“Қайсар” қарызға батты - Клуб тығырықтан қалай шықпақ?

Бүгін, 17:16

Қызылорданың мақтанышы “Қайсардың" басына қара бұлт үйірілді, деп хабарлайды Aladop.kz.

“Қайсар” қарызға батты - Клуб тығырықтан қалай шықпақ?

Соңғы кездері командада орын алған келеңсіздіктер — қызметкерлердің жаппай кетуі, сәтсіз нәтижелер және жанкүйерлердің ашық наразылығы клубтың нағыз хаосқа тірелгенін көрсетіп отыр. Қазіргі таңда клуб ішінде кімнің немен айналысатынын ешкім түсінбейтін деңгейге жеткен.

BAD FOOTBALL телеграм арнасының жазуынша клубтың қазіргі мүшкіл халі инвестордың ашуын туғызған. Инвесторды тек алаңдағы сәтсіз ойындар ғана емес, Бақылау кеңесінің немқұрайлылығы да қатты алаңдатып отыр. Проблемаларды шешуге құлықсыздық танытқан басшылықтан үміт үзген инвестор, енді коммерциялық директорды өз бетінше іздеуге көшкен.

Бұған дейін бұл қызметті атқарған маман жүктелген міндетті атқара алмай, өз еркімен жұмыстан кеткені белгілі болған еді.

Клубтың ең үлкен мәселесі — қаржылық дағдарыс. Қазіргі уақытта “Қайсардың” мойнында 500 миллион теңгеге жуық қарыз жиналып қалған екен, бұл қарыздың қалай өтелетіні және клубтың болашағы не болары әлі де жұмбақ. Мұндай ірі сома клубтың дамуын тежеп қана қоймай, оның лицензиялаудан өтуіне де қауіп төндіруі мүмкін.

Клубта тек қаржы ғана емес, басқарушы мамандар да жетіспейді. Балтаев кеткеннен кейін спорттық директордың орны әлі де бос тұр. Команданың трансферлік саясаты мен спорттық бағытын айқындайтын маманның жоқтығы жағдайды одан сайын ушықтырып жіберген көрінеді.

“Қайсар” басшылығы қазіргі уақытта спорттық директор мен коммерциялық директор лауазымдарына лайықты кандидаттарды шұғыл іздестіру үстінде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×