Қазақстанда жазғы трансферлік терезе ашыла салысымен, отандық футбол нарығында бірнеше ауқымды ауыс-түйістер орын алды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Осы жаздың әзірге ең шулы әрі сенсациялық ауысымын Алматылық “Қайрат” ресімдеді. Алматылықтар атақты Мадридтік “Реалдың” екінші командасында ойнаған, Испания жастар құрамасы мен “Севильяның” бұрынғы жұлдызы — 30 жастағы Испаниялық шабуылшы Марк Гуальмен ресми түрде келісімшартқа отырды. Польша чемпионатының үздік бомбардирі атанған бұл сұрмерген енді ҚПЛ қорғаушыларының зәресін ұшыратын болады.
Көкшетаулық “Оқжетпес" Өзбекстан ұлттық құрамасының ойыншысы Шохбоз Умаровтың трансферін ресми түрде жариялап, шабуыл шебін күшейтті.
"Ақтөбе” түлегі, 18 жастағы дарынды Қазақстандық қақпашы Саятхан Құсайынов тәжірибе жинау үшін Түркістанның “Тұран” клубына жалға берілді.
Беларусь елінің жартылай қорғаушысы Владислав Климович Павлодарлық “Ертіс” сапынан Ақтаулық “Каспий” клубына ресми ауысты. Ол биылғы маусымда Павлодарлықтар үшін 12 матч өткізіп үлгерген болатын.
Нарықта тек жаңа ойыншы алу емес, құрамды тазарту және шетелге сату процестері де қызып тұр.
“Ақтөбенің” Беларусьтік жартылай қорғаушысы, 31 жастағы Никита Корзун Қазақстанмен қоштасып, Ресейлік Волгоградтың “Ротор” клубымен ресми келісімшартқа отырды.
Биылғы маусымның алғашқы бөлігін Ақтаудың “Каспийінде” өткізіп, 13 матчта 2 гол мен 1 пас берген Бағдаулет Зұлфықаров ресми түрде Жезқазғандық “Ұлытау” клубының ойыншысы атанды.
Астаналық “Жеңіс” клубы Грузиялық легионер, шабуылшы Элгуджа Лобжанидземен жасалған еңбек келісімін мерзімінен бұрын үзді.
Кезінде шымкенттік “Ордабасыда” доп тепкен Өзбекстандық жартылай қорғаушы Жасурбек Яхшибоев Ташкенттің “Локомотив” клубымен келісімшарт жасасып, өз еліне қайта оралды.
Жазғы трансферлік терезе енді ғана қызып келеді. Тіркеу кезеңі аяқталғанша әлі талай шулы ауысымдар мен сенсациялық мәлімдемелер куәсі болатынымыз анық.