Маэстро

11.03.2011, 08:38
Маэстро

Таяуда «Әлем чемпионаттарының аңыздары» атты осыдан бірнеше жыл бұрын «Eurosport» арнасынан көшіріп жазып алған көне бейнетаспаны қайталап көрдім. Пеленің ғажап голдары, Марадонаның тамаша дриблингі, Платинидің паң жүрісі мен «па, шіркін!» дегізерлік керемет пастары... бірінен-бірі өтеді. Бірақ бәрінен де айран-асыр қалдырғаны – жасыл алаңның кез келген нүктесінен табыла білетін Йохан Кройфтың ғаламат шеберлігі еді...

Ұлы еврей

Шыны керек, бүгінде егде тартқан жанкүйерлер болмаса, көпшілігіміз Кройфтың ойынын дұрыстап көрген де жоқпыз. Біз футбол қарай бастаған 80-жылдардың басында ол шау тартып, шабандап қалған еді. Алайда, соның өзінде оның алаң ортасындағы ойлы ойыны, команданың бүкіл қимылының тізгінін өз қолында ұстауы талайды тәнті ететін. Ал нағыз бабындағы шағында қандай болғанын әлгі бейнетаспадан тамашалап, таң қалғанымызды айттық. Оған қарсы ойнағандар тіпті «Кройф Пеледен де мықты еді» деседі. Мәселен, 1974 жылғы әлемдік доп додасының бас мергені, поляк шабуылшысы Гжегош Лято: «Футбол тарихындағы ең ұлы ойыншы – Йохан Кройф, ал Пеле содан кейін тұрады», – деп ашық мәлімдеді. Пеленің «Әлемнің ХХ ғасырдағы үздік футболшысы» атанғаны мәлім. Ал Кройф – «Еуропаның ХХ ғасырдағы үздік футболшысы».

Йохан Кройф

Еуропаның үш дүркін үздік футболшысы (1971, 1973 және 1974), Голландияда мұндай атаққа бес рет ие болған (1967, 1968, 1969, 1971, 1984);

1974 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және үздік ойыншысы, 1976 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері;

Голландия құрамасының сапында 48 ойын өткізіп, 33 гол соққан;

Кәсіби футболдағы 20 жыл ішінде «Аякс» (1964-1974, 1982-1983), «Барселона» (1974-1978), «Лос-Анжелес Ацтекс» (1979), «Вашингтон Дипломатс» (1980), «Леванте» (1981) және «Фейеноорд» (1984) клубтарында ойнаған;

Голландияның 9 дүркін чемпионы, 6 дүркін ел кубогының иегері, Испания чемпионы, Корольдік кубок жеңімпазы;

Чемпиондар кубогының 3 дүркін жеңімпазы (1971, 1972, 1973), Еуропа суперкубогы мен Құрлықаралық кубоктың иегері (1972);

Бапкер ретінде «Аякс» (1985-1988), «Барселона» (1988-1996) клубтарын жаттықтырып, талай табыстарға жетті.

Йохан Кройф 1947 жылдың 25 сәуірінде Амстердамның еврейлер көп шоғырланған ауданында дүниеге келіпті (оны журналистердің «еврейден шыққан тұңғыш ұлы футболшы» деп атауы тегін болмаса керек). Әкесі Мэнус ұсақ саудамен айналысса, анасы Нэл «Аякс» футболшыларының киім-кешегін жуумен нан тауыпты. Баласын «Аяксқа» алып келген де сол кісі екен. Клубтың балалар командасының бапкері әуелі 10 жасар Йоханға қарап тұрып: «Тым әлжуаз екен», – деп, басын шайқаған көрінеді. «Тек сіздің балаңыз болғаны үшін ғана келісіп отырмын, біраз байқап көрейік, өзгелерге ілесіп кете алмаса, бізге ренжімеңіз» депті сосын. Шидей ғана «әлжуаз» балақайдың қатарластарынан әлдеқайда талантты екенін ол байғұс қайдан білсін...

Балалар командасында 7 жыл жаттыққан Йохан 1964 жылы «Аякспен» ресми келісім-шарт жасасып, көп ұзамай оның негізгі ойыншыларының біріне айналды. Амстердамдық клуб 1966-1973 жыл аралығында 6 рет ел чемпионы атанды, үш жыл қатарынан Еуропа елдері чемпиондарының кубогын (қазіргі Чемпиондар лигасы) жеңіп алды. Команданың осы табыстарының бәріне де Й.Кройфтың еңбегі ерекше сіңді. Оның ойыны мамандар тарапынан да жоғары баға алып, үш рет қатарынан құрлықтың үздік футболшысы атанды. Бұл – бұған дейін ешкім қол жеткізе алмаған жетістік еді.

