Түркияның “Серикспор” клубының Қазақстандық қорғаушысы Лев Скворцов соңғы уақытта не себепті жасыл алаңға шықпай кеткенін алғаш рет түсіндірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Жанкүйерлер арасында “жарақат алып қалды ма?” деген қауесет тарағанымен, шын мәнінде футболшының өмірінде үлкен қуаныш орын алған екен.
Скворцовтың айтуынша, оның қатардан шығып қалуына спорттық емес, өте маңызды жеке себеп әсер еткен.
“Бәрі жақсы, рақмет. Менің ұлым дүниеге келді, есімін Леон деп қойдық. Осыған байланысты Отаныма барып қайттым. Мен жоқта команда жаман ойнаған жоқ, бұл – бәсекелестік.” – деді футболшы Legalbet.kz сайтына берген сұхбатында.
Алайда, жеке өміріндегі ақжолтай хабарға қарамастан, Скворцовтың клубындағы жағдай мәз емес. Маусымның аяқталуына небәрі үш тур қалса да, “Серикспор” турнирлік кестенің ең төменгі сатысында, яғни “ұшу” аймағында тұр. Қазақстандық қорғаушы алдағы ойындардың оңай болмайтынын жасырмады.
Скворцовтың айтуынша, футболшылар алаңда соңғы күшін сарп етуде. Қалған үш кездесу клубтың тағдырын шешпек.
“Иә, маусым соңына дейін үш тур қалды, ал “Серикспор” төменге түсіп кету қаупі бар аймақта. Өте-өте қиын болады, бірақ команда алаңда барын салуда." – деп түйіндеді ол.
Еске сала кетсек, 2023 жылдан бері Ұлттық құрама ойыншысы деп аталып жүрген Лев Қазақстанда “Астана”, “Атырау”, “Тұран” және “Ақтөбе” сапында доп тепкен.