктерге жетсе де орта жолда тоқтап қалғысы жоқ.
–Соңғы өткен Еуропа біріншілігінің финалында Испания құрамасы Италия құрамасын 4:0 есебімен тас-талқан етіп ұтты. Көптеген футбол мамандары мен жанкүйерлер бұл ойынды нағыз финалға тән матч болмады дейді. Бұған не дейсіз?
–Мұны Испания құрамасын көре алмайтындардың немесе футболды шынайы түсінбейтіндердің сөзі деп білемін. Себебі, мұндай дүбірлі додаларда, оның ішінде Еуропа чемпионатының финалында келісілген ойын болмайды. Бұл жерде жай бір клубтың емес, тұтас бір мемлекеттің намысы сынға түседі. Мүмкін сол матч сырт көзге тым оңай өткен болып көрінуі мүмкін. Италияның төрт дүркін әлем чемпионы екенін ойымыздан мүлдем шығарып тастадық. Дәл бүгінгі Испания құрамасы әлем және Еуропа чемпионы болуға әбден лайықты. Себебі, тоқсан минут бойы допты қарсыластарға бермей ұстап жүру бүгінде тек Испания құрамасы ойыншыларының қолынан ғана келеді. Бұл оңай іс емес.
–Сіз Мадридтің «Реалына» келмей тұрып ағылшын чемпионатында, «Ливерпуль» сапында өнер көрсеттіңіз. Испания мен Англияның қайсысының ішкі чемпионаты тартысты деп ойлайсыз?–Испания чемпионатындағы қарсыластарымды менсінбей отыр деп ойламаңыздар. Дегенмен, «Реалдың» бір ғана қарсыласы бар. Ол – «Барселона». Қалған командалармен жолыққанда жеңіске тоқсан пайыз сенімді боламыз. Ал, Англияда мүлде басқаша. Барлық клубтардың деңгейі бірдей. «Ливерпуль» әлемнің ең мықты командаларының бірі болса да, оны ағылшын премьер лигасындағы кез келген клуб жеңіп кете алады. Англия чемпионатында «фаворит» деген ұғым жоқ. Әрбір тур финалмен тең.
–Өзіңіз айтқандай, «Реалдың» Испанияда бір ғана қарсыласы бар, ол – «Барселона». Жасыратыны жоқ, көбінде «Барселонаның» Сіздерге қарағанда асығы алшысынан түсіп жатады. Каталондық клубтың мықтылығының сыры неде?– «Барселона» қанша жерден қарсылас болса да, өз басым олардың мықтылығын мойындаймын. Неге дейсіз ғой? Себебі, «Барселонаның» түгелге жуық ойыншылары бір мектептен шыққан. «Барселонада» нағыз командалық ойын дамыған. «Реалға» әр клубтан келген кілең мықтылар жиналған. Бапкерлерге әрқайсысымыздың амбициямызды басу оңайға түспейді. Сондықтан да бізге тұрақты команда қалыптастыру қажет.
–Естуімізше «Реалдың» барлық футболшылары Мадрид қаласының сыртында ал, Сіз қаланың орталығында тұрады екенсіз. Бұл Сіздің әріптестеріңізден ерекшеленуіңіз бе жоқ әлде мұның өзіндік себебі бар ма?–Жалпы, маған қаланың орталығында тұрған ұнайды. Бала күнімде әлемнің ірі қалаларын аралауды армандайтынмын. Бүгінде сол арманыма жеткен сияқтымын. Қысқы демалысымда Еуропаның көптеген әсем қалаларына саяхат жасаймын.
