
«Кошице» клубының спорт директоры Марек Сапара Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Ғалымжан Кенжебек туралы ойын ортаға салды.
«Қайраттың» түлегі жаңа жылдан бері Словакияның жоғары дивизионында өнер көрсетуде. Өкінішке қарай, 23 жасар жартылай қорғаушыға потенциалын толық ашуға жарақаттары мүмкіндік бермей жүр. Ғалымжан алғашқы матчтарында өзін жақсы қырынан таныта алған еді. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, жарақатына байланысты көп ойынды өткізіп алды.
«Кенжебек өз мүмкіндіктерін сәтті пайдалана алды. Ол өзін әсіресе, жаттығуда жақсы көрсеткен, бірақ сонысын көбіне матчқа шыққан кездерде толық көрсете алмайтын. Бұл қос легионер (Кенжебек пен фин қорғаушысы Кевин Куассиви-Бениссан) бұрын мұндай қиын жаттығуларды көрмеген, біз негізінен жасанды шөпте жаттығатынбыз, мүмкін олардың екеуіне де табиғи шөпке ауысу теріс әсер еткен болар. Екеуінен де зор үміт күтіп едік», - деді М. Сапара.
Ғалымжан Кенжебек «Кошице» жейдесін жыл басында киген. Содан бері Словакия чемпионатының 24/25-жылғы маусымында 3 кездесуге қатысып, 1 ассисттің авторы атанды. Футболшы мен клубтың келісімшарты 2027-жылдың маусымына дейін жарамды. «Кошицеге» дейін кипрдің «Акритас» Хлоракас, «Қайрат», «Жеңіс», «Мақтаарал» сынды клубтардың намысын қорғады. Ғалымжанның нарықтық бағасы 225 мың еуро.
Біздің серіктес: FONBET