Ирландиялық ақсақал жеңіске батасын берді

10.06.2012, 17:16
Ирландиялық ақсақал жеңіске батасын берді
Испания - Италия

Соңғы екі Әлем чемпионатының жеңімпаздарының тартысымен бұл топтағы алғашқы ойындар да басталмақ. Еуропаның чемпионы соңғы кездері сүреңсіз өнер көрсетіп жүрген Италиялықтарды жеңе ала ма? Испанияда қорғаныс пен шабуыл өтінде кішігірім өзгерістер болғанымен, баяғы жартылай қорғаныс сол күйі қалған.

Хави, Иньеста, Сильва барлығы да қатарда. Оның үстіне жарақатынан айыққан Фабрегасты қосыңыз. Әдеттегідей "қызыл фурия" командасы ойынның көп бөлігінде допқа иелік етуі ықтимал. Бірақ Чезаре пранделлидің айтуынша олар бүгін қарсыластарын өз айып алаңына көп жақындатпауға тырысады екен. Италиялықтар сапында жаңадан келген ойыншылар легі бар. Ночериноға артылған сенім ақталса, "Милан" жартылай қорғаушысы алаңда көп іс тындыруы мүмкін.

Мұндай сараптамалардың барлығы да ойланғанға жақсы әрине. Бірақ, Еуро-2012 матчтарының алғашқылары тіпті ақылға сыймайтын нәтижелермен аяқталуда. Алаңда түрлі жағдай орын алуы ықтимал. Сондықтан да қатып қалған, темірдей берік ешқандай болжам айта алмаймыз. Дей тұрғанымен, Испания командасы алғашқы кездесуді 1:0 есебімен болса да жеңуі тиіс.

Ирландия - Хорватия

Осы додадағы ең жасы үлкен бапкер мен ең жас бапкер арасындағы теке тірес.  Познань қаласында өтетін бұл кездесудің анық фавориті де жоқ. Десе де, соңғы дүбірлі додалардың ешбірінен қалмай келе жатқан Хорватия командасы аралдан келген қарсыластарына қарағанда тәжірибиелірек. 2002-жылы Әлем біріншілігіне шыққан Джованни Траппатони шәкірттері биыл сол кездегі өкініштің орнын толтырмақ. Ойыншыларының көбісі ағылшын премьер-лигасында ойнайтындықтан ирландиялықтарды үйлесімді, бір-бірімен алаңда түсінісе алатын команда деп айтуға болар. Әрқашан шабуылдап, қызуқанды ойнайтын "жасылдар" "шахматтыларды" әбден састыруы ықтимал. Шейн Лонг пен Робби Кин секілді шабуылшылар Плетикоса қақпасына гол соғуы әбден ықтимал. Баспен гол соғуды бір кісідей меңгерген ирландиялықтардың стандартты жағдайларда басымдылығы көрінері сөзсіз. Біздің есеп - 2:1.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×