Испан Премьерасы. Өлі "Барселона"

22.02.2015, 04:57
Испан Премьерасы. Өлі "Барселона"
Соңғы бір айда мақтаудан басқаны естімеген, ойынымен тамсандырған "Барселона" бүгін өз алаңында масқара болды. Масқара болды деген де аз-ау. Иә, "Барса" осы маусымда қонақта да, дәл осы "Камп Ноуда" да жеңілді. Естеріңізде болар, маусым басында "Сельтаға",  Католонияда дәл бүгінгідей есеппен есе жіберген еді. Бірақ, ол ойынмен бүгінгіні салыстыруға келмейді. "Сельтаға" қарсы ойында доп қақпа маңдайшасына, бағанасына 5-6 рет тиіп, қақпашы ондаған соққыны қайтарып, "Барселона" үшін сәтсіз күн болған-тұғын. Дегенмен, "блауграна" алаңда бар еді, қарсылас айып алаңында матч бойы "түнеген" еді, бастысы тірі еді. Ал, "Малагаға" қарсы ойындағы жеңіліс оған мүлде ұқсамайды. Тірі емес, өлі команданың жеңілісі. Кездесудің 7-ші минутында "Малага", Дани Алвестің қателігінен кейін есеп ашқанда, қалыпты жағдай болып көрінген. "Барсаның" өз алаңында бірінші болып гол жібергенін талай көрдік қой. "Эспаньолға", "Вильяреалмен" болған ойындарда дәл осы сценарий болған. Голдан соң, әдеттегідей, қарсыласты өз жарты алаңында "тұншықтыруға" кірісті. Доп аяқта, бірақ мида оны қақпаға қалай дарытар ой жоқ. Месси неге екені белгісіз, Дани Алвестің позициясына дейін түсті. Ал, шабуыл жасауға ұмтылғанда, қарсылас допты тартып алып жатты. Неймарға соққы бағыттау түгіл, пас беруге мүмкіндік бермей жатты. Суарес мүлде көрінбеді. Қонақтар, тек қорғанып қана қоймайб өткір қарсы шабуылдарды ізбе-із ұйымдастырды. Таблодағы есеп 1:1, 2:1 болып өзгеруден гөрі, 0:2, 0:3 болып өзгеру мүмкіндігі жоғары болатын. Қысқасы, допқа иелік ету мен, нәтижесіз бұрыштама доптарын есептемегенде "Малага" толықтай алаң иелерінен басым болды. Тіпті, дәл бағытталған соққылар 1:3! Екінші таймда да сол жағдай өзгермеді. Жаралы арыстандай шайқасады деп күткен "Барселона", екінші бөлікте де алаңда дәрменсіз хәлде болуын жалғастырды. Команданың ойыншыларының бәрі, қарсыластың айып алаңының алдына келгенде "еріп" кетіп жатты. Месси оң қанатта "ұйықтады", Суарес телміріп пас күтумен болды, Неймар сол қанатта бәрін алдаймын деп, босқа күш сарпумен болды. Бұл үштіктің ойыны жүрмесе, бүкіл команданың ойыны жүрмейді деген сөз. Екінші таймда да, бірде-бір бармақ тістетер қауіпті сәт ұйымдастыра алған жоқ. Төреші қосқан қосымша уақыттағы Суарестің ең қауіпті деген соққысы, Камениге еш қиындық туғызбады. Бұл ойынан қорытындылатын дүние, "Барселона" 2-3 жыл бұрын тап болған психолгиялық проблемадан әлі де арылған жоқ. "Баварияға" тапталған, былтыр Атлетикоға сөзсіз тізе бүккен, маусым басында "Реал Мадридке" толықтай "желінген" "Барселонаны" тағы да көрдік. Қорғаныста бір-біріне тығыз ойнайтын, қарсы шабуылдауға қорықпайтын командаға тап болғанда ештенке істей алмайды. Келесі аптада Чемпиондар Лигасы бар. Бір жағынан, осы да "блаугранаға" кедергі болған болуы мүмкін. "Манчестер Ситиге" қарсы іштей дайындалып, Испанияда "Малага" атты команданың барын да ұмытқан болар? Бірақ, бұл "Барселонаны" ақтай алмайды. Не де болса, бұл жұпқа көзқарасымыз өзгерді. Бұндай "Барселонамен" күрескен былай тұрсын, таптауға болатынын "Манчестер Сити" түсінді. Ертең "Реал Мадридте" блаугранадан қайтадан 4 ұпай ұзауға, ал "Атлетикода" "Барсаға" 2 ұпай көлемінде жақындауына мүмкіндік туып тұр. БарселонаМалага 0:1(0:1) Гол: Хуанми, 7
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×