Испандағы осы маусымның мәресі кубоктің финалы болғалы отыр. Бүгін түнде шешу ойында екі апта бұрын чемпион атанған "Барселона" мен қайсарлық қанына сіңген "Атлетик Бильбао" жолығады.
"Атлетик"-"Барселона"
Стадион: "Камп Ноу".
Басталу уақыты: 01:30
Бас қазы: Веласько Кабральо
Еуропадағы азулы клубтардың арасында әрқашан да ел кубогына салқын қарау байқалады. Турнирдегі жеңіс бай клуб үшін болмашы қаражат қана береді. Онымен қоса Еуропа Лигасына жолдама ала алады. Әрине, чемпионатта алтын мен кем дегенде Чемпиондар Лигасының орнына таласып жүрген команда үшін бар күш салып ойнаудың қажеті де жоқ. Алайда, бастапқы кезеңдерде сүрінбей, финалға жеткен екенсің, ендеше басталған істі аяғына дейін жеткізу керек деген ой да болады. Барселонаның да бүгінгі мақсаты сол. Онымен қоса, Гвардиола кезіндегі "Барсадан" кем түспейміз деп жүрген Луис Энрике шәкірттері матчта барын салады. Оған күмән жоқ.
Бильбаоның "Атлетигі" бұл маусымда Еуропа Лигасына жолдама алып та қойды. Команда маусымды сүреңсіз бастаған еді. Чемпиондар Лигасының топтық турнирі мен ішкі біріншілік қатарласып, ұжымның бар күшін алды. Аптасына екі ойын өткізу "Атлетик" үшін өте ауыр соқты. Бірақ, көктемде жағдайды түзеп, жетінші орынға иемденді. Сөйтіп, келесі жылы еурокубокте ойнауға мүмкіндік алды. Команда маусымға берілген тапсырманы орындап қойды. Бүгінгі ойында міндетті түрде жеңіске жет деп бас жаттықтырушының алқымынан басшылық алмайды. Алайда, ұзақ жылдардың бері трофей көрмеген команданың музейі жүлдені аңсайтыны түсінікті. Футболшылар да, бапкер де мұны жақсы түсінеді.
"Барселонаның" жағдайы тамаша. Негізгі құрамның футболшыларының бәрі дін-аман. Мюнхенде аздап жарақат алған Луис Суарес те кеше жаттығуды бастап кетті. Дегенмен, Суаресті бас бапкер қосалқы құрамда қалдыруы да мүмкін. Ал, қалған бар мықтыны шығару тиіс. Онсыз да өткен аптада Неймар мен Мессиден басқасының бәрі демалыс алған еді. Чемпиондар Лигасының финалы да жақындап қалды. Сондықтан, команда өзінің үздік ойының жоғалтпауы тиіс.
Басктардың құрамында жарақатқа байланысты ойынға қатыса алмайтын футболшылар-Итурраспе, Де Маркос, Муньяин. Үшеуі де негізгі құрамның ойыншылары.
"Барселонаның" финалдағы айқын фаворит екені сөзсіз. Мамандар кубокті католондықтарға ойша беріп те қойды. Екі команданың арасындағы деңгейдің айырмашылығы аздай, жоғарғы шенділер финалды "Камп Ноуда" өткізуді шешіпті.
Екі команданың турнирдегі жолы:
Кезең |
"Барселона" |
"Атлетик" |
2-ші кезең |
"Уэска" (4:0, 8:1) |
"Алькояна" (1:1, 1:0) |
1/8 финал |
"Эльче" (5:0, 4:0) |
"Сельта" (4:2, 0:2) |
ширек финал |
"Атлетико" (1:0, 3:2) |
"Малага" (1:0, 0:0) |
жарт. финал |
"Вильяреал" (3:1, 3:1) |
"Эспаньол" (1:1, 2:0) |
финал |
|
|
Қызықты мәліметтер:
-"Барселона" Испан Кубогіндегі соңғы 8 ойынында жеңіске жеткен.
-Екі команда осы маусым екі мәрте жолығып "блауграна" қос кездесуде де басым түскен(2:0, 5:2)
-2009 және 2012-ші жылдары "Атлетик" пен "Барселона" Испан кубогінің финалында жолығып, екеуінде де католондықтар ірі есеппен жеңіс тойын тойлаған(4:1, 3:0)
-Соңғы бес жылда "Атлетик" "Барселонаны" жеңе алмай келеді.
-Номинальды алаң иелері болғанымен, қонақта ойнайтын "Атлетик" командасының жанкүйерлері 50.000 билет сатып алу құқығына ие. Бұл дегеніміз "Камп Ноудың" жартысы.
Командалардың болжамды құрамдары:
Атлетик: Эррерин, Ираола, Эчейта, Ляпорт, Баленсиага, Микель Сан Хосе, Беньят, Микель Рико, Сусаета, Вильямс, Адурис
Барселона: тер Штеген, Алвес, Пике, Маскерано, Альба, Ракитич, Бускетс, Иньеста, Педро, Месси, Неймар
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