Даңқы дүркіреген дүлдүл жігітке Еуропаның үздік клубтары қатты қызығып, бірінен соң бірі шақыра бастады. Йохан солардың ішінен ойын философиясы өз стиліне сәйкес келетін «Барселонаны» таңдады. Алайда, 70-жылдары испан суперклубы халықаралық аренада да, ұлттық біріншілікте де аса көп табысқа жете қоймады.

Алаңдағы бапкер

Й.Кройф ұлттық құрама сапында да көздеген мақсатына жете алмады. Ол Голландия құрамасының қызғылт-сары жейдесін алғаш рет 1966 жылы Венгриямен кездесуде киіп, тұңғыш ойынында-ақ гол соғып үлгерді. Дегенмен, Йоханның жұлдызды шағы – 1974 жылы Батыс Германияда өткен әлемдік доп додасы еді. Бас бапкер Ринус Михелс кілең «Аякс» пен «Фейеноорд» ойыншыларынан құрылған голланд командасын чемпионатқа мүлде жаңа тактикалық тәсілдермен қаруландырып әкелді. Допты ұйымдаса тартып алу, жасанды офсайд, қорғаныста да, шабуылда да ойын барысына қарай әр футболшының бір-бірінің орнын басып ойнай беруі – басқалар үшін әлі таңсық еді. Мұндай «ұйымдастырылған берекесіздікке» қарсы ештеңе жасай алмай, пұшайман болғандар шетінен жеңіле берді. Сөйтіп, алаңдағы 11 ойыншының да қатысуын қажет ететін «тұтасқан футбол» («тотальный футбол») дүниеге келді. Голландықтар сол кездің өзінде-ақ бүгінгі үздік құрамалардың тактикалық бағыт-бағдары саналатын 3-5-2 үлгісімен ойнады. Вим Сурбиер қорғаныстың оң қапталын қадағалады, Руди Крол сол қанатты тастай ғып бекітті. Ортада қажет кезде олардың қателігін түзетуге әзір Ари Хаан жүрді. Ортаңғы шептегі үш Вим – ван Ханегем, Янсен және Райсберген тылдың тыныштығына көбірек көңіл бөлді, ал Йохан Неескенс негізінен шабуылшыларға (Джонни Реп пен Роб Ренсенбринк) қол ұшын берді. Йохан Кройф болса, осы «ұйымдастырылған берекесіздіктің» басты дирижері, ұстаз идеясын іске асырушы «алаңдағы бапкер» болатын.

Кройфтың өзгелерден артықшылығы неде еді? Біріншіден, оның жылдамдығы керемет-тін. 30 метрді ол 3,8 секундта жүгіріп өтетін. Екіншіден, сол жылдамдығын ол тамаша игере білетін. Қажет кезде лезде құйындай жүйткіп, артынша лезде іркіле қоятын. Үшіншіден, Йохан допты аса шеберлікпен жетектегенде, оны одан тартып алу еш мүмкін емес-ті: қара күші тасыған талай қорғаушыны Кройфтың жалт бұрыла қоятын шалт қимылы пұшайман ететін. Оның «Ұшқыр голланд» атануы да сондықтан еді.

Дегенмен, Й.Кройфтың, жалпы Голландия құрамасының көз сүйсіндірер керемет ойынына қарамастан 1974 жылғы әлем чемпионатының финалында бір тәртіпке бағынған ұйымшыл неміс командасы жеңіске жетті. Бұл ойынның бейнетаспасын көріп отырып, қандай тамаша матч болғанына көз жеткізе аласыз. Голландықтар бірінші таймда алаң иелерінен әлдеқайда басым ойнады. Олар тіпті немістердің аяғы допқа тимей жатып-ақ есеп ашты. Ойынды ортадан бастаған қызғылт-сары жейделі футболшылар бір-біріне 14 дәл пас тастады, сосын 14-нөмірлі ойыншы Кройф айып алаңына тұра ұмтылды. Оны қорғаушы Берти Фогтс шалып жығуға мәжбүр болды. Пенальтиді мүлтіксіз соғатын Неескенс бұл жолы да мүлт кеткен жоқ.

