Футболы мейлінше дамыған еуропалық клубтарды мысалға алып көрейікші. Олардың бәрінде дерлік мемлекеттік билік тарапынан қолдау бар. Әр бірінде жеке-жеке балалар мен жасөспірімдер мектебі қалыптасқан. Ол жақта допқа ынтаңыз болса жетіп жатыр, сізден тәп-тәуір футболшы шығара алады. Тіпті, сіз алыстағы бір ауылдың түкпірінде жүрсеңіз де, агенттері арқылы лезде тауып алып, өз мектептеріне тартады. Сондай-ақ, ұлттық құрамаларының тізгінін ұстауға лайық бапкерлерден қаржысын да аямайды. Себебі, мақсат біреу-ақ: мемлекет абыройы үшін ғана.
Біздің олардан алатын сабағымыз көп-ақ. Футбол десе, делебесі қозатын балалар тек қана оларда емес, біздің ауылдарда да бар. Спортзалдың жоқтығынан солардың қаншамасы жердің қарайғанын күтуге мәжбүр десеңізші?! Тіпті, жаз шыққанның өзінде де ауылдық, аудандық жарыстар да жиі болып тұрмайды. Cпорттың болашағына жаны ашитын әкімдер мен жергілікті кәсіпкерлер де әр қазақ ауылына бұйыра бермеген. Міне, осыдан кейін-ақ қазақ футболының көсегесі қалай көгермекші?! Рас, футбол мектептері ірі қалаларымызда ғана бар. Бірақ, неге екенін білеймін, сол мектептерден қазақ футболын әлемге танытатын он бір ойыншы әлі шығар емес.
Осындайда ауыл сыртындағы шағын алаңда шаң-шаң болып доп теуіп жүретін қара балалар ойға оралады. Әттеген-ай, соларға бір мүмкіндік жасалса ғой. Қаракөз қарындастарымның «кумиріне» айналатын қазақ футболшысы қай ауылда жүр екенін білмеймін. Әйтеуір, сол баланың барына сенгім-ақ келеді...
Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