
«Манчестер Сити» бас бапкері Хосеп Гвардиола Абдукодир Хусановтың жағдайына қатысты ой-пікірін айтты.
Естеріңізге сала кетсек, 21 жастағы қорғаушы соңғы рет 30 наурызда Англия кубогының ширек финалында «Борнмутқа» қарсы матчта (2:1) өнер көрсеткен болатын. Хусанов бірінші таймда ойнап, үзілісте алмастырылды. Содан бері сәуір айындағы бір де бір ойынға қатысқан жоқ. Алты матч қатарынан бірде қосалқы құрамда отырса, енді бірінде мүлде тізімге енбеді.
Кейбір БАҚ беттерінде Хусанов пен Гвардиоланың арасында жанжал болған деген сыбыс тараған және осы жағдай оның негізгі құрамнан шеттетілуіне себеп болды делінген. Алайда бұл ақпарат расталмады.
35-тур аясында «Вулверхэмптонға» қарсы матч алдындағы баспасөз мәслихатында Гвардиолаға осыған қатысты сұрақ қойылды. Испаниялық маман Хусановты неге «Борнмутқа» қарсы матчта ауыстырғанын түсіндіріп, командада қазір жақсы тепе-теңдік қалыптасқанын тілге тиек етті.
«Оны алмастыруымның бір себебі — Хусановтың сары қағаз алуымен байланысты. Тәуекел еткім келмеді. Біз сол жақ қанатта қысымды күшейтуді қаладық. Иә, бізде Витор Рейс пен Хусанов бар, бірақ олар әлі өте жас. Бұл жағдай бастапқы құрамдағы орныңды немесе келесі матчта міндетті түрде ойнайтыныңды қалыпты нәрсе ретінде қабылдауға болмайтынын көрсетті», - деді Х.Гвардиола клубтың ресми сайтына.
Айта кетейік, Абдукодир Хусанов биыл қаңтарда «Ланс» клубынан «Манчестер Ситиге» 40 миллион еуроға ауысқан болатын. Содан бері өзбекстандық футболшы АПЛ-де 6 матчқа қатысты.
Біздің серіктес: FONBET