Шымкент қаласының билігі ел чемпионатында көш бастап тұрған “Ордабасы” клубын аукцион арқылы шамамен 156 миллион 913 мың теңгеге (шамамен 321 мың доллар) сатты, деп хабарлайды Aladop.kz.
Sauda сауда алаңының мәліметінше, саудаға қатысқан жалғыз үміткер клубтың 100% акциясы үшін бастапқы бағадан (156 млн 912 мың теңге) небәрі 1 мың теңге (шамамен 2 доллар) ғана артық төлеуге келіскен.
Бұл клубты сатуға арналған екінші аукцион. Мамыр айында өткен алғашқы саудада клуб 224 миллион теңгеге (479 мың доллар) бағаланған еді, бірақ оны сатып алуға ешкім ниет білдірмеді. Осыдан кейін билік бағаны 30%-ға төмендетіп, қайтадан аукцион жариялады.
Ресми құжаттарда клубты нақты кім сатып алғаны көрсетілмеген. Дегенмен, осы жылдың ақпан айында Шымкент әкімдігі Integra Construction KZ компаниясының басшылығымен клубты жекешелендіру туралы меморандумға қол қойғанын хабарлаған болатын. Бірақ келісімшарттың толық аяқталғаны туралы ресми ақпарат әлі жарияланған жоқ.
Аукцион шарттары бойынша, жаңа қожайын келесі міндеттемелерді орындауы тиіс:
– Алдағы 10 жыл бойы клубтың спорттық бағытын сақтауы керек.
– Осы мерзім ішінде клуб қызметкерлерінің кем дегенде үштен екі бөлігін жұмыста алып қалуы тиіс.
– Шетелдік спортшылар мен мамандарды тек өз қаражаты есебінен шақыруға міндетті.
– Клуб акцияларын кепілдікке қоюға тыйым салынады.
Былтырғы маусымдa 7-орынға тұрақтаған “Ордабасы" биылғы чемпионатта өте жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Әзірге 13 матчтың 9-ында жеңіске жетіп, 4 кездесуде тең түсіп, турнир кестесінде көш бастап тұр.