Қазақстан Премьер-лигасының 13-туры: алғашқы күні сенсация тіркеле ме?

21.06.2025, 16:41

21-22 маусым күндері Қазақстан Премьер-лигасының бірінші айналымындағы соңғы ойындар өтеді. Бүгін 5 ойын жоспарланған.

Қазақстан Премьер-лигасының 13-туры: алғашқы күні сенсация тіркеле ме?

«Қайрат» (Алматы) – «Қызылжар» (Петропавл)
Басталуы: 18:00
Өтетін орны: «Орталық» стадионы (Алматы)
«Қайраттың» жеңісі – 21
«Қызылжардың» жеңісі – 12
Тең ойындар – 8

Қос ұжымның арасындағы ойын үнемі тартысқа толы болады. Өткен жылы Гиоргий Зарианың алыстан тепкен добымен ғана алматылықтар жеңісті жұлып алып еді. Осы жолы да матч тағдыры жеке шеберлікпен шешіліп кетуі мүмкін. Көрсеткіштерге назар аударсақ, «Қайрат» үнемі бұл ұжымға қарсы кездесулерде ұпай алады. Бірақ ірі жеңіс тіркелмейді. Қонақтар кейінгі 4 турдың үшеуінде тең тарқасып, біреуінде ғана есе жіберді. Осы жолы да қонақтар оңайлықпен 3 ұпай беріп қоятынына сенбейміз.

 

«Жеңіс» (Астана) – «Атырау» (Атырау)
Басталуы: 18:00
Өтетін орны: «Астана Арена» (Астана)
«Жеңістің» жеңісі – 10
«Атыраудың» жеңісі – 10
Тең ойындар – 4

2024 жылдың статистикасына үңілсек, «Атырау» клубы қос ойында да жеңіске жеткен. Бірақ дәл қазіргі сәтте статистиканы айтудың жөні жоқ. Өйткені «мұнайшылар» небәрі 14 ойыннан кейін 4 ұпай ғана жинаған. Бірінші лигаға ұшуға да басты фаворит. 13 тур бойы жеңістің дәмін татпаған қонақтарды 3 ұпай алады дегенге сену қиын. «Жеңіс» клубы чемпионатта өте аз гол жіберген командалардың қатарына кіргенімен, ұшу аймағында тұр. Жаңа бас бапкердің тізгіндеуімен «Жеңіс» өткен турда бірінші рет 3 ұпай алып еді. Бүгін сол жолды жалғастырып, ұшу аймағынан шығуға жақсы мүмкіндік туып тұр.

 

 «Тобыл» (Қостанай) – «Жетісу» (Талдықорған)
Басталуы: 20:00
Өтетін орны: «Орталық» стадион (Қостанай)
«Тобылдың» жеңісі – 34
«Жетісудің» жеңісі – 14
Тең ойындар – 15

Қос ұжым Қазақстан кубогының 1/8 финалында кездесіп, қостанайлықтар тек экстра-таймда жеңісті жұлып алып еді. Қағаз жүзінде «Тобыл» айқын фаворит. Біріншіден, жеңіліссіз сериясы 6 матчты құрайды. Екіншіден, алаң иелері турнир кестесінің 3-орынында тұр. Салыстырмалы түрде қонақтар турнир кестесінің төменгі бөлігінде орналасқан. «Жетісу» клубы «Ақтөбе», «Қайрат» сында ұжымдардан ұпай алып үлгерді. Осы жолы да қонаққа ұпайдан дәмелі. Өте қиын болады. Бірақ «Тобылға» 3 ұпайды оңайлықпен ұстата қояды деп ойламаймыз.

 

«Елімай» (Семей) – «Тұран» (Түркістан)
Басталуы: 20:00
Өтетін орны: «Спартак» стадионы (Семей)
«Елімайдың» жеңісі – 4
«Тұранның» жеңісі – 1
Тең ойындар – 1

Легионерлерге байланысты заңның күшіне енуіне байланысты қос клуб та зардабын тартуда. Чемпионатта негізгі құрамда ең көп легионерлерге сенім артатын «Тұран» өткен турда тек қазақстандық футболшыларды жасыл алаңға шығарды. Нәтижесінде жеңіліске ұшырады. «Елімай» ақырындап футболшыларымен қоштасып жатса да, ойыншылар құрамы жағынан жағдайы жақсы. Өз алаңын мықты бекініске айналдырған. Биылғы маусымда «Астана» мен «Оқжетпестен» жеңілгенімен, «Елімай» өз жерінде үнемі фаворит ретінде қала бермек. Бұл ойында өткен маусымдағыдай (6:0) ірі жеңіс қайталануы ғажап емес.

 

 «Оқжетпес» (Көкшетау) – «Ордабасы» (Шымкент)
Басталуы: 21:30
Өтетін орны: Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадион (Шымкент)
«Оқжетпестің» жеңісі – 12
«Ордабасының» жеңісі – 22
Тең ойындар – 9

Осы турдағы қызықты матчтардың бірі. Алайда «Оқжетпес» номинальды алаң иесі болғанымен, ойын «Ордабасының» стадионында өтеді. Оған себеп, Көкшетаудағы стадионның жөндеу жұмысына байланысты жабылуы. Бірақ «Оқжетпес» сырт алаңда да жақсы доп тебеді. Өткен турда «Астанаға» қарсы кездесуде 2 доп басымдығын уысынан шығарып алды. Алматыда «Қайратты» жеңіп кетті. Букмекерлер де айқын фаворитті айта алмай тұр. «Ордабасы» кейінгі 3 турда аутсайдер саналған «Ұлытау», «Жеңіс», «Елімайды» жеңе алмай қойды. Тіпті жеңілістен соңғы минуттарда аман қалды. Осы жолы қалай болар екен? Қонақтар Шымкенттің ыстығына шыдай ма?

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

футбол
Aladop Youtube
×