«ОҚЖЕТПЕС» ПЕН «ҚАЙСАР» – ҰПАЙ ТАРАТУШЫ

11.04.2012, 08:11
«ОҚЖЕТПЕС» ПЕН «ҚАЙСАР» – ҰПАЙ ТАРАТУШЫ
Футболдан Қазақстан чемпионатының 5 тур ойындары аяқталды. Төрт ойын бойы жеңілмеген «Тараз» сырт алаңда «Жетісуға» жол берсе, «Астана» мен «Ертіс» һәм «Атырау» мен «Тобыл» тең тарқасты. Ал «Ақтөбе» – «Ордабасы» кездесуінде есеп ашылған жоқ. Бұл турда топ басындағылардың барлығы ұпай жоғалтты. «Тараз» соңғы бес кездесуде «Жетісуды» ұта алмай қиналып жүр. Тараздықтар соңғы рет екі жыл бұрын (2010 жылдың қыркүйегінде) жеңді демесеңіз, 2011-2012 жылдардағы ойындарда «Жетісудан» 3 ұпай еншілеу олар үшін басты мәселеге айналды. 5 турда жанкүйер біткен «Астана» мен «Ертістің» ойынына көз тікті. Ойынның басында Игорь Юрин соққан қос голдың арқасында керекуліктер алға шыққан. Алайда ойын аяқталар тұста «Астана» сапынан Нөсербаев пен Рожков есепті теңестіріп кетті. Ал қостанайлық «Тобыл» сырт алаңда «Атырауды» ұта алмады. Ойыннан соң сөз алған «Тобылдың» бапкері Вячеслав Грозный «Алаң иелері жеңіске лайық ойын көрсетті. Атыраудан үш ұпай аламыз деп келген біз үшін бүгінгі тең ойынның өз үлкен жетістік. Біздің сапымызда қазір жарақаттанған Аварченко, Батак, Шливич сынды ойыншылар жоқ. Сондықтан жоспар орындалмады» деп ағынан жарылыпты. «Ордабасы» мен «Ақтөбе» бір-бірінің осал тұсын таба алмай тарқасты. Тарих беттерін ақтарсақ, қос команда осымен 23 ойынын өткізіп, алтыншы рет тең нәтижеге иек артты. Қалған кездесулерде «Ақтөбенің» асығы алшысынан түсіпті – 16:1. Осы төрт ойынның нәтижелері турнир кестесіне біраз өзгерістер әкеліп, командалар «үзеңгі қағыстыра» бастады. Қазір командалар бірі- бірінің ізін ала көшке ілесіп келе жатыр. Алайда, «Оқжетпес» пен «Қайсарда» жағдай мүшкіл. Қос командада қазір «ұпай таратушы» рөлінде. Бес кездесу – бес жеңіліс. Сергей Когай баптайтын «Қайсардың» жыл басында қарқыны қатты еді. Түркия мен Ресейдегі жаттығу жұмыстарында біраз жолдастық кездесулерде сауатты ойнаған еді. Бірақ Қызылорда жұрты үшін қазір жеңісті сәтті көру арманға айналды. Ал «Оқжетпес» біріншілік басталмай жатып бапкер ауыстырып үлгерді. Үш ойында ұтылған соң украиналық Виктор Догодайло еліне кетіп тынды. Оның орнына оның аттасы Виктор Семенов келген. Алайда команда ойынына «қан жүгірмей» тұрғаны… Біріншіліктегі дерби Алматыда өтті. «Сұңқар» Алматыда «Қайратты» қабылдаған. «Оқжетпестен» үш ұпай алып үлгерген Дмитрий Огай командасына бүгін қалайда жеңіс керек еді. Және шаһардың бас командасы дегеніне жетті де. Шотландиялық легионер Стюард Дафф біріншіліктегі алғашқы голын соқса, артынша Йосип Кнежевич командасын алға шығарды. Міне, бес турдан кейін әзірге «Тараз» топ бастап келеді. Оларды «Ертіс», «Тобыл», «Ақжайық» өкшелеп келеді. 5 турдың есеп-қисабы: Бұл турда барлығы 15 гол қақпаға тоғытылды. Оның төртеуі бірінші таймда соғылған. Алты ойында алаңнан қуылғандар болған жоқ. Бірақ төрешілер қалталарынан 20 рет сары қағаз шығарыпты. Турдың ең тәртіпті ойыны «Қайрат» пен «Сұңқар» арасында өтті. Бұл ойында бірде-бір ескерту берілген жоқ. Ал «тәртіпсіз» ойындар – «Атырау» мен «Тобыл», «Жетісу» мен «Тараз» Бұл кездесулердің әрқайсында 6 ойыншыдан ескерту алды. 5 тур ойындарына барлығы 23700 көрермен жиналған. Әр ойынға орта есеппен 3900 жанкүйерден. Ең көп көрермен келген ойын – «Астана» мен «Ертіс» арасындағы матч (8000), ал «Атырау» мен «Тобыл» кездесуіне бар болғаны 1500 адам келіпті.

Руслан МЕДЕЛБЕК

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×