Маусымның бастапқы бөлігінде командалар көбінесе шеттен келген легионерлерге сенім артып, тәжірибиесі толысқан футболшыларды ғана алаңға шығарды. Ол түсінікті де. Бапкерлер бар білгенін істеп, қоржындарын ұпайға қампайтып алғысы келді. Кейіннен легионерлер жарақат алып, кейьір футболшылар сары қағаздар санының көбеюіне байланысты ойындардан шеттетілді. Мұндай жағдай футболда қалыпты құбылыс дер едік. Ол тек Қазақстанда ғана емес, күллі әлем футболында орын алып жатыр. Әр апта сайын өтетін ойындар көптеген футболшыларды қажытып жіберері анық. Командалық ойынға қан жүгіртетін жас ойыншылардың керегі осы жерде қатты білінеді. Биыл осылайша көзге түскен бірнеше футболшы бар.
Бақдәулет Зұлфықаров. Бұл шабуылшы рекорд жасап, бір матчта 7 гол салды. Әлбетте, оның голдары 2 лига матчтарында тіркелді, дегенімен Қазақстан чемпионаттарының тарихында бір матчта 7 гол салған ойыншы әзірге жоқ. Кезінде Белоруссия біріншілігінде доп тепкен Бақдәулет қазір «Тұран» командасының жастар командасында жарқылдап жүр. Оның командасы Екінші лигадағы «Оүтүстік-Батыс» конференциясында екінші орын иемденді. Ал шабуылшының өзі жалпы лига бойынша 25 гол салып, үздік сұрмергендер тізімінде бірінші орын алды. Арасында бұл шабуылшыны «Тұран» бас бапкерлері негізгі командаға шақырды. Сондай матчтардың бірінде Зұлфықаров «Астана» қақпасына гол салып, көзге түсті. Алаңға алмасып шығып, бірден допқа жанаса кеткен ол дәл соққымен елордалықтардың қақпасынан саңлау тапты. Жалпы, бұл шабуылшы келесі жылы Екінші лигадан жоғарғы дивизионде өнер көрсететін секілді. Мысалы, сол «Тұран» клубы биыл премьер-лигадағы орнынан айырылса, келесі жылы Бірінші лигада бақ сынауы ықтимал. Бұл Бақдәулет үшін таптырмас мүмкіндік болар еді.
Шабуылшылар арасында жарқ еткен ойыншының бірі – Рамазан Кәрімов. «Мақтаарал» шабуылшысы өткен маусымның соңына қарай жақсы ойнап жүрді. Ол кезде «Каспий» намысын қорғаған еді. Онда 18 матчта 3 гол салды. Ал биыл «Мақтааралға» келе салып Қазақстан кубогы жарысында голдар сала бастады. Чемпионатта «Мақта» үшін 19 ойын өткізіп, 6 гол салды. Оның биыл салған голдарының біршамасы маңызды ұпайлар әкелді. Кәрімов дәл осындай сүбелі ойынымен келесі маусымда да «Мақтаарал» командасының негізгі шабуылшысы болуы ықтимал. Алайда, биылғы чемпионатты жас шабуылшы үшін сәтті өткен маусым болды десек артық емес.
Зұлфықаров пен Кәрімовтен бөлек, биыл жарқ еткен өзге де ойыншылар бар. Олар жайлы келесі мақаламызда сараптап көрсек.
Ермұхамед Мәулен
Біздің серіктес: FONBET