КӨШ БАСЫНДА – «ЖЕТІСУ», БІРАҚ ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖЕТІСІП ТҰРҒАН ЖОҚ…

20.08.2011, 23:54
КӨШ БАСЫНДА – «ЖЕТІСУ», БІРАҚ ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖЕТІСІП ТҰРҒАН ЖОҚ…
Жылдағыдай емес, футболдан биылғы Қазақстан премьер-лигасы жан алысып жан беріскен күресте, қызықты әрі тартысты өтіп жатыр. Жасырып не керек, бұдан біраз жыл бұрын біріншіліктің бас жүлдесін кім иеленетінін, кімнің төменгі топта қалатынын турнирдің бел ортасына жетпей дөп тауып жататын едік. Ал осы жолғы аламан жарыстың алтын тұғырынан бірден төрт команда үмітті. Сөзімізге дәлел, өткен аптада шымылдығын түрген ел біріншілігінің екінші кезеңінде топ басындағы үздіктер ұпай қорларын молайтып алды.
Отандық чемпионаттың деңгейі жыл өткен сайын көтеріліп жатқанының тағы бір айғағы биыл Талдықорғанның «Жетісуы» мен Қарағандының «Шахтері» дүркіреп тұр. Қос клуб та өзгелерге дес берер емес. Жанкүйерлер арасында «халықтық команда» деген ардақты атқа ие болған Қостанайдың «Тобылы» болса әлі тасырқап келеді. Байқағанымыз, үздіктер алтылығына іліге алмаған «Тобыл» футболшылары қолдарын бір-ақ сілтеген секілді. Ал аутсайдерлер санатындағы Қызылорданың «Қайсары» мен Алматының «Қайраты», Өскеменнің «Востогы» мен «Атырау» командалары көштің со­ңында өзара құйрық тістесіп келеді. Осы орайда біз футбол сүйер қауымның көкейін тескен бірқатар сұрақтарға жауап іздеуге тырыстық. «ЖЕТІСУ» ҚАШАНҒА ДЕЙІН КӨШ БАСТАЙДЫ? Біздіңше Асқар Қожабергенов жаттықтыратын талдырқорғандықтардың чемпион атануға әлеуеті әбден жетеді. Естеріңізде болса, алғашқы турдың өзінде «Астанадан» айласын асырған «Жетісу» сол жүрісінен әлі жаңылған жоқ. Оның үстіне командаға міндетті түрде бірінші орыннан көрінуге тиіссің дегендей қысастық танытып отырған басшылық та көрінбейді. Бұған қоса, биылғы біріншіліктің бас мергені Ұлықбек Бақаев «Жетісу» сапында өнер көрсетеді. Талдықорғандық клубтың қорғанысы да мықты. Турнир басталғалы бері «Жетісу» өз қақпасына небәрі 16-ақ гол жіберіп алды. Ал өзгелердің қақпасын 42 рет тулатты. «АҚТӨБЕ» АТҚА ҚАШАН МІНЕДІ? Асқар Қожабергеновтың шәкірттерін тұзақтай алар бір команда болса, ол – «Ақтөбе». Ел футболының бетке ұстары биыл да күміс не қола жүлдеге қол жеткізуді қанағат тұта қоймас сірә. Алайда қазіргі «Ақтөбенің» көзге көрініп тұрған бір кемістігі бар. Клубтың шабуыл шебі әлсіздеу. Жалғыз Малик Мане бүткіл бір команданы алға сүйрей алмайтыны анық. Алдыңғы шепке әр береді деп шақырылған Владимир Джилас болса, біздің чемпионатқа әлі бой үйрете қоймады ма, әйтеуір соққылары қақпадан қиыс кетуде. Біздің білуімізше, бас бапкер Владимир Мұқанов ойыншылар таңдауда сирек қатетелеседі. Бәлкім, оған Маненің ойынымен деңгейлес тағы бір шабуылшыны