КІМ БАЙ, КЕДЕЙ КІМ? (Командалар қаржысын санасақ)

11.04.2011, 14:37
КІМ БАЙ, КЕДЕЙ КІМ? (Командалар қаржысын санасақ)

Ел чемпионатының 5-6 тур қатарласа өтіп, көш басында «Ақтөбе» мен «Жетісу» үзеңгі қағысып келеді. Біріншіліктің бірінші айналымы бел ортадан асты. Командалардың әл-ауқаты да белгілі бола бастады. Біздің чемпионатта бюджеттің алар орны бөлек. Қай команданың қалтасы қалың сол мықты. Әрине, бірінші кезекте бұл жайтқа облыс әкімінің тікелей қатысы бар. «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» демекші, Шығыс Қазақстан облысының «Восток» һәм «Елім-ай» (қазіргі – «Спартак») командаларын бірдей ұстап отыру шығыс қазақстандық әкімдіктің қолынан келмей отыр. Сондықтан, ел футболының шежіресіне талай тарихты қаттаған семейлік команда қазір жетімнің күйін кешуде. Ал «Спартакқа» Семей қалалық әкімдігінің бөліп отырған қаржысы, жыртыққа жамау.  Қазақстан футболында ақша мәселесі жиі орын алып тұрады. Былтырғы маусымда «Қайрат» қаржы тапшылығынан құрдымға кете жаздағаны есімізде. Биыл мұндай мәселелер орын ала қойған жоқ. Яғни, командалардың әмиянында қаржы бар. Бірақ әркім өз әліне қарай шабатынына көз жетті. «Ақтөбе» командасына облыс әкімдігінен бөлінген қаржы биыл тағы өсті. Маусым алдында шетелде ең көп оқу жаттығу жиынын өткізген де осы «Ақтөбе» командасы. Демек, биылғы маусымға «Ақтөбе» он миллион доллардан астам қаржымен кірісті деген сөз. Ал «Атырау» мен «Жетісудың» биылғы маусымға бөлінген қаржылары шамалас. Серік Үмбетов «Жетісудің» қорына 900 миллион 400 мың теңге бөлген. Ал «Атыраудың» қаржысы 900 миллион теңге. Бұл Атырау облысының әкімдігінің футболға жасап отырған қамқорлығы. Осы тұста «Жетісу» мен «Атыраудың» қаржысын долларға шаққан бағамын жарияласақ, 6 млн доллардан асады. «Жетісу» маусым алдында командағы Сергей Остапенко, Улукбек Бакаев сынды мықтыларды да қатарына қосты. Өзбекстан, Түркияға барып, оқу жаттығу жиынына қатысты. Осының барлығына талай қаржы бөлінді. Дегенмен, команда кеткен қаржыны ақтап жатыр қазірде. «Жетісу» ойынынан жинақылық байқалады. Сіз білесіз бе? «Ақтөбе» капитаны Самат Сымақовтың айлығы 5-7 мың долларды құрайды. Нұрбол Жұмасқалиев та осындай көлемде жалақы алады. Футболшылар ұлттық құрама сапында ойнағаны үшін ешқандай жалақы немесе сыйақы алмайды. «Астана Арена» стадионында бір ойын өткізу 143 мың теңге тұрады (1 сағаты) Қарағандылық «Шахтердің» де қалтасы биыл қалың – 8 миллион доллар. Өткен маусыммен салыстырғанда үш миллионға көп. Бұл туралы команда басшысы Ерден Халилин мәлімдеген-ді. Павлодардың «Ертіс» командасы биылғы маусымға кем дегенде 7 миллион доллар қаржымен қатысуда. Командаға шетелден біраз ойыншылар алынды. Қостанайдың «Тобыл» командасын еліміздегі бай клубтардың бірі саналады. Маусым алдында Италия, Кипр елдеріне барып оқу жаттығу жиынын өткізген Сабитовтің командасы қаржы жағынан қысылмас. Тағы бір айта кетерлік жайт, чемпионат алдында команда құрамы 80% жаңарды. Яғни құрам жасақтауға да біраз қаржы кеткені айтпаса да түсінікті. Өткен жылы қаржыдан қатты қысылған «Қайраттың» беті бері қарады. Ахметжан Есімов мырза бөлген қаржы да біршама – 700 миллион теңге. «Локомотив» командасы биылғы маусымға арналған бюджетін жариялаған жоқ. Десекте, еліміздегі ауқатты «Қазақстан темір жолы» компаниясы қаржыландыратын команданың қалтасы таяз деуге келмейді. Командаға Нұрбол Жұмасқалиев, Андрей Карпович сынды мықтыларды жинаған команда кедей емес-ау шамасы. «Восток» пен «Ордабасының» жағдайы жақсы. Бірақ командаларға маусым аяғына дейін тағы біраз қарды қажет болуы ғажап емес. Қос команда да қаржы жағын жариялаған жоқ. Десекте, «барға қанағат» десіп отырған командалар. Ал «Тараз», «Қайсар» командаларының бюджеті биыл біраз өскенімен, басқа командалармен салыстыруға келмейді. Аталмыш командалардың басшылары жұртшылыққа әмиянының түбіндегі көк қағаздың көлемін айтқан жоқ. Мүмкін жариялаудан ұялғанда болар, кім білсін? «Тараз» қыста екі рет Түркияға барды демесеңіз, басшылық жақтан бөлініп жатқан қамқорлық аздай көрінді бізге (Айтпақшы «Тараз» командасының сәтсіздіктер тізбегінен кейін бас бапкер Ваит Талгаев өз орнын босатты). «Қайсар» қазір «шықпа жаным, шықпаның» күйін кешіп отыр. Міне, ел біріншілігінде бақ сынап жатқан командалардың қаржысын санап шықтық. Бай командалар жанкүйерлеріне жиі қуаныш сылайтыны да бізде аксиомаға айналған. Қалтасы таяз команда ілініп салынып, маусымның соңына жеткендеріне қуанатын заман туды біздің футболда. Ақшаң болса жеңіске жету оңай. Ал қаржысы аз команданың да жеңіске жетуге құқығы бар. Бірақ біздің футболда қалталы команда алтын алатыны баяғыда дәлелденіп қойған. Руслан МЕДЕЛБЕК

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×