Испания атағын қорғай ала ма?

30.05.2014, 01:14
Испания атағын қорғай ала ма?
Әлем футболында соңғы 6-7 жыл көлемінде жалғыз өзі көшбасшылықты ешкімге бермей келе жатқан Испания ұлттық құрамасы биыл Бразилия жеріне өздерінің төрт жыл алдын иемденген атақтарын қорғау үшін аттанады. Басталуына дәл екі апта қалған осы сайыста "Қызыл фурия" өкілдерінің мүмкіндіктері қандай? Адамзат тарихында болмаған, аладоптан жарыс өткізіле бастағалы көз көріп, құлақ естімеген дабыралы даңққа испан жігіттері қол соза алады ма? Данышпан бапкер Дель Боске көпшілікті несімен таңырқатпақ? Осы сауалдарға АЛАДОП сайты жауап іздеп көрмек. mundial_ispanya Испания ұлттық құрамасы 40 жылдан астам уақыт бойы күткен жеңіске ең алғаш 2008 жылы жетті. Австрия мен Швейцария жерінде өткен Еуро додада шашасына шаң жұқтырмаған Арагонес жүйріктері қарсылас шақ келтірмей, қарсысына келгендерді жайпап жіберетін ерекше қарқынмен Еуропаның кіл мықтылары арасынан үздік шыққан еді. Араға 2 жыл салып, енді Дель Боске шәкірттері  әлемді бағындырды. Еуропадан жырақта өткен әлем чемпионатында олжа салған әзірге жалғыз команда - осы. 2012 жылғы Еуро бәсекесінде фаворит болғанмен, ешкім Испаниядан жүлде күткен жоқ болатын. Өйткені, Еуропа чемпионатын қатарынан екі рет жеңген команда әлемде болмаған. Украина мен Польша жерінде бұл жігіттер жарқын ойын мәнерімен ерекшеленді деп айту қиын. Команданың бүкіл жеңісін сауатты қорғаныс пен жартылай қорғаушылар сүйреп шығарды. кейбір ойындарға шабуылшысыз шыққан командаға көпшілік күдікпен қараған. Дегенмен, Испания мықтылығын тағы да дәлелдеді. Финалда Италияны 4-0 есебімен тас-талқан қылып жеңуі әзірге кәрі құрлықта "Қызыл фурияға" тең келер ұжым жоқ екенін тағы да дәлелдеді. 1343596563_thprt0klno0 Азғана уақытта Бразилия жерінде жалауы желбірейтін дүбірлі додаға Висенте Дель Боске бапкер ең мықты құрамның бірін ертіп бара жатқандығы сөзсіз. Тіпті, ең мықты құрам болуы да мүмкін. Пиреней түбегінің командасы сапында бұған дейінгі жеңісті жолды тұтасымен басынан кешкен ойыншылар, жеңіс сусынын татуға құмартып жүрген жастар, екі Еуро және бір әлем чемпионатынын қосалқы құрамда отырып-ақ жеңіп жүрген "турист" ойыншылар барлығы сақадай сай күйінде баруға дайын. Испанияда аты аңызға айналған, елдің әлемдік дәрежедегі символдары Касильяс, Рамос, Пике, Хави, Иньеста, Хаби Алонсо сияқты тісқаққан көкжалдарға осы жолы Карвахаль, Аспиликуэта, Коке сияқты бөлтіріктер қосылады. Шыққан тегі бразилиялық Диего Костаны қосып қойсаңыз, жастық пен тәжірибенің керемет қосындысы шығады. Дель Боске бапкер дұрыс жолды сілтей алса, бұл жігіттер білгендерінен жаңылмауға тиіс. Букмекерлердің пікірінше, фавориттер кестесінде  Испания ұлттық құрамасы Бразилия, Аргентина, Германия  құрамаларынан кейінгі орынға жайғасыпты. Демек, турнирдің төртінші командасы деген сөз. Соңғы уақытта осы букмекерлердің пікірімен кәдімгідей санасуға тура келіп жүр. Қандай құдіреті бар екенін кім білсін, әйтеуір жаза баспайды! Енді "Қызыл фурияның" бүгінгі құрамына назар аударайық. Команданың 80% осыдан екі жыл алдын кәрі құрлықты бағындырған жігіттер. Коке, Аспиликуэта, Карвахаль, Диего Коста сияқты жаңа есімдер де бар. Жалпы, команданың әлсіз нүктесі бар деп айтуға келмейді. Бір орынға екі ойыншыдан дайын тұр. Ал, әлем чемпионатынан тыс қалған ойыншылардың өзінен керемет команда жасақтауға болады. Әзірге бұл елдің кеңейтілген тізімі ғана белгілі. Бірнеше ойыншы Бразилиядан тыс қалады. Ал кеңейтілген тізімге ене алмай қалған қаншама дарынды ойыншы бар бұл елде (Иско, Алькантара, Ильярраменди, Рауль Гарсия, Габи т.