Қазақстан құрамасының шабуылшысы және Грозныйдың “Ахмат” клубының ойыншысы Максим Самородов Ресей чемпионатындағы амбициясы туралы ашық айтты, деп хабарлайды Aladop.kz.
Отандасымыз жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында тек футболдағы мақсаттарын ғана емес, жеке өміріндегі армандарын да бөлісті.
Самородов Грозный клубының әлеуетіне нық сенеді. Оның ойынша, командаға тек сәл ғана уақыт қажет.
“Ахмат” – мықты бапкері мен сапалы футболшылары бар керемет клуб. Егер бізге дайындыққа тағы сәл уақыт берсе, біз чемпиондық үшін күресуге дайын боламыз. Бұл – менің жеке пікірім. Мен командаға да, өзіме де сенемін." – деді Максим.
Журналистердің “Күзде неге нашар ойнадың?” деген тікелей сұрағына футболшы жалтармай жауап берді. Ол өзіне өте талапшыл екенін және әлі де болса даму керектігін жасырмады.
“Не жетіспейтінін өзім де түсінбеймін. Маған кемшілігімді дөп басып айтып беретін адам керек."
Сондай-ақ, шабуылшы соңғы екі жылда бірде-бір рет “Матчтың үздік ойыншысы” атанбағанына налып жүргенін жеткізді.
Дегенмен, футболшының алға қойған жоспарлары тек жасыл алаңмен шектелмейді. Сұхбат соңында ол өзінің адами тілектерін де тізіп берді.
“Әрине, мен чемпион болғым келеді. Осы уақытқа дейін мұндай биікті бағындырмаппын. Алдымен матчтың үздік ойыншысы болып, сосын сатылап өсе бергім келеді. Ал өмірде көпбалалы әке болуды армандаймын.” – деді Самородов.