Мұның алдында алманиялықтар 1990 жылы чемпион атанған болатын. Ең қызығы, әлемнің төрт рет үздігі атағына Германиядан бұрынырақ жеткен Бразилия мен Италия да төртінші атақты 24 жыл күтіпті. Қараңыз: Бразилия – 1970 – 1994, Италия – 1982 – 2006. 3. Бразилия құрамасы өз елінде өткен сында жүлдеден құр қалды. 1950 жылы олар шешуші ойында Уругвайға есе жіберіп, 1:2 есебімен ұтылған болатын. 4. Испания құрамасы топтан шыға алмай, соңғы жылдардағы әлем чемпиондарының антинәтижесін қайталады. 2002 жылы – Франция, 2010 жылы Италия дәл сондай кепке түскен болатын. 5. Аргентина мен Германия әлем чемпионатының финалында үшінші рет жолықты. 1986 жылы Марадона бастаған аргентиналықтар 3:2 есебімен басым түссе, 1990 және 2014-жылдары Германия 1:0 есептерімен жеңіске жетті. 6. Мирослав Клозе әлем чемпионаттарының тарихындағы ең үздік мерген атанып қайтты. Ол биылғы додада Гана және Бразилия құрамаларының қақпасына гол соғып, Роналдоны (Бразилия, 15 гол) басып озды. 7. Германия құрамасы кейінгі 4 әлем чемпионатында да жүлдеге ілікті. 2002 жылы – күміс, 2006 және 2010 жылдары – қола, биыл – бас жүлде. Қатарынан 4 додада жүлдегерлер қатарына кірген басқа ешбір құрама жоқ. 8. Германия құрамасының шабуылшысы Томас Мюллер өзі қатысқан екі чемпионатта бес-бестен, 10 гол соқты. Мұндай жетістікке оған дейін қазіргі отандасы Мирослав Клозе және перулік Тоефилио Кубильяс жеткен болатын. Клозе – 2002 және 2006 жылдары, ал Кубильяс 1974 және 1978-жылдары мергендігімен танылды. 9. Өзбек төрешісі Раушан Ирматов Бразилиядағы додада 4 матчқа төрелік етіп, рекорд жасады. 2010 жылы Оңтүстік Африка Республикасында өткен әлем чемпионатында ол 5 ойында бас қазы болған-ды. Раушанға дейін Жоэль Кинью (Франция), Бенито Арчундия (Мексика) және Хорхе Ларрионда (Уругвай) 8 рет әлемдік доданың финалдық кезеңінде төрелік еткен болатын. 10. Германия құрамасы футбол тарихына әлем чемпионатын Латын Америкасында жеңіп алған тұңғыш команда болып енді. Бұған дейін басқа құрлықтарда Бразилия (1958 жылы – Швецияда, 1970 жылы – Мексикада, 1994 жылы – АҚШ-та, 2002 жылы – Оңтүстік Корея мен Жапонияда), Испания (2010 жылы – ОАР-да) әлемнің ең үздік құрамасы атанған болатын.
Клубтық футболдан шаршағандар Әлем чемпионатын талдау барысында құрамалардың ішкі-сыртқы жағдайларына жіті көз қадауға тырыстық. Сондағы байқағанымыз – қазір әлемде, әсіресе, Еуропада клубтық футбол жолдағысының бәрін жапырып, жалғыз қожа болып келе жатқандай. Сондықтан да футболдан әлем чемпионаты, құрлық біріншілігі сияқты ірі турнирлер қарбалас өмірдің арасындағы бір еркін тыныс іспетті. Клубтық футбол елдер арасындағы шекараны толығымен жойып, африкалықты – еуропалыққа, еуропалықты – азиялыққа, америкалықты «әлем азаматына» айналдырып жіберіпті. Мұның әлем чемпионатына тигізіп жатқан зияны аз емес. Өйткені жыл он екі ай мықты командада доп тепкен шебер ойыншы құрамаға шаршап-шалдығып келеді. Келмейін десе – өз елі. Келейін десе – иығында ауыр маусымның жүгі тұр. Биылғы әлем біріншілігінде 4 жылда 3 ірі жарысты жеңіп алған Испания құрамасының сәтсіздігін осыдан көруге болады. «Қызыл фурия» сапындағы Хави, Иньеста, Фабрегас, Касильяс, Серхио Рамос, Хаби Алонсо, т.