Ит қауып алды

28.03.2012, 19:22
Ит қауып алды
Футболшыларға әсіре қызба жанкүйерлердің жиі шабуыл жасап жататыны мәлім. Ал жуырда Бразилия елінде өткен бәсекеде ала доп шебері иттен жапа шекті. Гаушу лигасының шеңберіндегі ойында «Нью-Хамбург» пен «Кашиас» командалары өзара шеберлік байқасқан еді. Оқыс оқиға кездесудің 32-минутында орын алды. Алаң иелері кезекті шабуылдарын ұйымдастырып, қонақтар қақпасына гол салған еді, бірақ нәтижелі соққы оффсайд жағдайында тіркелді деп шешкен төреші оны есепке алмай қояды. Соның кесірінен жасыл алаң төрінде кикілжің туып, кездесуде аздаған үзіліс орнайды. Осы сәтте тәртіп сақшыларының бірінің жетегіндегі ит босап кетіп, «Кашиас» командасының ойыншысын қауып алады. Алаңдағы қазы амал жоқ кездесуді тағы да тоқтатып, футболшыға дәрігерлік көмек көрсетуге мүмкіндік жасайды. Абырой болғанда, қонақтар сапындағы әлгі ойыншының жарақаты жеңіл екен, матчты ары қарай жалғастырды. Бұл бәсекеде ит қапқан қонақтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ш.САУЫТБЕКҰЛЫ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×