Лионельдің әкесі Хорхе Орасио Месси болат құю комбинатының жұмысшысы, ал анасы Селия Мария Месси (Куччиттини) еден жуушы болып жұмыс істеген. Мессидің Родриго және Матиас деген екі ағасы және Мария Соль есімді әпкесі бар.
Месси – 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының чемпионы, 2005 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы (турнирдің үздік ойыншысы және үздік сұрмергені). «Барселона» сапында Испанияның бес дүркін чемпионы болды (2004/05, 2005/06 және 2008/09, 2009/10, 2010/11). 2007, 2009 және 2010 жылдары Испания чемпионатының ең үздік ойыншысы атанды. Сондай-ақ, ол Чемпиондар Лигасының үш дүркін жеңімпазы (2005/06, 2008/09, 2010/11).
2012 жылдың 2 мамырында Месси маусымдағы өзінің 68-ші голын соғып, Герд Мюллердің 1972/73 маусымдағы көрсеткішінен (67 гол) асып түсті. Ал 2012 жылдың 10 желтоқсанында күнтізбелік жылдағы 86-шы голын соғып, Герд Мюллердің 1972 жылы жасаған рекордын (85 гол) жаңартты.
2013 жылдың 7 қаңтар күні Лионель Месси тарихта «Алтын доп» жүлдесін қатарынан төрт рет жеңіп алған тұңғыш футболшы атанды.
Атақты футболшы Антонелла Рокуццо деген арумен азаматтық некеде тұрады, олардың Тиаго (2012) есімді ұлдары бар.
– Лионель, төртінші «Алтын доп» құтты болсын!
– Айтарға сөз жоқ, қуаныштымын! «Барселонадағы» әріптес достарыма мың рахмет! Командаластарым болмаса мен кім едім? Бапкерлерге, клуб пен құраманың қызметкерлеріне, отбасым мен достарыма, бәріне айтар алғысым шексіз.
– Өзіңіздің атақтарыңыздың ішінде қайсысын ерекше бағалайсыз?
– Шынын айтсам, маған әлем чемпионының атағы жетіспейді. Өзімнің «Доптарымды» әлем чемпионы мәртебесіне ойланбай-ақ айырбастар едім. Мундиальда өзіңді ең мықты сезінуге ештеңе де жетпейді. Мен «Барселона» мен Аргентина құрамасы сапында жеңімпаз болуды ылғи да армандаймын. Келесі әлем чемпионатының менің еліме жақын жерде өтетіні – біздің бойымыздағы оптимизмнің отына май құяды.
– Сіз бірде, «Мен үшін қанша гол соққаным емес, қанша атақты жеңіп алғаным әлдеқайда маңызды», деген болатынсыз. Сізді тағы қандай нәрселер мазалайды?
– Иә, мен жеке басымның жетістігінен гөрі командамен бірге ұтып алған атақтарды бәрінен де жоғары қоямын. Мен үшін әлемдегі ең үздік футболшы болғаннан гөрі жақсы адам болғаным маңыздырақ. Карьерам біткен кезде жұрттың мені тек жақсы жақтарымнан ғана еске алғанын қалаймын. Әрине, голды сатырлатып соққан ұнайды-ақ, дегенмен бірге ойнайтын достарымның арасында адами қасиеттеріммен сыйлы болғанға не жетсін?!
– Нені жек көресіз, жалпы, не нәрсе Сіздің ызаңызды келтіреді?
– Жеңілгенді жаным жек көреді. Былайғы өмірде ме? Өмірдегі суқаным сүймейтін нәрсе – кедейлік. Мен кедейшілік жайлаған елде дүниеге келдім. Ол жақта қайыр сұраудан басқа амалы қалмаған жастар өте көп немесе олар бұғанасы қатпай жатып қара жұмысқа жегілуге мәжбүр.
– Мұқтаж балаларға көмек беретін өзіңіздің Қорыңыз туралы айтыңызшы?
– Біздің Қордың басты мақсаты – балаларға жақсы білім беру, оларды көшенің теріс ықпалынан қорғап, спортпен, біліммен айналысуына жағдай туғызу. Балаларға қол ұшын берер мүмкіндігіңнің болғаны нағыз бақыт дер едім!