б. мықтылар, әрине, футболдағы атақ атаулының бәрін алды. Бірақ олардың осы чемпионатқа қатты шаршап келгенін аңғару қиын емес. Биыл екі еурокубокты да испан командалары ұтып алды. «Реал» мен «Атлетико» Чемпиондар лигасының финалында ойнаса, «Севилья» Еуропа лигасында дара шықты. Бүкіл ерік-жігерін «Реалдың» Чемпиондар лигасын 10-рет ұтып алуына жұмсаған сол Серхио Рамос, Касильяс, Хаби Алонсолар әлемдік додада өздерінің шынайы деңгейінің ширегіне де жете алған жоқ. «Атлетиконың» шабуыл шебінде оқтаулы мылтық болған Диего Коста тіпті қарсыластарға гол пасын шығарып беріп, ұятқа қалды. Чемпиондар лигасының жартылай финалына жеткен «Бавария» ойыншыларының да (Мюллер, Нойер, Лам, Боатенг, Швайнштайгер, Роббен) қатты шаршағаны байқалып тұрды. Германия құрамасы финалда, әсіресе, қосымша таймдарда өте ауыр қимылдады. Ал Еуропа лигасының финалында ойнаған Гарай да (Аргентина) финалда дәл қасынан бұлт ете қалған Марио Гөтсені тұсай алған жоқ. Ал Хави, Иньеста, Месси туралы сөз басқа. Соңғы 3-4 жыл ішінде «Барселонаның» футбол машығы бүкіл әлемге аңыз болды. Тіпті Хавидің матч сайын командаластарына 100-ге жуық дәл пас беретіні ұзақ уақыт термеленді. Бірақ сол қаһармандардың әлем чемпионаты сияқты айтулы додаға құр сүлдері жеткенін кім түсінер?.. Ширек финалда Аргентина құрамасы Бельгияны 1:0 есебімен ұтқан соң, Лионель Месси әкесіне: «Қатты шаршап жүрмін. Бойымды езіп тұратын бір ауыр нәрседен құтыла алмай-ақ қойдым» деп ақтарылғанын оқыдық. Шаршамағанда қайтеді? Испан примерасында жыл сайын 38 ойын өткізеді, Испания кубогы, Чемпиондар лигасы тағы бар. Ара-арасында мұхит асып, ұлттық құрама матчтарына қатысуы керек. Биылғы клубтық маусым аяқталар тұста, шамамен сәуір-мамыр айларында әлемдік ақпарат құралдары: «Месси бұрынғы жарқырауық қалпынан айырылып қалды. Қазір ол футболға жұмыс іспетті қарайтын болды. Шамасы, ол өзін әлем чемпионатына сақтап жүр-ау» деп жорамалдаған-ды. Алайда, қанша сақтаса да, Мессидің футболдан шаршағаны білінбей қалған жоқ. Финалда Мессиге психологиялық емес, ең алдымен физикалық дайындық жетпей қалған сияқты. Голландия «Шахтерді» қайталады ма? Әрбір әлем чемпионаты аяқталған сайын, футбол мамандары, журналистер, қарапайым жанкүйерлер «бұл біріншілік бізге не берді?» деп ойланады. Ендігі футболдың даму бағыты қандай болады? Әлем чемпионатында қандай тактикалық жаңалықтар жүзеге асты? Соның қайсысы іске жарайды? Біз байқаған бірінші жаңалық – жасырын «ондықтар» рөлінің артуы. Мұны Неймар мен Хамес Родригесті мысалға келтіріп-ақ дәлелдеуге болады. Колумбия құрамасының негізгі шабуылшысы Радамель Фалькао жарақатын жазып үлгермейтіні белгілі болған соң, бапкер Хосе Пекерман шабуыл шебінде ерекше бірдеңе ойлап таппаса, қиын болатынын түсінді. Ол ойынға үнемі екі шабуылшы (Гутьеррес пен Ибарбо немесе Рамос пен Мартинес) қосып отырса да, сол екеуінің ешқайсысын нағыз шабуыл өтінде пайдаланған жоқ. Есесіне, олардан сәл артта жүрген Хамес Родригеске ешқандай тұсау салмады. Нәтижесінде, қос қапталдан андыздаған екі шабуылшының алдынан арқан керіп жүрген қарсыластар Родригестің тым еркін екенін, оның алдынан нәтижелі шабуыл жасауға кеңістікті өздері ашып бергенін кеш түсініп, сан соқты. Соның нәтижесінде Хамес Родригес әлем чемпионатының бас мергені (6 доп) атанып қана қойған жоқ, өзін болашақ футбол жұлдызы ретінде де жақсы таныта білді. Неймардың шаруасы да осыған ұқсас болды. Бразилия құрамасының бас бапкері Луис Фелипе Сколари шабуылға Фредті қойып, оған қапталдан Халкті көмекші еткенімен, негізгі қаруы Неймар болатын. Осы тактикаға әбден иек артқан бразилиялықтар Неймар жарақаттанған соң, басқаша ойын тәсіліне бой үйретіп кете алмады. Соңғы екі ойында өз қақпасына 10 гол жіберіп алуы да содан болар. Екінші жаңалық – Голландия құрамасының ойын тәсілі. Бірақ оны жаңалық деу қиын. Өйткені Қарағандының «Шахтері» ұстанатын тактикаға өте ұқсас. Бұл тәсілдің ерекшелігі неде? Қорғаныс шебінде 5 