б.). "Испанияның жеңісті жолы жалғасады" дегенге күмәнмен қарайтындар өте көп. Мысал, ретінде былтырғы Конфедерация кубогін алға тартуға болады. Финалға дейін сүйретіліп жеткен Ла-Роха алаң иелерінен тас-талқан боп жеңілді. Бірақ, сол шағын турнирдің Дель Боске бапкерге ұқтырғаны көп сияқты көрінеді. Команданың әлсіз тұстарын көріп алды. Қай жерінде артық кетті, кімнің шамасы қандай екенін жақсы ұғынып алды. Бірнеше жылдан бері әртүрлі мемлекеттерді бағындырып келе жатқан қолбасшының сенімді әскері үлкен ұрыстан алдыңғы шағын шайқаста жеңіліс тапты. Көреген қолбасшы осы жайттарды назарда тұтып, негізгі ұрысқа әскерін жақсылап дайындауға мүмкіндік алады. 2013 жылғы Конфедерация кубогі Испанияның уақыты өткенін білдіретін қоңыраудан бұрын ұзақ сапарда жүрген кеменің қай жерінде ақау барын сездіретін, дәл уақытында шалынған қоңырау іспетті болды. Биылғы чемпиондар лигасының финалында қос бірдей испаниялық команда бас бәйгеге таласты. Ал, ішкі біріншілікті "Атлетико"жеңді. Және ұлттық құрамаға бірнеше талантты тарту етті. Команданың негізгі фундаментін қос алып "Барса" мен "Реал" ойыншылары құрайды. Соңғы жылдары бұл елді шарпып өткен қаржылық дағдарыс футболға кері әсерін тигізе алған жоқ. Шет елдерге нәпақа іздеп кеткен ойыншылардың барлығы дерлік өз клубтарында орын  таба білді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ұлттық құрама сапында Бенитеске еріп, "Ливерпульге" кеткен аяқдопшылардан басқа өзге чемпионат өкілдері жоқ-ты. Бүгінде Тұманды Альбионның барлық жетекші ұжымдарында, Италия және Германия чемпиондарының қатарында испан жігіттері доп теуіп жүр. Тіпті, сәнге айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Іріктеу кезеңді "Қызыл Фурия" сәтті өткерді. Екі тең ойын бар. Басқасының бәрін жеңді. Францияны екіншы орынға қалдырып кетті. Бұл команда қалай жеңіске жету керек екенін жақсы біледі. Қарсыласын допсыз сабылтып қоюдың қыр-сырын жақсы меңгерген. "Барселонаның" бойтұмарына айналған тики-така ұлттық құрамада да бар. Бірақ, мұндағысы өте азулы, жан-жақты. Тики-така іске аспай жатса, Рамос сияқты құтқарушылар бар. Ойынды өзіне алуға дайын орындаушылар көптеп табылады. Алдыңғы турнирлерде команданың негізгі "моторы" Хави-Иньеста жұбы болған. Бірақ, биылғы маусымды "Барса" сүреңсіз өткерді. Сондықтан, бұл жігіттерге тылдан мықты көмек қажет болады. Сол себепті, Коке сияқты жас таланттар алғашқы минуттардан алаңға шығып жатса, таңғалмаймыз. Команда есепке ойнауды өте жақсы көреді. Испания бірінші доп соққан ойында оларды тізе бүктіру мүмкін емес. Пенальтилер сериясында жолы болғыш ұжым. Бір сөзбен айтқанда, айы оңынан туып тұрған, сәттілікке басқалардан бір табан жақын команда.     