КСРО құрамасында ойнаған тұңғыш қазақ алпыс бес жаста (ФОТО)

11.09.2015, 22:01
КСРО құрамасында ойнаған тұңғыш қазақ алпыс бес жаста (ФОТО)

baiiiАстана қаласындағы Қ. Мұнайтпасов атындағы орталық стадионда КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, атақты «Қайрат» футбол командасының ардагері Сейілдә Икрамұлы Байшақовтың 65 жылдық мерейтойына арналған Қазақстан футбол федерациясы мен Лига кеңесінің командасы арасында жолдастық кездесу болып өтті.

Ойын алдында Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов сөз сөйлеп, федерацияның атынан естелік сыйлық тапсырды. Сондай-ақ ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мерейтой иесінің иығына шапан жауып, «Спорт саласының үздігі» төсбелгісін табыстады Ал Астана қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев қала әкімі Әділбек Жақсыбековтің құттықтауын жеткізіп, шапан жапты. Ал Қазақстан футбол федерациясы мен Лига кеңесінің командасы арасындағы ойын 3:1 есебімен аяқталды. Есепті алғаш болып, 7 нөмірмен ойнаған ҚФФ бірінші вице-президенті Бағлан Ергешов ашты. Бірінші тайм осы есеппен аяқталды. Екінші таймда Лига кеңесінің футболшыларының сапынан Бауыржан Сейсенбеков таразы басын теңестіреді. Одан кейін Қазақстан чемпионатының тарихындағы үздік мергендердің бірі Нүркен Мәзбаев федерация командасын қайтадан алға шығарады. Ал кездесудің нүктесін 11 метрлік пенальтиден ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтхожин қойды. Қорытынды есеп – 3:1. – Футболдан бөлек, менде басқа қызығушылық болған жоқ. Өзге балаларсекілді көшеде аула футболын ойнаудан бастадық. Менің отбасым спортқа көп көңіл бөлетін. Әкем 1949 жылы әскерден оралып, жергілікті команданың сапында ойнаған. Ағам Сейітжан Жамбылдың «Металлист» командасында шабуылшы болды. Кейін 1967 жылы «Қайрат» клубынан шақырту алады. Сейітжан Байшақов тек қана менің емес, мыңдаған жамбылдық балаға үлгі болды. Оның ойын мәнерін Мәскеудің «Торпедо» клубының атақты футболшысы Эдуард Стрельцовпен салыстыратын, – дейді мерейтой иесі. Жамбыл облысының түлегі Сейілда Байшақов Алматының «Қайратына» Александр Севидовтің шақыруымен келді. Ол 1971 жылы Ленинградтың «Зенит» командасымен болған ойында алаңға негізгі құрамда шықты. Көптеген жылдар бойы команда капитаны әрі көшбасшысы болды. «Қайраттың» сапында 300-ге жуық ойын өткізіп, 11 гол соқса, соның жетеуін жоғары лигада ойнаған кезінде еңгізген. Бұл – қорғаушы үшін жаман көрсеткіш емес. 1979 жылы Ереванның «Арарат» командасына соққан голын жанкүйерлер әлі күнге жыр қылып айтады. Айып соққысын орындаған Байшақов 45 метр жерден қақпаны дәл көздейді. Бұл гол КСРО чемпионатының сол кездегі ең әдемі голдарының қатарына еңген болатын. Тимур Сегізбаев: – Сеиілдә – менің шәкірттерімнің бірі. Ол «Қайратқа» өте тез сіңісіп кетті. Сейілдә ойнаған кезде команданың қорғанысы өте жоғары деңгейге көтерілді. Оның техникалық шеберлігі, соққысы, ойын кезінде өте жылдам шешім қабылдауы керемет болатын. «Қайрат» 70-жылдары жақсы өнер көрсетті, ол командадағы негізгі ойыншылардың бірі әрі бірегейі еді. Әріптесім Станислав Каминскийге Сейілдәнің КСРО құрамасында ойнауы қажет деп мен айтқан болатынмын. КСРО құрама сапында ойнаған тұңғыш қазақ, – дейді «қазақ футболының Пелесі». Біз де өз кезегімізде Сейілдә Икрамұлын туған күнімен құттықтап, зор денсаулық тілейміз! ФОТО –  ҚФФ сайтынан алынды
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×