Конференция Лигасы туралы не білуіміз керек?

Ернар Ламқадыров
Бас редактор
26.12.2020, 23:35
Бұл турнирге Қазақстанның атынан «Тобыл», «Астана», «Шахтер» клубтары қатысады.
Конференция Лигасы туралы не білуіміз керек?

УЕФА Конференция Лигасы дегеніміз не?

Конференция Лигасы - УЕФА-ның үшінші клубтық жарысы. Ол УЕФА Чемпиондар Лигасымен және УЕФА Еуропа Лигасымен қатар өтеді. УЕФА Атқарушы комитеті турнирді құру туралы шешімді 2018 жылдың желтоқсанында мақұлдады.

Алғашқы маусымы қашан болады?

Турнирдің шымылдығы 2021/22 жылғы маусымда түріледі. Толық күнтізбе кейінірек жарияланады.

Конференция лигасына қай командалар қатысады?

Топтық кезеңге тікелей билеттер болмайды. Бұл кезеңге 32 команда шығады:

• Конференция лигасының басты бағыты бойынша 17 клуб;

• Конференция лигасының Чемпиондар жолы арқылы 5 клуб;

• Еуропа лигасына жолдама алар тұста, яғни плей-офф кезеңінде жеңілген 10 клуб

Қатысушылардың толық тізімі кейінірек пайда болады.

Турнирдің форматы қандай болады?

Төрт командадан тұратын сегіз топ болады. Содан кейін плей-офф кезеңі, 1/8 финал, ширек финал, жартылай финал және финал өтетін болады.

Конференция лигасының сегіз тобының жеңімпаздары тікелей плей-офф кезеңіне өтеді. Екінші орын алған командалар Еуропа лигасының топтық кезеңінде үшінші орын алған командаларға қарсы ойнайды.

Конференция лигасында 15 ойын аптасы және 141 матч болады - жаңартылған Еуропа лигасындағыдай.

Жеңімпаз не алады?

Трофей және келесі маусымдағы Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама.

Неге жаңа турнир қажет?

Еуропалық жарыс құрылымының арқасында кем дегенде 34 ұлттық қауымдастықтың командалары УЕФА клубтық жарыстарының топтық кезеңінде өнер көрсетеді.

УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне кем дегенде өз елінің 14 чемпионы қатысады. Еуропа лигасының топтық кезеңінде мұндай командалар саны 8-ден 11-ге дейін болады. Конференциялар лигасының топтық кезеңіне - өз елінің чемпионы атанған 9-12 команда қатысады. Барлық УЕФА қауымдастықтары барлық үш турнирге өз өкілдерін жібереді.

УЕФА президенті Александр Чеферин: "УЕФА-ның жаңа клубтық сайысы еуропалық жарыстарды бұрынғыдан гөрі инклюзивті етеді. Клубтарың көптігіне байланысты матчтардың саны да көбейеді", - деді бұл турнирдің құрылуы туралы.

Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында өзгеріс бола ма?

Чемпиондар лигасы ешқандай өзгеріске ұшырамайды.

Еуропа лигасында топтық кезеңге қатысушылардың саны 48-ден 32-ге дейін қысқарады. Яғни 12 емес, сегіз топ болады.

Еуропа лигасының сегіз тобының жеңімпаздары тікелей плей-офф кезеңіне өтеді. Екінші орын алған командалар Чемпиондар лигасының топтарында үшінші орын алған командаларға қарсы ойнайтын болады.

Еуропа лигасында өнер көрсететін командалардың схемасы да өзгереді. Топтық кезеңде алдыңғы Конференция Лигасының жеңімпазы, ұлттық турнирлерде ойнайтын 11 команда (АПЛ-де 5-7 орын алған командалар, т.с.с), Еуропа Лигасының квалификациясынан өткен 10 команда және Чемпиондар Лигасына жолдама алар тұста, яғни плей-оффта жеңілген 10 команда қатысады.

Конференция лигасының матчтары қашан ойналады?

Бейсенбі күндері. Еуропа лигасының матчтарымен бір уақытта. Матчтар екі уақыт аралығына бөлінеді деп жоспарлануда - 23:45 (бұрынғыдай 23:55 емес) және 02:00 (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша).

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×