
Өткен жексенбі күні футболдан Қазақстан Премьер-лигасының алғашқы айналымы мәресіне жетті. Осы орайда назарларыңызға бірінші айналымдағы жайттармен бөлісеміз.
- Былтырғы статистикамен салыстырғанда, биыл бірінші айналымда командалардың ұпай жинау көрсеткіші өте жоғары. Мысалы, 2024 жылы «Ордабасы» бірінші айналымда 25 ұпаймен топ бастаса, 2025 жылы «Астана» 33 ұпаймен 1-орында тұр. 4-орындағы «Ақтөбенің» өзінде 26 ұпай бар.
- 13 турдың қорытындысы бойынша, қарсылас қақпасына ең көп 29 гол соққан клубтар - «Астана» мен «Қайрат». Қос клуб өзгелерден айқын басымдықпен озып тұр. Ал ең аз 8 гол соққан «Ұлытау» турнир кестесінің 11-орынына жайғасқан. Бір қызығы, жезқазғандықтар 4 тур бойы қатарынан қарсылас қақпасынан саңылау тауып (3 жеңіс, 1 тең) келеді.
- Ең аз 8 гол өткізген «Тобыл» командасы турнир кестесінің 3-орынында тұр. Қостанайлықтар биылғы маусымда 5 ойында қақпаларын аман сақтаған. Екінші орында 11 голмен «Елімай» мен «Ордабасы» тұр. Ал 35 мәрте допты өз қақпасынан алып шығуға мәжбүр болған «Атырау» соңғы орынды түйіндеді. 2024 жылы «мұнайшылар» бірінші айналымда небәрі 7 гол ғана жіберіп, үздік атанып еді.
- Қақпашылардың арасынан ең көп 93 соққыны «Қайсар» қақпашысы Нұрымжан Салайдин қайтарған. Салыстырмалы түрде 2024 жылы бірінші айналымда «Шахтер» қақпашысы Егор Цуприков ең көп 41 соққыны қайтарған.
- Өз алаңында жеңілмеген бір ғана клуб бар. «Тобыл» клубы өз алаңында 5 рет жеңіске жетіп, 1 мәрте тең түсті. Ал сырт алаңда «Астана» клубы сәтті өнер көрсетіп келеді. Елордалықтар 5 жеңіс, 2 тең көрсеткіш тіркеген.
- Сырт алаңда «Атырау» клубы ғана әлі бірде-бір ұпай ала алмады.
- 182 матчта 27 мәрте пенальти белгіленіп, оның тек 23-і сәтті орындалды. Ең көп 5 пенальтиді «Қайрат» мен «Астана» орындаса, «Тобыл» және «Ақтөбе» футболшыларының пайдасына әлі пенальти белгіленбеді. Ең көп «Қайсар» қақпасына 4 рет пенальти тебілді. «Қайсар» - «Астана» ойынында ең көп 3 пенальти тіркелді.
- Ең көп 59 мәрте сәтті дриблингті жасаған «Ақтөбе» клубының ойыншысы - Жайро Жан.
- Қарсылас қақпасына ең көп 49 тура соққы бағыттаған «Қайрат» клубының шабуылшысы Жоржинио. Ол бірінші айналымда 5 гол соқты.
- Бірінші айналымда ең көп 6 сары қағаздан «Ақтөбе» футболшысы Бағдат Қайыров пен «Жеңіс» ойыншысы Исламбек Қуатқа көрсетілді.
- Биылғы маусымда ең дөрекі ойын «Ақтөбе» мен «Қайраттың» арасында өтіп, 11 сары қағаз және 2 қызыл қағаз көрсетілді.
- 2 наурыз күні «Астана Арена» стадионында «Астана» - «Қайрат» матчын рекордтық 26 153 жанкүйер тамашалады.
- OLIMPBET QFL Премьер-лигасында гол соққан ең жас футболшы – 16 жастағы Дастан Сәтпаев. «Қайраттың» шабуылшысы тек гол соғып қана қоймай, 8 голмен бірінші орында тұр.
- Бірінші айналымның қорытындысы бойынша, «Ақтөбе», «Жеңіс», «Қызылжар», «Тұран», «Атырау» клубтары бас бапкерін отставкаға жіберді.
Біздің серіктес: FONBET