Коул Палмер: “Әлеуметтік желіде ақымақтар мен тролльдерден құтыла алмайсың”

08.05.2025, 12:40

"Челси" шабуылшысы Коул Палмер 14 қаңтардан бері гол соқпай, сынның астында қалған болатын. Алайда ол “Ливерпульге” қарсы ойында гол соғып, өз ойларын ашық айтуға мүмкіндік алды.

Коул Палмер: “Әлеуметтік желіде ақымақтар мен тролльдерден құтыла алмайсың”

Соңғы төрт ай бойы әлеуметтік желіде сынға ұшыраған жас ойыншы былай деді:

“Төрт ай бойы гол соқпағанымды айтып жатырсыңдар ма? Кейде өмірде осындай сәтсіздіктер бола береді. Ондай кезде бұрынғыдан да қайсар болу керек. Тек өзің үшін ғана емес, команда үшін күресуің қажет.

Бүгінгі заманда әлеуметтік желіде ақымақтар, тролльдер, біртүрлі адамдар толып жүр. Мен ондайларға көңіл бөлмеймін. Бүгін гол соққаныма қуаныштымын, бірақ әлі де өз ойынымды жақсартуым қажет.

Гол мүмкіндігін мүлт жіберу – команданы жерге қаратумен тең. Бірақ мен ешқашан үрейге бой алдырмаймын, сенімділігімді жоғалтқан емеспін. Адамдар не айтса да, менің жолыма кедергі бола алмайды.

Мен бала кезімнен өз ұстанымыммен жүрген адаммын. Командама пайда әкелсем – мақтанам, көмектесе алмасам – көңілім түседі. Бүгін мен өз стиліммен ойнадым. 

Моисес Кайседо сияқты серіктесің болса, алаңда еркін ойнау өте жеңіл әрі жағымды." – деді Палмер.

Ал “Челси” клубының бас бапкері Энцо Мареска Коулды былай сипаттады:

“Бұрын оның психологиялық мәселесі бар сияқты деп айтқанмын. Бірақ шын мәнінде, жаттығу кезінде үнемі көтеріңкі көңілде, өзіне сенімді көрінетін. Әрине, гол соқпай жүргеніне риза болмайтыны түсінікті. Бірақ ол команданы ойлайтыны, көмектескісі келетіні қатты білінеді.

Енді міне, голын соқты, біз де жеңдік. Шынын айтсам, ол соңғы үш айда еш өзгермеді. Премьер-лиганың алғашқы 20 матчында 14 гол соққан кезіндегідей күйінде қалды.

Ол – өзгелердің ойына келмегенді ойлап, жасай алатын ойыншы. Айрықша талант. Доппен бәрін істей алады. Өйткені ол бәріне қабілетті.” – деді Мареска.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×