– Атақ-даңқыңыз жер жарып тұр. Үлкен де, кіші де Сіз дегенде құрақ ұшады. Үнемі жұрттың назарындасыз. Осының бәрі жалықтырмайды ма?
– Жоқ. Неге десеңіз, мен футбол алаңында да, былайғы өмірде де сол баяғы Месси болып қаламын. Жұрттың қадалып қарағаны мені соншалықты мазаламайды, бұған етім үйреніп кеткен. Басында ел мені көшеде танып жатқанда қысылып, тіпті, ұялатынмын да.
– Сіздің ойнау мәнеріңізді жалықпай жаттығу жасап, ерінбей еңбектеніп барып айнытпай қайталауға бола ма?
– Олай деп ойламаймын... Негізі, мен бала кезімде дәл осындай мәнерде ойнағанмын.
– Жастау кезіңізде қарсыластарыңыз Сізге қарсы дөрекі ойнағанда Пике Сізді үнемі қорғап жүрді дейді. Осы рас па?
– Рас. Сол кездің өзінде Пикенің бойы қарсыластардың көбінен ұзын еді, күші де басым болатын. Ол бізді ылғи да қорғап жүретін.
– Былтыр Сіз әке болдыңыз. Бұл жағдай Сіздің өміріңізге қандай да бір өзгеріс әкелді ме?
– Әрине. Өмірге басқаша көзқараспен қарай бастайсың. Бұрын өзімнің жайымды ғана күйттеп келген едім, ендігі жағдай басқаша: тек қана балаң туралы ойлайсың, соның болашағы бұлтсыз болса екен деп жатпай-тұрмай уайымдайсың.
– Алаңда Сіздің бір голмен тынбайтыныңызға қарағанда келешекте отбасыңыздың саны тек қана көбейе түсетін шығар?
– Білмеймін... Баланың көп болғаны, әрине, жақсы. Көрерміз!
– Жұрттың айтуынша, Сіз – мамандар қабілетіңізге құрметпен қарап, ойнау мәнеріңізді өзгерткісі келмеген жер бетіндегі жалғыз ойыншы екенсіз...
– Мүмкін. Бірақ та, басында бәрі де басқаша болған. Мен ешкімге пас бермейтінмін! Бұл туралы маған талай айтып, ескерткен кездер де болды. Сөйтіп барып түзелдік қой. Ал басында... пас беру дегенді білмейтінмін!
– Сіз алаңда көп сөйлейсіз бе?
– Жоқ, көп емес (күлді).
– Сіздің қарсыластарыңыз бен төрешілер мұнымен келісе қоймайды...
– Төрешілер және қарсыластарыммен көп сөйлесетінім рас. Ал әріптестеріммен алаң үстінде сөйлесудің қажеті де жоқ. Біз бір-бірімізді айтпай-ақ түсінеміз.
– Мауриньо туралы не айтасыз?
– Ештеңе айта алмаймын. Өйткені, мен оның қандай адам екенін білмеймін, онымен ешқашан сөйлескен емеспін. Тек қана білетінім – ол көп нәрсеге қол жеткізген адам, көптеген атақтар мен наградаларға ие болған маман. Ойыншылардың да ол туралы жақсы пікірде екенін білемін.
– Мауриньо «Барсаның» орындауындағы футбол ішті пыстырады, ал Испания құрамасының ойын мәнері тек қорғанушы дейді.
– Испания құрамасы тура біз сияқты ойнайды. Оларға қарсы ойнап, допқа иелік етем деу – бос далбаса. Менің Испания құрамасына қарсы ойнаған кезім болды: допқа таласам деп әбден алаөкпе болғаным бар.
– Криштиану Роналдумен араларыңызда бітіспес бәсеке бар дейді...
– Мұны шығарып жүрген журналистер. Әйтпесе, біздің арамызда ешқандай бәсеке немесе салқындық деген жоқ.
– Сіздің арманыңыз – бір жылдан кейін Бразилиядағы мундиальда жеңіске жету ме?
– Құдайдың қолдауымен осы арманды жүзеге асырсам ба деймін...
мақала Фейсбуктегі Sportstan тобынан алынды
Біздің серіктес: FONBET