ойыншы орналасады (Көйт, де Врей, Влаар, Мартинс Инди және Блинд). Команда шабуылға шыққан кезде, қос қапталдағы Көйт пен Блинд шабуылшыға айналып кетеді, яғни шабуылдағы адам санын күрт арттырады. Қорғанысқа алаңдайтын ештеңе жоқ, артта кем дегенде үш адам бар. Баяғыда біз тек мықты шабуылшы деп білетін Дирк Көйт осылайша қорғаныстан бір-ақ шықты! Мұны біз бас бапкер ван Гальдің тапқырлығы дер едік. Өйткені Голландия құрамасының қорғаныс шебі эредивизи (Голландияның премьер-лигасы) жігіттерінен жасақталды. Қалай айтсақ та, эредивизи соншалықты элиталық лига емес. Демек, қорғаныс үштігіне тез трансформацияланатын тактика ғана көмектесе алады. Ван Галь осыны анық түсінді және құраманың барын сығып алды десек, қателеспейміз. Үшінші жаңалық, жаңалық деуге келсе – футболшылардың әмбебаптығы. Алаңға шыққан 11 адам реті келсе қақпашы да, қорғаушы да, жартылай қорғаушы да, шабуылшы да бола алуға тиіс. Сондықтан да біз қақпашы Нойердің (Германия) кей ойындарда соңғы қорғаушы рөлін абыроймен атқарғанына куә болдық, Тиаго Силва, Давид Луис (Бразилия), де Врей (Голландия), Хуммельс (Германия) сияқты орталық қорғаушылардың доп соғып қана қоймай, жеңіс голдарының авторы атанғанын да көрдік. Қарсыластар стандартты сәттерді іске асырғанда, Клозе, ван Перси, Игуаин сияқты сұрмергендердің қорғанысқа қатты көмектескенін де тамашаладық. Төртінші, негізгі жаңалық – артқы жартылай қорғаушылардың (опорниктердің) таптырмас тұлғаларға айналуы. Шынын айтқанда, бұл чемпионатта «опорниктері» нашар құрамалар түк бітіре алған жоқ. Есесіне, Швайнштайгер мен Хедирасы (Ламы) бар Германия құрамасы тұғыр биігінен көрінді. Хавьер Маскерано (Аргентина), Найджел де Йонг (Голландия), Карлос Сальсидо (Мексика) сияқты ойыншылар қарсыластың шабуылын қорғаныс сызығында емес, одан өте ерте күтіп алудың тамаша үлгісін көрсетті. Яғни жартылай қорғанысы мықты команданың барлық шебі мықты болатыны тағы бір дәлелденді. Тағы да қос құрлық дуэлі Қанша жерден Коста-Рика ширек финалға жетсе де, Колумбия мен Чили Бразилияны бұрышқа тақаса да, Алжир айбынды ойын көрсетсе де, бұл чемпионат футболдың басты үлгісін қалыптастырушылар – Оңтүстік Америка мен Еуропа екенін тағы айғақтады. Жеребенің аты жеребе, Оңтүстік Америка құрамалары плей-офф кезеңінде бірін-бірі «жеп, тауысып» отырды. Ширек финалда әлемнің 8 үздік құрамасы сапына Кәрі құрлықтың 4 құрамасы (Германия, Франция, Голландия, Бельгия) енсе, олардың қатарын Оңтүстік Америкадан – 3 құрама (Аргентина, Бразилия, Колумбия) және Кариб бассейінен Коста-Рика толықтырды. Финалда Германия жеңіске жетті. Бұл құрама, ақиқатын айту керек, басқа қарсыластарынан құрамы жағынан да, ойын тактикасы жағынан да басым болды. Демек, алдағы жылдарда да осы қос құрлықтың құрамалары көш тізгінін ешкімге ұстатпайды. Азия құрамаларының ешқайсысы бұл жолы топтан шыға алған жоқ. Ал Африканың 5 құрамасының үшеуі алатын ақшасын даулаумен уақыт өткізді. Жарайды, Камерундікі ескі ауру дейік, плей-оффқа шығып тұрып керілген Нигерия мен Ганаға не жорық? Африка құрлығының адамзат көшінің соңында неге ілбіп келе жатқанын олар тағы бір дәлелдеді, басқа ештеңе емес. Қайырымдылық жарысы Алжир, Грекия құрамасының ойыншылары өздеріне тиесілі сыйақыдан бас тартты. Аргентиналықтар да қайырымдылық шараларына жұмсады. Германия құрамасының жартылай қорғаушысы Месут Өзил емге зәру бразилиялық 11 балақайдың, артынша барлығы 23 балақайдың есепшотына ақша аударды. Ізгілік әлемде жоқ дей көрмеңіз. Әлем чемпионаты осыны тағы бір паш етті.Есей Жеңісұлы
Айқын газеті
Біздің серіктес: FONBET