Хавидің «Барселонадағы» дебюті минималды жеңіспен аяқталды

21.11.2021, 16:15
«Эспаньол» да қарап қалмай, гол соғатын мүмкіндіктер туындатты, бірақ сәттілік алаң иелерінің жағында болды.
Хавидің «Барселонадағы» дебюті минималды жеңіспен аяқталды

Хави екі апта бұрын "Барселонаны" тізгіндеген болатын. Кеше клубтың аты аңызға айналған ойыншысы бас бапкер ретінде дебют жасады. Оның командасы "Эспаньолмен" болған дербиде минималды есеппен жеңіске жетті.

"Команданы дұрыс жолға бастау үшін маған қанша уақыт қажет болатынын білмеймін. Бүкіл процесс маған және менің көмекшілеріме байланысты. Осы аптада біз командамен жақсы жұмыс жасадық, ойыншылармен жеке сөйлестік, сонымен қатар маңызды мәселелерді талқыладық. Бірақ бізде уақыт жоқ. Ертең біздің жұмысымыздың нәтижесі – тактика тұрғысынан да, психология тұрғысынан да, нәтиже тұрғысынан да көрінетініне сенемін. Маған "Барселонаның" қазіргі құрамы ұнайды деп айта аламын. Біз бір отбасымыз, бұл нағыз ұжым. Мен өте ризамын. Бірақ бізді нәтижеге қарай бағалайды", - деді Хави ойын қарсаңында. Одан бөлек, "Барселона" әрқашан трофей үшін күресуі керек" деген пікір білдірді.

Әрине, Фати, Педри, Дембеле, Брейтуэйт, Дест және Агуэро секілді ойыншылардың жарақат алуы жығылған үстіне жұдырық болып, "Барселонаның" жаңа бас бапкеріне үлкен қиындықтар туғызды. Бірақ Хави жанкүйерлерді таң қалдырып, 17 жастағы Акомахты негізгі құрамға енгізді. Бұған дейін жас ойыншы бірде-бір рет негізгі командада доп теппеген, ал жастар командасында бар болғаны сегіз кездесу өткізіп, екі гол соққан. Акомахтың шабуылдың сол қапталында ойнайтынын ескерсек, Хави "Барсадан" Мессидің ізбасарын тапқысы келетін секілді.


Бірінші матч бойынша нақты қорытынды жасау мүмкін емес. Хави баптайтын "Барселона" допты толық бақылауға тырысты. "Эспаньолмен" болған матчта каталондық клубтың допқа иелік ету көрсеткіші 75 пайызды құрады. Команда қорғаныста керемет ойнады, шабуылы да жаман болмады. Бірақ қорғанысқа қамалып, 5-4-1 схемасымен ойнаған "Эспаньолдың" қақпасына жақындау өте қиын болды.


"Барселона" жылдам шабуылдар жасағысы келді және позициялық шабуылдарды көбінесе сол қаптал арқылы өрбітті. Онда вингер ретінде әрекет еткен Гави керемет комбинациялар жасады, ал Акомах сол қапталда өзінің өткір дриблингімен көзге түсті. Бір қызығы, "Барселонаның" үзіліске дейінгі алғашқы және ең жақсы гол соғатын мүмкіндігі Акомахта болды, бірақ оның жасаған соққысы қақпадан биік ұшты.

Жалпы, үзіліске дейін "Барса" 11 соққы жасап, төртеуін нысанаға дөп тигізді, бірақ "Эспаньол" қақпасынан саңылау таба алмады. Хави 0:0 есебіне қарамастан, өзінің "Барселонадағы" алғашқы 45 минутына риза болды.

Екінші таймда Акомах алаңға шыққан жоқ. Бұл Хавидің Илиастың ойынына риза болмағанын білдірмейді, бапкер жай ғана шабуылды күшейтіп, гол соғу үшін әр түрлі мүмкіндіктерді қарастырды. Акомахтың орнына шыққан 20 жастағы Абдессамад Эззалзули осы маусымдағы үшінші ойынын өткізді. Ия, енді "Барселонадағы" жаңа есімдерге үйренуге тура келеді.


Екінші тайм бастала салысымен матчтың ең қызық сәтіне куә болдық. "Эспаньол" қақпасының маңында Депайға қарсы ойын тәртібі бұзылып, алаң иелері 11 метрлік айып добын тебуге мүмкіндік алды. Пенальти күмәнді болды, бірақ VAR төрешінің қателеспегенін дәлелдеді, нүктеге келген Депай кездесудегі жеңісті голды соқты.


Гол жіберіп алған "Эспаньол" шабуылға көп көңіл бөліп, төрт қорғаушы жүйесіне ауысты. Бірақ "Барселона" 75-минутқа дейін допсыз жақсы жұмыс істеді, сондықтан қонақ команданың қолынан ештеңе келмеді. Тек Мингеса мен Эззалзули өнер көрсететін қаптал әлсіздеу болды.

"Барселона" ойын соңында абдырап қалды. Хавидің жасаған ауысымдары ойынды әлсіретіп жіберді және "Эспаньол" гол соғатын үш мүмкіндік жасады. Висенте Морено шәкірттері екі рет қақпа бағанын дәл көздесе, бір рет "Барселонаны" қорғаныстағы қателігі үшін кешірді.

"Маған ең қатты ұнағаны – "Барселона" ойыншыларының матчқа деген көзқарасы. Әрине, жақсартуды қажет ететін дүниелер бар. Шындығында, біздің қазіргі жағдайымыз керемет емес, ал "Эспаньол" біз үшін көптеген қиындықтар туғызды. Бірақ тұтастай алғанда бұл лайықты жеңіс болды.

Жанкүйерлер мені керемет қабылдады. Менің "Камп Ноуда" болмағаныма алты жылдай болды, атмосфера қатты өзгерген екен, бірақ маған бәрі ұнады.

17 жасар Илиас Акомах пен 19 жасар Абдессамад Эззалзули керемет ойнады, бұл олардың шынымен де дарынды екенін көрсетті, болашақта бізге көп көмектесетін ойыншылардың командада болуы өте маңызды", - деп қорытындылады Хави.


Жанкүйерлердің бақытына орай, сәттіліктің арқасында Хавидің "Барселона" бапкері ретіндегі дебюті сәтті аяқталды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×