Чемпионаттар арасындағы әлемдік рейтингте бірінші орындағы «Ла Лига» клубтарының биылғы еврододадағы сапары көңіл қуантпайды. «Барселона», «Реал Мадрид», «Атлетико Мадрид» сынды топ‑клубтарға ие испаниялықтардың ішкі біріншілігі ойдағыдай тартысты өтіп жатса, евроаренада жағдайлары мүшкіл.
Чемпиондар Лигасы мен Европа Лигасының плэй‑оффтық кезеңі басталғалы азуы алты қарыс Пиренеи түбегінің өкілдері өз ойындарын жоғалтып алғандай. 1/8 финалдың шымылдығын ашқан «Валенсия» Франция астанасынан келген «ПСЖ‑мен» теке тіресіп көрді. Ибрагимович секілді марқасқасы бар париждік клуб жергілікті жанкүйерлердің жанарына мұң сыйлап, алаң иелерін тізе бүктірген‑ді. «Жарқанаттылар» допқа иелік етіп, басымдықты өз қолдарына алса да, мүмкіндігін қонақтар дер кезінде пайдалана алып тұрды. Бұл кездесуде 1:2 есебімен «Париж Сан Жермен» жеңіске жетті.
«Валенсияның» ізін ала Чемпиондар Лигасының басты фавориттерінің бірі «Реал Мадрид» испаниялықтардың евросайыстағы сапарын жалғастырды. «Сантьяго Бернабео» стадионында манчестерлік «Юнайтедті» қабылдаған корольдік клуб жасыл алаңда қанша ойқастаса да, қонақтардың қақпасынан бір‑ақ мәрте саңлау тапқан болатын. Тұманды Альбион өкілдері де қарап қалмай, алаң иелеріне бір рет ойынды ортадан бастауына мәжбүр ете алған еді. Ең қызығы, бұл ойында португалдық жұлдыз Роналду «су ішкен құдығына түкірген» болатын. Ойын тең есеппен аяқталып, қос ұжым да ширек финалға шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Әрине, «МЮ‑дың» келесі айналымға өтуі әбден мүмкін. «Олд Траффордта» «қызыл сойқандар» өздерінен басқа, ешкімге төрелік еткізбейтіні белгілі.
Мықтылар сайысының дебютанты «Малага» Португалияға қонаққа барды. Жергілікті «Портуға» төтеп беріп, кездесуді тең дәрежеде ұстап тұра алатындай көрінді. Екінші таймдағы Моутиньоның голы ойын тағдырын шешіп кетті. Осылайша, «Малага» да испаниялықтардың жеңіссіз сериясын жалғастыруға мәжбүр болды. Әрине, қарымта ойын Малага төрінде өтетін болса да, «Портуда» мүмкіндік басымырақ. Себебі тәжірибелілік әрқашан да жеңіске алып баратын жол болып табылады.
Испания біріншілігінің жанкүйерлерінің бар үміті «Барселонада». Кеше кешкілік Миланға қонаққа барған католондық клубтың бұл кездесудің фавориті болғаны белгілі. Тарихы бай «Милан» да қарсыластарының қарқынынан қаймықпай, қорғаныс арқылы керекті нәтижеге қол жеткізе алды. Екінші таймдағы Боатенг пен Мунтаридің голдары атағы жер жарған «Барсаның» Испанияға салбырт көңілмен қайтуына тура келтіре алды. «Ноу Кампта» басымдық «Барса» да болатынын ескерсек те, «Милан» оңай шағылар жаңғақ емес.
Чемпиондар Лигасындағы сәтсіз ойындармен қатарласып, Европа Лигасындағы «Атлетико Мадрид» пен «Леванте» де доданы жалғастырып жатқаны мәлім. 1/16 финалда қазіргі чемпиондар «Атлетико Мадрид» өз алаңында қазандық «Рубинді» қабылдаған еді. Фалькао сынды адуынды шабуылшысы бар азулы «Атлетиконың» бағы өз алаңында да жанбады. Бердиев шәкірттеріне азуын баттыра алмаған мадридтіктер 0:2 есебімен жол берді қонақтарға. Кезінде «Барсаны» «Ноу Кампта» жеңіп, айды аспанға шығарған «Рубин» тағы да мықтылық танытты испаниялық клубтан.
Еврододада испаниялықтарды қуанта алған тек «Леванте» болды. Жоғарыда аталған командаларға қарағанда, атағы аз «Леванте» қазірде испаниялықтардың сенімін ақтаған жалғыз клуб болып тұр. Валенсия қаласының тағы бір өкілі «Олимпиакосты» қабылдап, тас‑талқан етіп жеңе алды. Жауапсыз үш гол соққан алаң иелері келесі айналым босағасынан бір аяқпен аттап тұр десек те болады.
Осылайша еврододадағы Испанияның алты өкілінің бір ғана ұжымы жеңіске жете алды. Иә, көргендеріңіздей, бүгінгі футболда ең мықты құрамаға, ең мықты біріншілікке, ең мықты клубтарға ие Испанияның айы оңынан тумай тұр. Плей‑оффтың алғашқы ойындары испаниялықтар үшін сәтсіз аяқталды. Ендеше барлығын қарымта ойындар көрсете жатыр.
Есет ТӨЛЕШ