Легионерлер желпінген тур

18.03.2011, 19:15
Легионерлер желпінген тур
Кеше футболдан Қазақстан премьер-лигасының 3-тур ойындары өтті. Еліміздің алты қаласында өткен барлық матч бір минуттық үнсіздікпен басталды. Осылайша Жапониядағы жер сілкінісінен зардап шеккендердің қайғысына Қазақстан футболы да ортақтас екенін көрсетті. Турдың орталық кездесуі Ақтөбеде өтті. Ал оның алдында «Восток» пен «Атырау» және «Ордабасы» мен «Жетісу» додаға түскен еді. Өскемендегі ойында «Восток» алғашқы минуттардан-ақ тізгінді қолдарына алған. Әсіресе, Дмитрий Мамонов бастап, Андрей Шабанов қорғаған қақпаны піспектеумен болды. Шабанов та ер екен, қауіпті соққыларға тойтарыс беріп отырды. Мамонов қатарынан екі бұрыштама добын көтерді. Ол да нәтиже бермеді. Ақыры ойынның 17-минутында алаң иелері мақсаттарына жетіп, Шабанов қорғаған қақпадан саңылау тапты. Тағы да сол Мамонов айып добын әдемі орындап, пасқа өзгелерден бұрын жеткен болгариялық қорғаушы Мартин Ковачев алғашқы голдың авторы атанды. Ал 40-минутта «Востоктың» тағы бір легионері Саша Добрич Қазақстан чемпионатындағы өзінің екінші голын соғып, есепті еселей түсті. Сөйтіп, алаң иелері үзіліске 2:0 есебімен көтеріңкі көңіл күйде шықты. Алайда екінші тайм ойынның бірінші бөлігіне мүлдем кереғар болды. Енді «Атыраудың» шабуылдары қауіп төндіре бастады. Ақыры не керек, ойын аяқталғанша «Атырау» есепті теңестіріп үлгерді. Екі голды да қонақтардың нигериялық шабуылшысы Зито Обдонна соқты. Сөйтіп, легионерлер гол соғып, көзге түскен ойын тең аяқталды. Шымкентте де голдың авторы легионер болды. «Ордабасының» алаңына қонаққа барған «Жетісу» оңтүстік жерінде өздерін қожайындай сезініп, ойынның 17-минутында-ақ гол соқты. Ойында бұдан басқа гол соғылмағандықтан, жалғыз тура соққының авторы өзбек легионері Ұлықбек Бакаев атанды. Дегенмен айта кетуіміз керек, «Жетісуда» бұдан бөлек, гол соғатын тағы бір 100 пайыздық мүмкіндік болған. Бірақ Бакаевтың әдемі пасынан кейін жеке-дара шыққан Сергей Остапенко «Ордабасы» қақпашысы Роман Нестеренконы алдап өте алған жоқ. Бір қызығы, 3-турдың орталық кездесуінде де алаң иелерінің жеңіске жетуіне легионердің көмегі орасан болған. «Ақтөбенің» сенегалдық шабуылшысы Малик Мане «Тобыл» қақпасынан екі мәрте саңылау тауып, Владимир Мұқанов командасын жеңілістен құтқарып қана қоймай, «Ақтөбеге» үш ұпай әперді. Айта кетейік, мұның алдында Сергей Гридин соққан голдың арқасында қонақтар алда болатын. Алматының «Қайраты» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарының» қамалын бұза алмаса, Қарағандының «Шахтері» өткен жылдың қола жүлдегерін қабылдап, 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал «Тараз» тағы да жеңіліп қалды. Бұл жолы киелі қаланың командасы өз алаңында Елорданың «Локомотивіне» есе жіберді. Есеп – 1:2. Енді Қазақстан чемпионаты екі апталық үзілістен кейін 31 наурызда қайта жалғасады. Командалардың ұзақ демалуына ұлттық құрамамыздың «Еуро – 2012» турнирі іріктеу кезеңі аясындағы кезекті ойыны сеп болады. 3-турдың қорытындысы: «Восток» (Өскемен) – «Атырау» – 2:0 Голдар: Ковачев, 17. Добрич, 40. «Ордабасы» (Шымкент) – «Жетісу» (Талдықорған) – 0:1 Гол: Бакаев, 17. «Тараз» – «Локомотив» (Астана) – 1:2 Голдар: Степанович, 61 – Пірәлі Әлиев, 8. Нөсербаев, 43. «Ақтөбе» – «Тобыл» (Қостанай) – 2:1 Голдар: Мане, 75. Мане, 86 – Гридин, 54. «Қайрат» (Алматы) – «Қайсар» (Қызылорда) – 0:0 «Шахтер» (Қарағанды) – «Ертіс» (Павлодар) – 3:0 Голдар: Байжанов, 53-пенальтиден. Хижниченко, 73. Жамбыл Көкеев, 90+. 4-тур 31 наурызда өтеді «Локомотив» — «Ақтөбе» «Ордабасы» — «Тараз» «Ертіс» — «Восток» «Тобыл» — «Шахтер» «Атырау» — «Қайрат» «Жетісу» — «Қайсар»

Әзиз ЖҰМАДІЛ

"Футбол.кз"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×