шақыртуға тура келетін шығар. СЕРГЕЙ ХИЖНИЧЕНКО ҮЗДІК ШАБУЫЛШЫ АТАНА АЛА МА? Еліміздің ең жас әрі талантты футболшыларының бірі Сергей былтырғы жылы Голландияның атақты «Фейеноорд» клубына ауыса жаздап, бір шулатқан. Ал осы жолғы біріншілікте жас шабуылшысы 12 гол соғып үлгерді. Сергейдің алдын тек Ұлықбек Бақаев орап тұр. Байқаймыз чемпионаттың үздік шабуылшысы атағына осы Бақаев, Хижниченко және Малик Мане таласқа түсетін сияқты. Біздің ішіміз өз шабуылшымызға жылитыны жасырын емес. ҚАЗАҚ ФУТБОЛЫНЫҢ КӨСЕГЕСІ КӨГЕРЕТІН КҮН АЛЫС ПА? Бұл сұраққа «әйтеуір ілдебайлап болсын алға жылжып келеміз» деп жауап берер едік. Сөзімізге дәлел, биыл осы күнге дейін 42-орында келе жатқан Қазақстан УЕФА рейтингінде 40-орынға көтерілді. Еурододаға биылғы жорығымыз да жылдағыдан әлдеқайда сәтті болды. Рейтингімізді жоғарылатып, қоржынымызға рекордтық 5,333 ұпай салдық. Бірінші рет бір емес, екі бірдей командамыз Еуропа лигасы іріктеу турнирінің бірінші кезеңінен сәтті өтті. Жалпы, мақтауға лайық өнер көрсеттік. Осы орайда Еурододадағы қазақстандық клубтардың жорықтарын аз-кем қорытындылап жіберсек. Еуродода бәсекелерінде Қазақстанның барлығы он клубы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының (УЕФА кубогы) тоғыз маусымына қатысыпты. Барлық командамыз жалпы алғанда 90 ойын өткізіп, оның 26-сында жеңіске жеткен болса, 19-ында тең түсіп, 46-сында жеңіліппіз. Гол айырмашылығы 90:140. БІЗГЕ САПАЛЫ ЛЕГИОНЕРЛЕР ҚАШАН КЕЛЕДІ? Енді Қазақстандық футболға тек доп тебе алатын ғана емес, отандық футболдың деңгейін көтере білетін ойыншылар қажет. Содан болар, соңғы бір-екі жылда елімізге ағылып келіп жататын сапасыз легионерлердің легі аз да болса саябырсыды. Есесіне елімізге аттары біршама белгілі Отар Хизанейшвили, Владимир Байрамов, Никола Тонев, Ненад Сливич сияқты ойыншылардың келуі ел футболының өркендеуіне өз үлестерін қосары сөзсіз. Қазір көрінбей кеткендері болмаса Сергей Струков, Тити Эссомба, Валерий Андрониктей аяқдопшылар да қазақстандық жанкүйерлердің көңілінен шықты. Сонымен биылғы ел бiрiншiлiгi де орта тұсынан ауды. Турнир кестесiндегi командалардың ара жiгi ажырай бастады. 1-6-орындарда мына командалар тұр: Команда О Ұ Т Ж Д-А Ұпай Жетісу 23 16 4 3 42-16 28 Шахтер 23 14 3 6 37-21 24 Ақтөбе 23 13 5 5 41-19 24 Астана 23 13 6 4 36-21 23 Ертіс 23 11 3 9 38-37 18 Ордабасы 23 8 7 8 28-21 16 7-12 орындарда мына командалар тұр: Тобыл 23 8 3 12 30-29 14 Тараз 23 7 3 13 17-25 14 Восток 23 4 9 10 16-32 12 Қайсар 23 5 5 14 15-44 11 Қайрат 23 5 5 13 21-39 10 Атырау 23 4 8 11 15-32 10 Мергендер: 1) Ұлықбек Бақаев «Жетiсу» –16 (3), 2) Сергей Хижниченко «Шахтер» – 13, 3) Малик Мане «Ақтөбе» – 10 (1). dmk.kz
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×