Биылғы жылғы құрамға болжам жасап көрейік: Қақпашы: Касильяс(Рейна, Де Хеа) Команда капитаны әрі нағыз көшбасшы. Биыл "Реал" сапында чемпиондар лигасын жеңіп алды. Ұлттық құрама сапында ең көп ойын өткерген аяқдопшы.  Испаниямен бірге ыстық- суықты басынан кешкен санаулы футболшының бірі. Қорғаушылар: Рамос, Пике, Альба, Карвахаль(Аспиликуэта, Альбиоль, Хави Мартинес). Қорғаныс мығым. Жалпы испаниялықтар 2008 жылдан бастап, плей-офф сындарында гол жібірген емес!!! Жартылай қорғаушылар: Хави, Иньеста, Хави Алонсо, Бускетс, Сильва(Коке, Мата, Касорла, Фабрегас, Хесус Навас). Бүгінгі футболдың ұраны "Жартылай қорғаушыларыңды көрсетсең, командаң қандай екенін айтып беремін"- дейді. Дүние жүзіндегі ең таңдаулы орындаушылардан құралған ұжым. Испанияны Испания қылып тұрған да осы жартылай қорғаушылар. 1394106371_diego-kosta Шабуылшылар: Диего Коста, Негредо(Торрес, Педро, Льоренте). 2012 жылы Ла-Роха таза шабуылшысыз-ақ Еуропаны бағындырды. Оның үстіне дәл сол кезеңде мықты сұрмерген де жоқ болатын. Вилья жарақат алды, Торрес формада емес болды(сонда да Эль-Ниньо турнирдің үздік сұрмергені атанды), Негредо бір-ақ ойынға қатысты, Льоренте мүлдем ойнаған жоқ. Биыл бұл олқылықтың орны толықтай жабылды. Диего Коста бар, Негредо, Льоренте бәрі жақсы ойнап жүр. Қай форвардты апарамын деп емес, апармаймын деп бас қатырса болады. Кедергі болуы мүмкін Мотивацияның жетіспеушілігі. Жеңіске деген жігер жетпей қалуы мүмкін. Испанияның жолын бөгеуі мүмкін факторларды сыртқы қарсыластардан емес, команданың өз ішінен қарап көрейік. Мүмкін болған бар атақ-даңқты бойға жинаған аяқдопшылар барын салып, жанын беріп ойнамауы мүмкін. Команданың сөзсіз лидерлері қартайып барады. Бұл турнир Хави, Хави Алонсо, Касильяс, Вилья(егер барып жатса) үшін соңғы мундиаль болуы әбден мүмкін. Хави мен Иньеста жұбының тоқсан минут бойы команданы алға сүйреуге күші жетпей қалуы мүмкін. 74afbb233cbfde9b8d3d624b2dbe7531 Ең соңғысы, қарсыластарының мықтылығы. Бразилия өз жерінде ойнайды; Германия да жартылай финал немесе финалдан қайтып жалыққан шығар; Аргентина, Франция, Италия секілді ұжымдарды да есептен шығаруға болмайды. Оңтүстік Америкада өтетін жарыста чемпион атағын сақтап қалу үшін Дель Боске шәкірттеріне барын салу керек. Еуропада ұтпаған командасы қалмады, енді күллі әлемді тағы бір мойындату үшін азулы америкалықтардан айласын асыра білу керек. Топтық кезеңнің өзінде Голландия мен Чилиден озып шығу үшін біраз күш жұмсауға тура келеді. В тобында екінші орын алған команда Бразилиямен кездессе керек. Олай болған күнде жарыстың ортасына жетпей жатып бір қылкөпірден өтуге тура келеді. Қандай да болсын жарысты жеңіп алғаннан кейін ол атақты қорғап қалу одан да қиынға түсетінін тәжірибелі испан футболшылары жақсы біледі. Және қалай қорғап қалудың да жолын біледі. Егер, осы жолы олар атақтарын қорғап қалса, бұл футбол тарихында алтын әріптермен жазылып қалатын ғажайып команда болмақ! Меніңше, испан жігіттерінің қолынан келеді!!! В тобы: Испания, Голландия, Чили, Австралия     Жәнібек Әбішев              
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×