Оралдың ауласында доп теуіп жүрген 15 жастағы өрен бүгінде әлемнің ең үздік академияларының бірі – “Ла Масияның” назарын аударып, аты аңызға айналған “Барселона” клубымен келісімшартқа отырды. Небәрі бір жылдан астам уақыт кәсіби футболмен айналысып, Каталонияны таңғалдырған Кәрім бүгінде Ламин Ямалдың ізімен келе жатыр. Оның бойындағы жоғары жылдамдық пен голдық пас шығару шеберлігі “Барселона” бапкерлерін бейжай қалдырмады. Кәрім Меңдіқанов – каталониялық клубтың жейдесін киген тарихтағы тұңғыш отандасымыз. Ол қалайша екі айдың ішінде “Барса” скауттарының жүрегін жаулады? Испан бапкерлері оның бойынан қандай ерекшелік көрді? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Кәрімнің әкесі Русланның Aladop.kz тілшісі Өнер Айболатқа берген сұхбатында баяндаған шынайы әңгімесі мен баласының болашақ жоспарлары туралы оқи аласыздар.
Кәрім Меңдіқанов "Барселонамен" келісімшартқа отырып, Каталониялық клуб тарихындағы алғашқы қазақ болған еді.
Tribuna.com сайтының мәліметінше, Кәрім Испанияның "Sant Cugat FC" клубындағы жарқын ойынымен "Барселонаның" назарына іліккен екен. Алғашында ол жергілікті “Cerdanyola” клубының сапында доп тепкен еді.
2011 жылы Қазақстанда дүниеге келген ол Испан футболымен жақсы таныс. Меңдіқанов 2022 жылдан бері Каталонияда тұрады.
Жас футболшыға Испанияның жоғары дивизионының бірнеше клубы қызығушылық танытқанымен, ол “Барселонаның” ұсынысын таңдаған.
Кәрімнің футболға деген ынтасы қашан және қалай басталды?
– 6 жасында Орал қаласында аулада байқалды, өзі шамалас балалардың арасында ерекшеленіп тұрды.
Оның бойындағы ерекше талантты ең алғаш кім байқады?
– Бойындағы ерекшелікті алғаш байқаған Сергей Кандаков деген орыс жігіті. Сол ауладан Кәрімді байқап, маған жолығып: “мына балада ерекше таланты бар, өзім дайындасам қалай?” деді. Сосын Кәрім алты ай Сергейдің қол астында жаттықты. Алты айдан кейін Кәрімді жергілікті “Спартак-Уньон” деген командаға тапсырды. Алғашқы бапкері сол кісі. Кандаков қазір “Қайраттың” әйелдер құрамасының екінші бапкері.
Әлемнің үздік академияларының бірінен шақырту алғанда ең алғашқы сезімдеріңіз қандай болды? Бұл жаңалықты Кәрім қалай қабылдады?
– Алғашқы шақыртулар өткен жылдың қазан айынан бастап түсе бастады. Бірінші “Реал Бетис” командасы ұсыныс тастады. Олар бізге билет алып беріп, бір жұмаға Севилья қаласына шақырды. Олар бізге тұратын жерімізді барлығын көрсетті, клубтың басқа балаларымен таныстырды. Сосын бізге “Севилья” командасы байланыс орнатты. Олар да Кәрімді қатты қалады, келісімшарт ұсынды. Одан кейін “Вильярреал”, “Валенсия” клубтары да Кәрімді қатарға қосуға ниет білдірді. Сүйтіп жүргенде “Барселона” пайда болды. Кәрімді екі айдан бері бақылап жүргендерін, көңілдерінен шығатынын айтты. Желтоқсанның 18-і “Барсамен” алғаш кездесу болып, Кәрімді алуға дайын екендерін білдірді. Содан кейін ақпан айында тағы бір кездесу болды, сол кезде толықтай келісімге келдік. Басқа командалардан қарағанда “Барсаның” ұсынысы өте жақсы болды. Басында сенген жоқпыз, өте керемет сезім болды, айтып жеткізе алмаймын. “Барсаның” басшылығымен кездескеннен кейін ғана көзіміз жетті. Мұндай үлкен командаға қосылу кез келген жас баланың арманы.
Испандық бапкерлер Кәрімнің бойынан қандай қасиеттерді ерекше атап өтті? Оларды Кәрім несімен таңғалдырды?
– Кәрім өте жылдам, өте ақылды. Футбоды мимен ойнайды. Пас беруі керемет. Гол көп соқпаса да голдық пастар береді, негізгі артықшылығы сол. Кәрім пас береді, басқалары сол пасты голға айналдырады. Былай олардан “Кәрімнің қай қырын байқадыңдар?” деп сұрамадым. Бірақ оның жылдамдығы мен ойлау қабілеті өте керемет.
Қазір отбасыларыңызбен Каталонияда өмір сүрудесіздер иә? Кәрім Испаниядағы жаңа ортаға, тілге және өмір салтына қалай үйреніп жатыр? Отбасы үшін бұл көшу қаншалықты қиын болды?
– Иә, қазір Барселонадамыз. Кәрімнің қасында мен ғана. Әйелім үш баламен Астанада тұрады. Біз Испанияға бірінші футбол деп келген жоқпыз. Кәрім осында екі, үш жыл білім алды. Испан және Ағылшын тілдерін үйренді. Ол тек былтыр ақпаннан бастап ғана футбол ойнады. Оған дейін тек оқумен болды. Көшеде, аулада ғана доп тепті. Кәдімгідей ойнап бастағанына 1 жыл 3 айдай ғана болды. Басында қиыншылықтар болды әрине, бірақ қазір бәрі жақсы, Құдайға шүкір.
Оның тәртібі мен дайындығын қалай қадағалайсыз?
– Өзім қолдап, өзім қараймын. Тамақтануын, тәртібін бәрін. Қазір “Барселона” Кәрімге жеке нутрицолог тағайындады. Солар да бәрін қадағалап, тексеріп отырады.
Кәрім — Барселона жейдесін киген тарихтағы алғашқы қазақ. Бұл оқиға еліміздегі басқа жас футболшыларға қандай серпін береді деп ойлайсыз?
– Кәрім бұл нәтижесімен басқа балаларға керемет мотивация бола алады. Кәрімге қарап басқа балалар өздеріне сену керек, еңбек ету керек, осындай жетістікке жетуге болатынын білу керек.
Кәрімнің алдына қойған басты мақсаты не?
– Басты мақсат “Барселонаның” негізгі құрамына ілігу, Ямалдармен бірге ойнау. Кәрім қазір өзінен бір жас үлкендермен бірге Ұлттық құрмада ойнап жатыр. Кеше Пәкістанмен ойнап 4:1 ұтты, Әзербайжанмен 1:1 болып, пенальтимен ұтылып қалды. Енді бүгін Қазақстан уақытымен 15:30-да Ресеймен ойнайды. 2009, 2010-дармен бірге жүр, өзі 2011.
Баласын футболға бергісі келетін немесе баласының биік шыңдарды бағындырғанын қалайтын Қазақстандық ата-аналарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Бірінші - балаға сенім, екіншісі - балаға қолдан келгенше көмектесіп, қолдау керек.
Кәрім өзі жалпы қай командаға жанкүйер еді, және қай ойыншыны ең қатты ұнататын еді?
– Сол “Барселона”, Месси, Неймарларды жақсы көреді. Месси оған өз қолтаңбасын қойып, “Барса” жейдесін сыйға тартқан.