–Маңызды матчтардан соң футболшылар қарсылас командадағы ойыншылармен жейделерін алмастырып жатады. Сізде осындай жағдайлар болды ма?–Әрине! Көбінде қарсыластарымызбен Чемпиондар Лигасының матчтарында жейде алмастырып жатамыз. Мәселен, менің үйімде Зидан, Алан Ширер, Рой Кин, Пол Скоулз, Павел Недвед сынды ұлы футболшылардың жейделері сақтаулы тұр. Қолым қалт еткенде ұлым Йон мен қызым Аниға бұл футболшылардың тарихта қандай орын алатындарын айтып беремін. Ертеректе әкем де Марадона, Зико, Шустер сынды керемет футболшылардың жейделерін сақтап, ағам Микель екеумізге олар туралы «бұлар футболды қалыптастырған тұлғалар» деп айтып отырушы еді.
–Сіздің әкеңіз Перико Алонсо кезінде атақты футболшы болғанын білеміз. Футболшының ұлы болу қиын ба?–Иә. Әкем «Реал Сосьедад» және «Барселона» клубтарында өнер көрсетіп, Испанияның екі дүркін чемпионы атанған. Расын айтайын, әкем ағамды да, мені де «футболға қатыспасаңдар болмайды» деп үзілді-кесілді қинаған емес. Біз бұл жолды өзіміз таңдадық. Ағам Микель бүгінде ағылшын чемпионатының бірінші тобында өнер көрсететін «Чарльтон Атлетик» командасының намысын қорғайды. Әке жолын қуғаннан соң оның атына кір келтірмеуге тырысамыз.
–Өміріңіздің ең қызықты сәтін айтыңызшы.–2005 жылғы Чемпиондар Лигасының финалы естен кетпейді. Мен ол кезде «Ливерпуль» командасында ойнайтынмын. Финалда атақты «Миланмен» кездестік. Бірінші таймның өзінде «Милан» бізді 3:0 есебімен ұтып тұрды. Ойын тағдыры осымен шешілді-ау деп тұрғанда біздің капитанымыз Стивен Джеррард 54 минутта есепті қысқартып, бүкіл командаға «Ояныңдар! Біз жеңеміз!» деп жігер берді. Екі минут өткен соң Шмицер есепті одан әрі қысқартты. Ал, матчтың 60 минутында «Милан» қақпасына пенальти белгіленді. Айып добын Джеррардтың өзі тебуі керек еді. Алайда, Стивен маған таяды да «мен бұл допты соға алмаймын, сен теп» деді. Мұндай сәтте қарсылық білдірудің өзі қиын еді. Тәуекелге бел байладым да допқа жақындадым. Миымда бір-ақ ой болды. Ол – қалайда гол соғу! Төреші тебуге рұқсат беріп, ысқырық шалғанда допты бар пәрменіммен қақпаның сол жақ тұсына қарай бағыттадым. «Миланның» қақпашысы Дида да әзір тұр екен, ол да сол тұсқа секіріп, тебілген допты кері қайтарды. Бірақ кері серпілген допқа бірінші болып өзім жеттім де, екінші рет қақпаға тағы да бағыттадым. Бұл жолы доп қақпа торынан бір-ақ шықты. Қуанғанымнан Стивенге «гол болды ма?» деп сұраппын. Стивеннің жауабы «жоқ, ойын енді басталды» деген сөз болды. Ойынның негізгі уақыты осылайша 3:3 есебімен аяқталып, матч соңынан болған пенальти нәтижесінде біз 3:2 есебімен басым түсіп, Чемпиондар Лигасының жеңімпазы атандық. Бұл күн, бұл матч ешқашан есімнен шықпайтын шығар.
–Бүгінде Сізді не толғандырады?–Өмір болған соң күнде бір проблемаға жолығасың. Алайда, мені қатты толғандыратыны уақыттың тым тез өтетіні. Бір күннің қалай өтіп кеткенін сезбей де қаламын. Сондай-ақ, газеттерді жібермей оқып тұруға тырысамын. Ондағы жаңалықтарды естіп жағамды ұстаймын. Жалпы, адам баласы тым қатыгезденіп бара жатқан сияқты.
Дайындаған: Еркеғали БАЛАЖАНБіздің серіктес: FONBET