Күніміз келімсектерге түсіп тұр

20.03.2012, 19:17
Күніміз келімсектерге түсіп тұр
 Футболдан Қазақстан біріншілігінде жүз пайыздық көрсеткішке ие әзірге үш ұжым бар. "Ақжайық", "Ертіс" және "Тараз" екі турда да жеңіске жетіп, премьер-лига көшін бастады. Дегенмен, алдағы уақытта турнир кестесіндегі командалардың орындары бастан аяқ өзгеріп кетуі ғажап емес.   «Ақжайық» (Орал) — «Атырау» - 3:1 Голдар: Азовский, 30. Валканов, 36. Валканов, 60 — Данилюк, 43.      Әзірге біріншіліктің ең үздік клубы — "Ақжайық". Иә, иә, Оралдың командасы. Бірінші турда Көкшетауда "Оқжетпесті" 3:0 есебімен жеңген "Ақжайық" бұл жолы өз алаңында "Атырауды" 3:1 есебімен тізе бүктірді. Енді оралдықтар келесі турда Елордаға қонаққа барып, "Астанамен" кездеседі. Міне, словак маманы Йозеф Скрлик командасының қаншалықты қарымды екенін сол кезде байқайтын боламыз.   «Тараз» —  «Сұңқар» (Қаскелең) - 1:0 Гол: Лечич, 24.      Биыл "Тараз" біраз команданы маңызды ұпайларынан айыратын секілді. Дегенмен, өткен аптадағы жеңісі сенсацияға баланса, бұл жолғы ұтысы заңдылық. Өз алаңында премьер-лига дебютантын қабылдаған "Тараз" 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бір қызығы, "Таразды" легионерлері өрге сүйреп жүр. Бірінші турда "Астана" қақпасын Иван Перич пен Небойша Пртеняк тура көздесе, "Сұңқар" қақпасынан Мирослав Лелич саңылау тапты. Үшеуі де серб. Сірә, серб маманы Любко Петрович "қамшысын" отандастарына өткізе алып жатқан тәрізді. "Жалпы, биыл маған "Тараз" ұнап жатыр. Құрамында шебер ойыншылар жиналған. Бапкері де көпті көрген. Бұл ұжымнан көп нәрседен үміттенуге болады", - деп "Тараз" туралы "Қайрат" футбол клубының ардагері Юсуп Шадиев өз ойын білдірді.   «Ертіс» (Кереку) — «Тобыл» (Қостанай) - 4:1 Голдар: Бақаев, 37. Шабалин, 72. Бақаев, 81. Мальцев , 90+2 — Де Соуза, 16.      Бірінші турдан кейін "Тобылдың" әлеуеті туралы ерте бағамызды беріп қойыппыз. Өз алаңында "Қайратты" ойсырата жеңген "Тобылдың" түзде "Ертіске" шамасы жетпеді. Талғат Байсуфинов шәкірттері Данил Рихард қорғаған қақпаға қалауларынша гол соқты. Керекуліктерден 1:4 есебімен жеңілген "Тобылға" келесі тур да оңай болмайын деп тұр. Вячеслав Грозный өткен жылғы ел чемпионы Қарағандының "Шахтерін" қабылдайды.   "Шахтер" (Қарағанды) — "Ақтөбе" - 2:0 Голдар: Хижниченко, 69. Вичюс, 80.       Бірінші таймнан кейін ойын тең аяқталатын шығар деп топшылағанбыз. Өйткені, екі ұжымның да қорғаушылары өз міндеттерін керемет орындап жатты. Ешқайсысы да қателікке жол берген жоқ. "Шахтер" шабуылшысы Сергей Хижниченко қонақтардың қорғаушыларын жиі мазалағандардың бірі болған. Бірақ, оған қарсы Самат Смақовтың өзі қорғанып, Хижаға еш мүмкіндік бермеді. Алайда, өткен жылдың ең үздік жас футболшысы ақыры өз голын соқты. Бұдан кейін "Ақтөбенің" салы суға кетіп, тағы бір гол жіберіп алды. Енді "Ақтөбе" келесі турда өткен жылдың вице-чемпионы "Жетісуды" қабылдайтын болады. Айта кетейік, өткен жылы "Ақтөбе" "Жетісуды" жеңе алмай, жігерлері құм болған. Өзара төрт кездесудің екеуі тең аяқталып, екеуінде талдықорғандықтар жеңіске жеткен.     «Жетісу» (Талдықорған) — «Қайсар» (Қызылорда) - 5:2 Голдар: Юнузович 16. Нұрғалиев, 43. Мұжықов, 53. Юнузович, 72. Юнузович,  84 — Нарзілдаев, 44. Cытник, 45.      Өз кезегінде "Жетісу" "Қайсарды" 5:2 есебімен жеңді. Бірінші турда Алматыдағы ҚазЭУ стадионында Серік Әбдуәлиев шәкірттері қонақ ретінде ойнаған. Сөйтіп, "Сұңқардан" жеңіліп қалған болатын. Бұл жолы да талдықорғандықтар кездесуін осы алаңда өткізді. Бірінші тайм 2:2 есебімен тең аяқталып, үзілістен кейін алаң иелері қонақтар қақпасына үш гол соқты. Ал хорват легионері Эдин Юнузович биылғы біріншілікте алғашқы хет-триктің авторы атанды. Айтпақшы, айта кетейік, стадионда адам өте аз болды. Бірінші турда ҚазЭУ трибунасы толып, адам симай кеткен болса, бұл жолы ойынды көруге 500-ге жетер жетпес-ақ адам келіпті. Дегенмен, оның өз себебі бар, өйткені, қосажарлана өткен ойында Алматының Орталық стадионында "қайрат" "Оқжетпесті" қабылдаған еді.   «Қайрат» (Алматы) — «Оқжетпес» (Көкшетау) - 3:0 Голдар: Кнежевич, 23-пен. Йованович, 48. Джорджевич, 69.     Сылбыр басталған ойынның көркі екінші таймда ғана ашыла бастады. Түздегі масқара жеңілістерінің айыбын  қарсыласын ірі есеппен жеңу арқылы ғана жуып-шаюға болатынын түсінген алаң қожайындары ақырындап тізгінді өз қолдарына ала бастады. Әсіресе, команда ардагері Руслан Балтиевтің шығуымен "Қайраттың" ойыны жанданып шыға келді. Ақыры есеп 3:0-ге жетті. - Бүгін ойынымыз жүрді. Үш гол соқтық. Негізі пенальтиді бізде Балтиев те тебеді. Сондай-ақ, Руслан команда капитаны. Бірақ  тоқсан минут алаңда ойнауға дайын болмады. Сондықтан, жігіттерді Неманья Йованович бастап шықты. Өкінішке қарай, Марк Гурман жарақат алып қалды. Қаншалықты ауыр жарақат екені медициналық тексерістен кейін белгілі болады, - деді "Қайрат" бапкері Дмитрий Огай.        Шымкентте өтуі тиіс болған "Ордабасы" мен "Астана" матчы ауа-райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілді.         Қызықты дерек.      Жалпы, алғашқы екі турда барлығы 40 гол соғылды. Оның 24-ін легионерлер соққан (Бұл Қазақстан азаматтығын алған келімсектердің голдарын санамағандағы көрсеткіш). Нақты айтсақ, бірінші турда 18 гол соғылып, оның 10 голының авторы шетелдіктер болса, екінші турда соғылған 22 голдың 14 голы легионерлердің еншісіне жазылды. алаш арена
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×