Кеше ғана бутсысын қабырғаға ілгее Вагнер Лав жаттықтырушы атануы мүмкін, деп хабарлайды Aladop.kz.
Бразилиялық сұрмергеннің агенті Эвандро Феррейра футболшының карьерасындағы түбегейлі өзгерістер туралы тіс жарды.
Агенттің айтуынша, Вагнер Лав арнайы курстарды тәмамдап, ресми түрде жаттықтырушы лицензиясын алып үлгерген. Алайда, 41 жасқа таяған футболшы әлі де болса соңғы шешімін шығарған жоқ.
“Қазір ол оқуын аяқтады. Енді Вагнердің жаттықтырушы болар-болмасын ойланып жатырмыз. Әзірге нақты жоспар жоқ. Шамамен бір аптадан кейін оның алдағы қадамдары белгілі болады.” – деді Феррейра.
Агенттің сөзіне сүйенсек, Бразилиялық маман өзінің ең жарқын жылдарын өткізген мәскеулік "ЦСКА” клубына оралуға қарсы емес.
“Әрине, ол бұл нұсқаға қызығушылық танытып отыр. Бірақ бәрі келесі аптадағы шешімге байланысты. Ол жаттықтырушылық жолын таңдай ма, жоқ па – жақын күндері анықталады." – деп толықтырды агент Sport24 сайтына берген сұхбатында.
Естеріңізге сала кетейік, Вагнер Лав 2020-2021 жылдар аралығында “Қайрат” сапында өнер көрсетіп, Қазақстан чемпионы атанған болатын.