Кәрi құрлықты мойындатуға «Қайраттың» қайраты жете ме?

28.04.2011, 21:10
Кәрi құрлықты мойындатуға «Қайраттың» қайраты жете ме?
Ертең Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында футзалдан УЕФА кубогының финалдық кездесуi басталады. Еуропаның ең үздiк төрт командасы сынға түсетiн сайыста Алматының “Қайраты” УЕФА кубогының бас жүлдесi үшiн бақ сынайды. Наурыз айында өткен жеребе тарту рәсiмiнде алматылықтардың Португалияның “Спортинг” клубымен жартылай финалда күш сынасатыны белгiлi болған. УЕФА-ның жартылай финалына шыққан командалардың қай-қайсысы болмасын осал емес. Десек те, “Спортинг” клубының әлеуетi қандай? “Қайраттың” бұл клубты айналып өтетiндей қайраты бар ма? Ендi соған келейiк. Португалияда кiшi футболдың бас жүлдесi 1990 жылдан берi сарапқа салынып келедi. Осы уақытқа дейiн жиырмасыншы рет өз жеңiмпаздарын анықтаған Португалия чемпионатында “Спортинг” тоғыз мәрте топ жарыпты. Соңғы рет бұл команда 2009/2010 жылғы маусымда iшкi бiрiншiлiктiң жеңiмпазы атанды. Былайша айтқанда, “Спортинг” – Португалияның қазiргi чемпионы. “Спортингтен” кейiн Португалия чемпионатында ең көп топ жарған командалардың бiрi – “Бенфика”. УЕФА кубогының жартылай финалында итальяндық клубпен кездесетiн “Бенфика” – Португалияның бес дүркiн жеңiмпазы. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Италияның “Монтесильвано” клубы өз елiнде бiр мәрте ғана топ жарған. Оның үстiне, итальяндық клуб УЕФА кубогына биыл ғана қатысып тұр. Ал “Бенфика” мен “Спортинг” клубтары болса, ежелден УЕФА кубогының “қонақтары”. Ал ендi салыстыра берiңiз, “Қайраттың” қандай командамен жолы түйiскенiн... Елiмiздiң биылғы iшкi бiрiншiлiгiнде топ жарған “Қайрат” осы уақытқа дейiн бiрнеше жолдастық кездесулер өткiздi. Мәселен, наурыз айында “қайраттықтар” Бразилияның атақты “Сантосымен” алаңға шықты. Жақында Ресейдiң “Сибиряк” командасымен екi бiрдей жолдастық кездесу өткiзiп, екеуiнде де жеңiске жеттi. Ұлттық бiрiншiлiктен кейiн бiраз үзiлiс алып, оқу-жаттығу жиындарын қайта бастаған алматылықтардың сапында анау айтқандай өзгерiс жоқ. Тек командадағы қосалқы қақпашы Ғалымжан Қосмұхамбетов командадан бiраз уақытқа шеттетiлдi. “Қайрат” футзал клубының директоры Дамир Балтабаевтың айтуынша Ғалымжан спорттық режимдi бұзған... Қазақстан бiрiншiлiгiндегi ең үздiк бапкерлердiң бiрi Жоао Барбоза Алматыда өтетiн УЕФА кубогының финалдық кезеңiнде топ жаруды мақсат етiп отыр. Десек те, бразилиялық бапкердiң айтуынша “төрттiк финалға” шыққан команданың қай-қайсысы болмасын осал командалар емес. Кезiнде Ж.Барбоза жеребе тарту рәсiмiнен кейiн журналистерге былай деген-дi: “Мен бiреулерден “Қайраттың” “Монтесильвано” командасымен ойнағанын қалайтынын естiдiм. Сонда не, “Монтесильвано” әлсiз команда ма?! Жоқ, итальяндықтар әлсiз емес. Олар соңғы iрiктеу турнирiн Екатеринбургте өткiздi. “Виз-Синара”, “Араз” сынды мықты клубтардың арасынан озып шыққан команда осал болушы ма едi... ...Бұл жерде төрт команданың мүмкiндiгi бiрдей. Бiрақ бiздiң команда Алматыда ойнайды. “Қайраттың” артықшылығы да осында. Қарсыластардың бәрi футзалды жоғары деңгейде меңгерген. Бiздiң мақсат өз жерiмiзде өтетiн турнирде топ жару. УЕФА кубогының бас жүлдесiн жеңiп алу менiң ғана емес, көптеген бапкерлердiң де арманы...”. “Қайраттың” қазiргi құрамы негiзiнен бразилиялық ойыншылардан жасақталған. Десек те, ала допты ұршықша үйiретiн бразилиялықтардан қазақтың қара домалақ жiгiттерi де қалыс қалар емес. Бүгiнгi таңда “Қайраттың” сапына Серiк Жаманқұлов, Дiнмұхаммед Сүлейменов, Әсет Жақсыбаев сынды жiгiттер қосылған. Жалпы команданы бразилиялық футболшылармен жасақтау әлемдiк тәжiрибеде бар. Мәселен, Еуропаның кез келген елiнiң командаларын алып қарайтын болсақ, барлығында бразилиялықтардың доп теуiп жүргенiн байқаймыз. Тiптi кейбiр елдiң құрамында (мәселен, Чехия, Әзiрбайжан) бразилиялықтардың да жүргенiн көзiмiз көрдi. Жалпы, “Қайраттың” тарихына көз жүгiртер болсақ, алматылықтар 1998/99 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан ел бiрiншiлiгiнде 8 мәрте топ жарып, 8 мәрте Қазақстан кубогын жеңiп алған. УЕФА кубогына 2004 жылдан берi қатысқан “Қайрат” 2008-09 жылғы еуромаусымда УЕФА кубогының қола жүлдегерi атанды. Кезiнде “Қайраттың” намысын қорғаған Юрий Бутрин, Рикардо Какау, Этьен сынды ойыншылар Еуропа сындарында ең көп доп соққан ойыншылар. Бұлардың әрқайсысы УЕФА кубогы жолындағы жарыста қарсыластарының қақпасына он бiр голдан соқты. “Қайрат” пен “Спортинг” клубы арасындағы жартылай финалдық ойын Алматы уақыты бойынша сағат 18.30-да басталады. Бұл ойынды жанкүйерлер “Еларна” телеарнасынан тiкелей эфирде тамашалай алады. Сондай-ақ Ресейдiң “Еуроспорт” телеарнасы да УЕФА кубогының финалдық кезеңiнiң ойындарын тiкелей эфирден көрсетедi. "Жас алаш"
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×