Бауыржан Исламхан «Кубань» клубына ауысты

24.02.2013, 03:44
Бауыржан Исламхан «Кубань» клубына ауысты
bbbБүгін «Тараз» футбол клубының ойыншысы Бауыржан Исламхан Ресей премьер лигасында өнер көрсететін «Кубань» футбол клубымен келісім шартқа отырды. Енді Исламхан үш жыл бойы аталмыш клубтың намысын қорғайды. Биылғы ТМД Кубогында тамаша қырынан көзге көрінген Әулиеата өңірінің талантты тумасына «құда түсушілер» аз болған жоқ. Ресей, Украина және Өзбекстан елдерінің белді ұжымдары өз командаларының сапында Исламханды көргісі келетіндіктерін жеткізген. Тіпті көлемді ақша төлейтіндіктері жөнінде де алып-қашпа әңгімелер өрбіген. Алайда «Тараз» клубының басшылығы Бауыржанға ұсынған қаржыға емес, оның болашағына көбірек мән беруді ойлап, соңында Ресей біріншілігінде нәтижелі ойын көрсетіп жүрген, турнир кестесінде «ЦСКА», «Анжи» және «Зенит» командаларынан кейін төртінші орында келе жатқан «Кубань» клубына таңдауы түсіп, үш жылға (2+1 // екі жылдан соң келісімге өзгертулер енгізуге болады) келісім шартқа қол қойылды. Клуб даңқты «Спартак», «Локомотив», «Рубин», «Динамо» ұжымдарын артқа тастап, Еуропа лигасына жолдама алар аймақта келеді. Аталмыш ақпаратты ести сала «Тараз» футбол клубының президенті Талғат Тұрлыбайұлына телефон шалған едік.   Талағт Әпсаматов - Бауыржан әзірге оқу-жаттығу жиындарындағы кездесулерге қатысып жатқан жоқ. ТМД Кубогында алған жарақатынан әлі толық айыға алмай келеді. 3-4 күндік медициналық емдеу процесінің аяқталуын күтпей-ақ ресейліктер Исламханды аттай қалап алды. - Талғат аға, енді Исламханнын клубтағы орнын кім алмастырады? - Былтырғы «Тобыл» сапындағы Константин Головской енді Исламханның алаңдағы орнында ойнайтын болады. Оның Ресей, Болгария және Қазақстан біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, Ресей Кубогының иегері екендігі бегілі. Тіпті оның футболдағы интелектуалды деңгейі Бауыржаннан жоғары. Физикалық тұрғыдан да шымырлау. Ол біз артып отырған сенімнің үдесінен шыға алады деп ойлаймыз. - Осы Қазақстаннан басқа елдердің барлығында дерлік келісім шарт төңірегіндегі барлық әңгімелер ашық айтылады. Құпия болмаса, Бауыржан Исламханның трансферлік сомасы қанша болды? «Кубань» сапындағы жалақысы жөнінде айтсаңыз… - Иә, енді ол туралы әңгіме көпшілік үшін ең қызықты болғанымен, айтылмай қалады. Дегенмен айтайын, Бауыржан Исламхан үшін 200 мың доллар төленді. Алдағы уақытта оның ойыны нәтижелі болып жатса, қосымша тағы сома төленеді. Ал жалақысы жөнінде айта алмаймын. Бірақ Қазақстандағы ойыншылардың жалақысынан әлдеқайда жоғары екендігін жеткіземін.   Нұржан Туғанбай http://kultobe.kz
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×