Қызылордада футбол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бұрын-соңды болмаған алып жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Aladop.kz.
Сыр елінің намысын қорғайтын клуб үшін заманауи жаттығу базасы, академия және медициналық орталықтың құрылысы қарқын алды.
ЖаркOFF телеграм арнасының хабарлауынша, бұл жобаның ең басты ерекшелігі — оның қаржыландыру көзінде. Жобаның жалпы құны 18 миллиард теңгеден асады, бірақ бұл қаржының барлығы толығымен жеке инвестордың есебінен бөлінген. Мемлекет қазынасына салмақ салмай, жеке сектордың есебінен мұндай нысан салу — отандық футбол үшін сирек кездесетін оң үрдіс.
Жоба аясында не салынбақ?
– Заманауи академия: Жас таланттарды кәсіби деңгейде даярлайтын білім және жаттығу орталығы.
– Төрт мезгілдік база: Негізгі құрамның дайындығына арналған барлық жағдайы жасалған кешен.
– Медициналық орталық: Ойыншылардың денсаулығын бақылайтын және жарақаттан соң оңалтудан өткізетін мамандандырылған клиника.
Бүгінде нысанның алғашқы нәтижелері көзге көріне бастады. Құрылыс жұмыстары белсенді кезеңге өтіп, іргетасы қаланып, ғимараттардың сұлбасы айқындалуда. Бұл кешен пайдалануға берілгеннен кейін, Қызылорда тек өз аймағының емес, бүкіл еліміздің футбол орталығына айналуды көздеп отыр.