Каньястың хет-тригі

11.04.2012, 05:31
Каньястың хет-тригі

«Шахтер» – «Жетісу» – 5:1

Голдар: Джидич, 8-ші минут, Каньяс 28, Нұрғалиев 41, Финонченко 42, Каньяс 47, Каньяс 70.

Ескерту алғандар: Парываев 26, Василевич 49, Юнузович 15.

«Шахтер»: Мокин, Парываев (Габышев 72), Джидич, Василевич, Киров, Арсениджевич (Майкич 65), Каньяс, Вичус, Көкеев (Байжанов 61), Хижниченко, Финонченко.

«Жетісу»: Логиновский, Даутов, Цветкович, Мұжықов, Джалович (Тривунович 50), Михайлов, Юнузович, Нұрғалиев (Щеткин 55), Марич (Сариев 78), Скорых, Коробов.

Төрешілер: Рахымбаев (Алматы), Қошқаров (Алматы), Хасап (Шымкент).

1 -ші сәуір. Астана. «Астана-Арена», 1000 жанкүйер.

1 сәуір күні Қазақстанның футболдан қазіргі чемпионы Қарағандының «Шахтер» командасы өткен жылғы күміс жүлдегер Талдықорғанның «Жетісу» командасын 5:1 есебімен ойсырата жеңді. Біздің командамыз көптен бері мұндай көп доп соқпаған еді.

Өткен жолы Қостанай қаласында 3:1 есебімен ұтылған біздің жерлестеріміз «Ит ашуын тырнадан алады» демекші, бірден қонақтарға бас салды. Ойын басталысымен Виктор Кумыковтың шәкірттері бірден басымдық танытып, ойын тағдырын өз қолдарына алды. Алаңның ортасында жаңадан пайда болған екі ойыншы Каньяс пен Арсениджевич арасында түсіністік байқалды. Соның нәтижесінде «Шахтер» командасына биыл қосылған Каньястың осы ойында жолы болды. Ол алаң ортасында жақсы ойнап, көбіне көп шабуылға шығып жүрді. Сонымен қоса, Жамбыл Көкеевте өзінің бабында екенін танытты. Команда капитаны Андрей Фенонченко мен былтырғы жылғы ең мерген шабуылшы Сергей Хижниченко да жақсы ойын өрнегін көрсетті. Ал қорғаныста боснялық легионерлер Алдин Джидич пен Никола Василевич әдеттегідей сенімді ойнады. Ұлттық команданың қорғаушысы Александр Киров та жап-жақсы ойнады.

Осы жолы «Шахтердің» ойыншылары кілең шабуылға негізделген тамаша футбол көрсетті. Қарағандылықтардың ойластырылған комбинациялары талдықорғандық футболшыларға көптеген ыңғайсыздық тудырды.

Ойынның басында Василевич көзге түсті. Ол жақын маңнан берілген допты штангыдан жоғары жіберіп алды. Дегенмен, кеншілер тез гол соқты. Вичустың ауттан лақтырған добын ол баспен соғып қақпаға енгізді. Бұдан кейін Роджер Каньястың жұлдызы жанды. Колумбиялық легионер екі рет Жамбыл Көкеевтің дәл берген добын қақпаға басымен бағыттай білді. Үшінші допты да Каньяс соқты. Қонақтардың қақпасына жақын жердегі айып добын ол күшті соққымен қақпа кермесінің астына бір-ақ қадады. Сонымен, «Шахтер» командасы 4-ші турда ірі жеңіске жетті. Біздің футболшыларымыз енді ғана өз ойындарын тапқан тәрізді. Осы жолғы жеңіс осының дәлелі. Ойыннан кейін берген шағын сұхбатта команданың бас жаттықтырушылары осы ойын туралы өз ойларын білдірді. «Жетісу» командасының бас жаттықтырушысы Серік Абдулаев:

Бұл жерде не айтуға болды, біздің ойыншыларымыз балалар құсап ойнады. Шын мәнінде бізде жақсы қорғаушылар да қалмаған еді. Ал алдымызда чемпионаттың бүкіл ойындары тұр. Біздің жігіттер өздерін қолына алады деп сенемін. Әлі алдымызда «Шахтер» командасымен өз алаңымызда ойын бар. Кеншілер командасы шын мәнінде жақсы ойнады. Ойын ашық, көптеген шабуыл мен қызықты сәттер болды.

«Шахтер» командасының бас жаттықтырушысы Виктор Кумыков:

Шынында ойын біздің үстемдігімізбен өтті. Алғашқы екі голдан кейін біздің жігіттер сәл босаңсып қалды. Бірінші таймның соңында соғылған қарсы жақтың добы олардың есін жиды. Осы жолы біздің жаңа легионер Роджер Каньяс өзін жақсы көрсете білді. Шын мәнінде оның ойыншылық жолы тәп-тәуір. Ол Колумбияның чемпионы, Ресейдің Премьер-Лигасында ойнаған.

Ол өзінің бұрынғы бабына келсе әлі де үлкен жеңістерге жетуі мүмкін. Футболда ешқандай қателік кешірілмейтініне көз жеткізіп келеміз. Әзірге нақты ештеңе айтуға болмайды, бәрі күзді күні белгілі болады.

Төртінші турдағы басқа командалардың кездесу нәтижесі мынадай болды: «Қайрат» - «Астана» – 0:2, «Тараз» – «Ақтөбе» – 1:0, «Ордабасы» – «Қайсар» – 1:0, «Ақжайық» – «Сұңқар» – 1:1, «Ертіс» – «Атырау»– 1:1, «Тобыл» – «Оқжетпес» – 3:1. Келесі турда «Шахтер» командасы 8 сәуірде Көкшетауда «Оқжетпес» командасымен кездеседі.

Серік Сексенұлы,

«Орталық Қазақстан»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×