Ресей құрамасының қақпашылар бапкері, бұрынғы үздік қақпашы Виталий Кафанов Қазақстан футболындағы таланттарды назардан тыс қалдырмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Тәжірибелі маман еліміздегі бірнеше қақпашының ойынына жоғары баға беріп, олардың әлеуетін ерекше атап өтті.
Кафановтың айтуынша, оның назарына іліккендердің көш басында алматылық “Қайраттың” түлектері тұр. Бапкер жас таланттардың халықаралық деңгейдегі ойынын жоғары бағалаған.
“Қайрат” сапындағы Темірлан Анарбеков пен Шерхан Қалмырзаның қалай ойнайтынын Чемпиондар лигасының матчтарында көрдім. Олардың әлеуеті өте жоғары.” – деді Кафанов Дядя Ваня телеграм арнасына берген сұхбатында.
Ресейлік маман тек жастарды ғана емес, Қазақстан чемпионатының ардагерлері мен қалыптасқан шеберлерін де бақылап жүргенін жеткізді. Оның тізімінде мынадай есімдер бар:
– Стас Покатилов: Кафанов тәжірибелі қақпашының мансабын әлі де қадағалап жүргенін айтты.
– Мұхаммеджан Сейсен: Оның қабілетін жоғары бағалап, болашағынан үміт күтетінін білдірді.
– Данил Устименко: Жас қақпашының мүмкіндіктері туралы хабардар екенін атап өтті.
Виталий Кафанов Қазақстандық қақпашылар мектебінің деңгейіне тоқталып, аталған футболшылардың әлі де өсетініне сенім білдірді.
“Бұлардың барлығы – өте жақсы қақпашылар. Олардың дамуға, өсуге және бұдан да үлкен жетістіктерге жетуге толық мүмкіндігі бар." – деп түйіндеді маман.
Айта кетсек, Кафанов мансабында Қазақстан және Түрікменстан құрамаларының қақпасын күзеткен.