"Король" қайда барасың?

05.03.2015, 21:57
"Король" қайда барасың?
2014 жылы тұтас Еуропаны аладоптың ақ шаңына көмген, тек Еуропаны ғана емес әлемді жаулаған "Реал"; бір жылда кубоктан покер жасаған "Реал"; 22 ойын бойы қатарынан жеңіске жеткен "Реал" 2015-тің табалдырығын аттағалы бері білгендерінен жаңылды. Биыл өткізген 13 ойынның үшеуінде жеңіліп, екуінде тең түсі. Карло бастап, Криштиану қостаған жігіттердің бұл жүрісі жанкүйер қауымның жүйкесіне тиіп, түсініктеріне ауыр түсіп жүргені сөзсіз. Ендеше Еуропа "королдарының" бұл жүрісіне не жорық?   1. Жыл басында жүрісінен жаңыла беретін "Реалдың" "ескі дерті". Жаңа маусым басталғанда сәл сәтсіздікке жол беріп, жыл басында ұпай жоғалту мадридтіктерде арысы Моуриньо мезгілінің соңғы кездері, берісі Анчелотти дәуірінің алғашқы кезінен бар "кесел". Бірақ, бұл ешқашан дәл биылғыдай екі айдан астам уақытта жалғаспаған болатын.   2. Негізгі құрам ойыншыларының жарақаты. Өткен күзде-ақ қатардан шығып қалған Модричті қоспағанда жаңа жыл басталғалы бері де Рамос, Хамес, Коэнтрау, Пепелер жарақат алған болса, Рамос пен Хамес сол сырқаттарынан айықпаған күйі әлі ем қабылдауда. Осы маусым бойы, Хедира, Бэйл, Бензема, Карвахаль, Иско, Марсело, Варан, Ильярамендилердің де ақ төсекте бір-бір мәрте жатып шыққандары бар. Физикалары өте жоғары саналатын осы ойыншылардың шетінен жарақат алуына не себеп? Бізге бұның түпкі тамырын тіпті тереңнен зідеуге тура келетін секілді: 1, Команданың дәрігерлік қосынның әлсіздігі. Бұл тақырып қозғалып жүргелі аз уақыт болған жоқ. Тіпті Роналдудың өзі клуб емшілері тарапына ауыр сындар айтқан болатын. Бұған бір ғана дәлел, 2008 жылдан бері "Реал" ойыншыларына жасалған 16 отаның 12-сі шетелдерде жүзеге асқан. Осыдан-ақ, мадридтіктердің медициналық жақтан ақсап тұрғанын білуге болады. 2, Бас бапкердің бір мойындылығы. Анчелоттиға кінә артып отырған себебіміз: ол өзі сенім артқан 11 ойыншыға "жабысып" алып, олардың қатты қалжырауына себеп болды. Қанша мықты дегенмен ұзақ уақыт бойы демалмау футболшылардың жаппай жарақат алуына әкеп соққан маңызды себеп. Әр ойында әр түрлі құраммен шығуды қаламайтын Анчелоттидің: "шабуыл шебіндегі BBC үштігін орыннан қозғауға болмайды"- деген тактикалық қателігі де команда мүмкіндігіне шектеу қойды. Шабуыл шебіндегі үштікке шектен тыс сенім арту команда тепе-теңдігіне нұқсан тигізіп, ойын нәтижелеріне кері әсері болды. Жанкүйер көзімен қарағанда "Реалға" 4-3-3 тактикасынан гөрі 4-4-2 тактикасы пайдалырақ көрінеді. Өйткені, команда өзінің ең айтулы жеңістеріне, ең маңызды ұпайларына осы 4-4-2 үлгісінде қол жеткізді. Мысалға, "Барселонаға" қарсы ойынды, "Ливерпульге" қарсы бірінші ойынды айтсақ болады. Осы тактикамен өткізген әр ойынында орта есеппен 3,8гол соққандарының өзі неге тұрады.   Осының бәрін көріп-біле тұра Папа Карло неге өз дегеннен қайтпай отыр? 1) Қосалқы құрам ойыншыларына болған сенімсіздік. "Реалдың" биыл Ла лигада соққан 75 голының тек төртеуін ғана қосалқы құрамнан шыққан ойыншылар соғыпты. Ал қалған годың бәрі алаң төрін 90 минут тоздыраған ойыншылардың есебінде. Бұны былай қойғанда, Анчелотти ойыншыларды тек соңғы 15 минут көлемінде алмастыруға әдеттенген. Осыдан-ақ Карлоның көмекке келер футболшыларға деген сенімсіздігін аңғаруға болады. Бұл жағдай команданың негізгі құрам ойыншыларына да, қосалқы құрам ойыншыларына да кері әсерін тигізбей қалмады. Бірі, біз баста айтқандай, негізгі құрам ойыншыларының қатты қалжырауына, сөйтіп, жарақат мазалауына әкеп соқсса; екінші жағынан, қосалқы құрам ойыншыларының алаңға шығып тәжірибе жинауына мүмкіндік бермеді. осыдан барып, қосалқы құрамдағы жігіттер керек кезінде командаға көмекке келе алмауда. Мәселен, "Вильярреалға" қарсы ойында Хесенің бос қақпаны көздеуден мүлт кеткенін айтсақ болады. 