Көршілерімізден сабақ алайық

15.06.2013, 18:58
Көршілерімізден сабақ алайық
609500431    Бразилия даласында өтетін Әлем біріншілігінің іріктеу кезеңдері де өз аяғын табуға жақын. Ендеше кәрі құрлықтың тарландары туралы емес, Азия бөлігінде орналасқан құрамалардың қазіргі жағдайына бәр сәт көңіл аударсақ. Кезінде Азиядан ат тонын ала қашқан Қазақ футболы Европада қорқаудың күнін кешіп жүргенде, деңгейлес құрамалар сары құрлықта Әлем біріншілігінің топтық кезеңіне өтуге жақын-ақ.     Алдымен «А» тобына назар аударатын болсақ. Оңтүстік Корея 7 ойыннан кейін 14 ұпайды қанжығасына байлап, көш бастап келеді. Кореяның артын ала 13 ұпайға қол жеткізген Иран екінші болып тұр. Ал енді барлық қызық Өзбекстанда болып тұр. Үштікті қорытындылап тұрған өзбек ағайынымыздың Әлем біріншілігіне бару мүмкіндігі бар. Иә, көршіміз соңғы жылдары аяқдоп тұрғысынан тым жақсы дамып келе жатқаны баршаға мәлім. Бізге әзірше өзбек бауырларымыздың осы бір жетістігіне қызығуға ғана тура келеді.  17-ші маусымда Өзбекстан Катарды қабылдаса, олардың бүгінгі күндегі басты қарсыласы Иран көш басындағы Оңтүстік Кореяны бетке алады. Ендеше, көршілерімізге сәттілік тілейік. Айта кетейік, бұл топта Катар мен Ливан Әлем біріншілігімен қош айтысты, біз сияқты. «Б» тобындағы айқас тіпті бөлек, тіпті қызық. Жапония барлығынан оза шауып, бірінші орынды қанжығасына байлап қойса, екінші орынға талас қыза түсуде. Соңғы ойында Иорданияны тас талқан еткен Австралия екінші орынға көтерілсе, Оман үшінші орынға сырғыды. Бұл қос құраманың арасын бар болғаны бір ұпай бөліп тұр. Естеріңізге сала кетсек, екі-үш жыл бұрын дәл осы Оманды 3:1 есебімен жеңген болатынбыз. Достастық кездесу болса да, сол кездегі ойын Оманның бізден аса керемет дамып кете алмағанын көрсеткен еді. Азия құрлығынан Бразилияға тікелей 4 құрама барады. Ал әр топтан үшінші орын алған ұжымдар өзара екі мәрте кездесіп, қайсы жеңгені КОНМЕБОЛ-дың (Оңтүстік Америка Футбол Федерациясы) 5-ші құрамасымен континент аралық ойын өткізетін болады. P.S. Кәрі құрлықтың қырандары қасында ойнауды арман еткен Қазақстан құрамасы «өткен кеткеннің» мазағына айналып жүр. Неге ендеше Азия аумағына өтіп, ірі-ірі додаларға қатысуға мүмкіндік алмаймыз?! Европада жүріп, қандай пайда таптық?! Есет ТӨЛЕШ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×