Лео Мессидің "Барселонадағы" 10 жарқын жеңісі

15.08.2015, 00:21
Лео Мессидің "Барселонадағы" 10 жарқын жеңісі
Месси-"Барселонаның" бағына туған футболшы. Соңғы 7-8 жылдағы клуб жеңістерінің бәрі осы жігітпен байланысты. Мессидің дәуірінде католондықтар 25 турнирдің шыңын бағындырыпты. Талай мәрте шешуші ойындарда гол салды. Әрине, әр жеңістің орны бөлек, дегенмен үздік деген 10-ын еске түсірелік. Испан Премьерасы, 2008/2009 2009-дың 2-ші мамырында Гвардиоланың "Барселонасы" "Сантьяго Бернабеудағы" жанкүйерлер көз алдында Мадридті 6:2 есебімен сан соқтырады. Месси болса сол ойында екі голмен көзге түседі. Жеңіске жеткен "блауграна", "патшалық клубпен" ара-қашықтықты 7 ұпайға ұзартып чемпион атанады. Бұл-Леоның 25 трофейінің ішіндегі 4-іншісі еді. Чемпиондар Лигасы 2008/2009 Негізі, Месси 2006-шы жылы Еуропаның басты клубтық трофейін қоржынға байлаған еді.  Алайда, ол кезде шешуші рөлді Деку, Роналдиньо, Это'о секілді футболшылар атқарған-тұғын. Жасы 20-ға да жетпеген Месси болса ойынға қатысқан жоқ. Ал, араға 3 жыл салып Чемпиондар Лигасының финалында атақты ван дер Сарға баспен гол салып, командасының жеңісіне түбегейлі үлес қосады. Алғаш рет Алтын допты алатын жылы. Гвардиола бастаған жігіттердің мүмкін болған барлық жарыстарда жеңіске жеткен маусымы. Клубтар арасындағы әлем біріншілігі 2008/2009 Әр құрлықтың жеңімпаздары жиылып әлем мықтысын анықтайтын турнир. Сол жылдың аяғында "блауграна" Абу-Дабиде өткен финалда "Эстудиантесті" тізе бүктіріп, бұл трофеймен де клуб музейін толтырады. Ал, бір айдан соң 2-ші Алтын доппен үйіндегі музейін толтырғалы отырған аргентиналық гений баспен де, аяқпен де емес, көкірегімен гол тоғытып есеп теңестіреді. Испан Премьерасы 2009/2010 Сол маусымда Чемпиондар Лигасындағы чемпион атағын қорғап қала алмаса да, ішкі біріншіліктегі алтынды Мадридке берген жоқ. Ал, Жозе Моуриньо баптайтын командамен сол кездердегі ойындар футболдық тартыспен қатар, жанжал- даумен өтпей қоймайтын. Маусымның шешуші кездесуінің тағдырын Мессидің голы шешеді. Қалған бір айда, католондықтар бірінші орынды қызғыштай қорып екінші жыл қатарынан Испания патшасы атанады. Чемпиондар Лигасы 2010/2011 "Уэмблиде" екі жыл бұрынғыдай бұл жолы да "қызыл сойқандар" Гвардиола шәкірттерінің мықтылығын мойындайды. Леоның еншісінде алыстан соғылған жеңісті гол. "Барселона" XXI ғасырда үшінші мәрте Еуропаның үздігі атанса, Месси үшінші рет Чемпиондар Лигасының үздік сұрмергені атанады.  Испан Суперкубогі 2011/2012 Суперкубок көбіне маусым алдындағы жодастық кездесулердің қатарына жатқызылып жатады. Бірақ, "Реал" мен "Барселона" арасындағы жолдастық кездесулердің өзі, ондағы нәтиженің өзі екі команда үшін де маңызды рөл атқаратыны белгілі. Сол маусымда "патшалық клуб" кубокті, "блауграна" біріншілікті алып, қос команданың жолы екі матчтан тұратын текетіресте түйіскен-тұғын. Қос ойынның қорытындысы бойынша, "Барселона" жеңіске жетіп, Месси "Сантьяго Бернабеуда" да, "Камп Ноуда" да мергендігімен көзге түседі. Испан Премьерасы 2014/2015 Требл-мен аяқталған маусым басында католондықтардың ойыны тамаша бола қойған жоқ. Екінші айналымда ғана Энрике командасы күшке мініп жаңа жылға дейін қарсылас шыдатпаған Мадридтегі жауларын атынан аударып тастады. Жеңістің құпиясы-шабуылдағы жұлдызды үштіктің жарқын ойыны. Мессидің оларға еркіндік беріп, өзі бұрынғы ХавИнесьта рөлін атқаруға көнгендігі. Осының арқасында былтыр "Атлетикоға" беріп қойған чемпиондықты Католония астанасына қайтара алды. Мессидің өзі болса сол "Атлетикоға" қарсы алтын матчта жалғыз, алтын голдың авторы атанды. Үздік сұрмерген атағын Роналдуға беріп қойса да, Леоның португалиялыққа қарағанда командаға сіңірген еңбегі орасан зор еді. Испан кубогі 2014/2015 Мессидің финалдағы "Атлетик" қақпасына салған алғашқы голы өткен маусымның үздік голдар қатарына кірері анық. Бес қарсыласты қапыда қалдырып, жақын бұрышты жойқын соққысымен дәл көздеді. Бұл жеңіс-"Барселонаның" маусымдағы екінші трофейі болатын. Чемпиондар Лигасы 2014/2015 Үшінші жүлдесін Энрике командасы Берлинде "кәрі сеньораға" қарсы ойында жаулап алды. Әдемілікті сүйетін команда, әдемі ойынымен топтық кезеңнен бастап әр елдің чемпиондарын жарыс жолынан шығарып келген еді. Ең соңғы кезек-Италияның патшасы "Ювентусқа" тиді. Ол матчта Месси голмен көзге түсе қойған жоқ, алайда аргентиналықтың ойынды өз қолына алғаннан кейін, Суарестің жеңісті голы туған еді. Еуропа Суперкубогі 2014/2015 "Барселонаның" бүгінгі таңдағы соңғы жүлдесі. Қасарысып, негізгі уақытта берілмеген Эмери жігіттерінің сағын "Барса" экстра-таймда сындырды. Лионель бір ойында екі мәрте айып добынан қақпаны дәл нысанаға алып, доп дарытқан бірегей футболшы болып тарихқа атын жазды. Педроның голы да осы жігіттің ерең еңбегі. Өзі айып добын еншіледі, өзі тепті қауіпті. Серпілген допқа шабуылшыға тән қасиетімен Педро жетіп барды. Енді Месси бастаған жігіттердің келесі нысанасы Испан Суперкубогі болып тұр. Қарсылас ескі таныс "Атлетик". Кімнің жеңіске жетерін бір аптадан кейін білетін боламыз.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ              
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×