2) BBC (Бэйл, Бензема, Роналду) Әрқайсысы 100 милион еуро тұратын бір-бір таудың бөрілеріне "алаң жиегіндегі орындықта отырып ойынды тамашала"- деп айту кез-келген адманың қолынан келмесе керек. Осылайша, үш бірдей шабуылшыны шығарып алған Анчелотти амалсыздан орталық алаңға да үш ғана жартылай қорғаушы орналастыруға мәжбүр болады да команда 4-3-3 үлгісінде доп тебеді. Алдағы үш алпауыт денсаулықтары дұрыс кезінде бірде-бір ойында қосалқы құрамда қалып көрген емес. Тек олардың біреуі жарақат алып не басқадай жағдаймен ойынға қатысу мүмкндігі болмағанда ғана Карло қуана-қуана 4-4-2 тактикасына көшеді, әрі тамаша жеңіске жетеді. Осыны ойлағанда Карлоның кей ойында тактикалық өзгеріс жасауына кедергі келтіріп тұрған осылар екенін түсініп, бапкерді жазғыруға жасқанасың...   Команданың құлдырауындағы үшінші үлкен себеп: 3. Футболшылардың Папаға еркелеп, еркінсіп кетуі. Анчелотти "Реалға" келер алдында команданың ішкі қайшылығы ушығып, футбошы мен бапкер, футболшы мен футбошы өзара келісе алмай жатқан болатын. Анчелотти клупқа келгендегі алғашқы міндеті, Моуриньо тұтатып кеткен ұрыс отын сөндіру болатын. "Пожарныйлық" міндетін сәтті өтеп, команданы тыныштарндыған соң, киім ауыстыратын бөлмені жалғасты жақсы ұстап тұру үшін Анчелотти өте жұмақ мінез танытты, бауырмалдылығын көрсетті. Ынтымақ,бірлік болған жерде жеңіс болады деп есептеді. Бұл әдіс өткен жылы өз жемісін бергенімен, уақыт ұзарған сайын кері әсерін көрсетуде. Анчелоттидың жұмсақ қолдылығына еркінсіп алған ойыншылар ойын барысында табандылық танытпауда. Бапкер бірінші минуттан бастап тырысуды талап еткенімен футболшылар ойынға сәл қарау идеясынан арыла алмауда, осының кесірінен "Вильярреалмен" болған ойында қолда тұрған үш ұпайдың жартысын қонақтарға бөліп берді... "Криштиану мен баптаған ең ұлы ойыншы!"- бұл Анчелоттидың сөзі. Осы сөзі арқылы атақты Роналдоны, Роналдиньоны баптаған бапкер Роналдуды осының бәрінен жоғары қойып, португалдықтың жүрегіне жол тартты. Жазда әлем чемпионатынан жолы болмай қайтқан Касильяс, Рамостарға телефон жалғап олардың да көңілін аулады. Осы арқылы, команда ойыншыларын өзіме жақсы қаратам деп есептеді. Бірақ, бұның мәселені шешудің, футболшыларға өзін құрметтетудің ең жақсы жолы емес екенін ертерек аңғару керек еді. Оның осы жұмсақтығын пайдаланып команданың ең жас ойыншыралының бірі Хесенің өзі оған ашу шақыруға батылы жеткен көрінеді. Өстіп жүрген ойыншылар алаңда бапкердің сөзіне қалай құлақ асады? Осындай, олқылықтың орынын толтыру үшін италиялық маман кезі келгенде қабағын түйіп, жұдырығымен алдындағы үстелді қатырақ тоқылтатып тұруы керек секілді. Тактикасына да өзгеріс енгізіп, орыны келгенде ойыншыларды жиі алмастырып, тіпті, сәті түскенде BBC-дің де біреуін жоспардан шығарып, барлық сарбазына мүмкіндік беруі керек болатын түрі бар...   Ертерек осылай жасамаса, төмендегідей трагедиялар туылуы мүмкін: 1. Негізгі құрамдағы 11 ойыншы жалғасты қалжырайды. 2.Қосалқы құрамның ойыншылары тәжірибе жинай алмағандықтан, маңызды ойындарда өздерін көрсете алмайды. 3. Негізгі құрам қалжырап, қосалқы құрам тәжірибесіз болса алдағы ойындарда жағдайлары тіптен нашарлайды. 4. Ойын орайына ие бола амаған ойыншылар командадан көңілі суып басқа клубтарға кетуді ойластырады.   Қуанышхан ӨМІРХАН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×