Бұдан кейін де голландықтар есепті еселей түсуге талай рет мүмкіндік алды. Қорғаныстың мақтаулы Беккенбауэр бастаған ортаңғы шебі жасыл алаңда ойнақ салған Кройф пен оның әріптестерін өз қақпасына қарай жиі-жиі өткізіп алумен болды. Бірақ қақпашы Зепп Майер бұл кездесуде тамаша ойнады. Оның Вольфганг Оверат және Пауль Брайтнер секілді серіктері еңсесі басылып қалған команданың жігерін қайта жануға барын салды. Қолдан сусып кете барған ойын тізгінін қайта ұстауға осы ойыншылар, сондай-ақ Райнер Бонхоф көп үлес қосты. Көп ұзамай Ян Йонгблад қақпасының маңында да қауіпті жағдайлар көбейе түсті. Сондай сәттің бірінде айып алаңына андыздай ұмтылған Бернд Хельценбайнды Янсен шалып құлатты: Брайтнер 11 метрлікті дәл соғып, таразы басын теңестірді. Бірінші таймның бітуіне екі минут қалғанда Герд Мюллер өзінің құрама сапындағы соңғы голын соқты – 2:1.

Футбол Пикассосы

1974 жылы тұңғыш рет чемпионаттың үздік футболшысы журналистердің дауыс беруі арқылы анықталды. Неміс Франц Беккенбауэр (278 дауыс) мен поляк Казимеж Дейнаны (175) артта қалдырған Голландия құрамасының капитаны Йохан Кройф 372 ұпаймен бірінші орын алды.

Голландия құрамасының сапында 48 ойын өткізіп, 33 гол соққан Кройфты жұрт сол кездің өзінде «ХХІ ғасырдың футболшысы», «Маэстро», «Футбол Пикассосы» деп атаған екен. Расында да, футболшы десе, көз алдымызға екі иығына екі кісі мінгендей атлет жігіттер елестемей ме? Ал Кройф спортшыдан гөрі өнер адамына көбірек ұқсайды. Тек сырт келбеті жағынан ғана емес, ойнау стилі жөнінен де. Өзге жұрт құшырлана тебу үшін жаралған деп түсінетін ала доп оның аяғына тигенде, суретші қылқаламына, әлде дирижер қолындағы таяқшаға айналып кететіндей еді. Жанкүйер қауымның оның ойынынан өнер туындысын тамашалағандай әсер алатыны сондықтан болса керек. Ол кейін бапкер ретінде де әлемге әйгілі болды. Сонда ол басқарған командалар да тура Кройфтың стилінде ойнайтын.

Қазір ол бапкерлікті де қойған. Саяхатқа шығып, ел аралайды, достарымен гольф ойнайды, кейде арнайы өтініштерді орындап, жас балаларға футболдан сабақ үйретеді, телеарналар мен баспасөз беттерінде өз көзқарастарын айтып отырады. Ал жақында Йохан Кройф «Аякс» клубының футбол академиясына бас-көз болатын кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Зайыбы Данни де – Голландияға белгілі бай отбасының қызы. Ұлы Хорди Кройф та футболшы болды, кезінде Англияның «Манчестер Юнайтед» клубында өнер көрсетті, ұлттық құрамада да ойнады (мәселен, 1996 жылғы Еуропа чемпионатында).

Сәкен СЫБАНБАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Манчестер Сити
Эвертон
17.30
П1
1.365
Ничья
5.5
П2
8.95
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Ньюкасл Юнайтед
Астон Вилла
20.00
П1
1.977
Ничья
3.995
П2
3.71
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Борнмут
Кристал Пэлэс
20.00
П1
1.915
Ничья
3.95
П2
3.99
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Челси
Фулхэм
20.00
П1
1.509
Ничья
4.945
П2
6.22
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Саутгемптон
Вест Хэм Юнайтед
20.00
П1
3.315
Ничья
3.62
П2
2.233
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Ноттингем Форест
Тоттенхэм Хотспур
20.00
П1
2.385
Ничья
3.81
П2
2.905
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.26
Вулверхэмптон
Манчестер Юнайтед
22.30
П1
4.025
Ничья
3.79
П2
1.946
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.27
Ливерпуль
Лестер Сити
01.00
П1
1.087
Ничья
14
П2
29
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.28
Брайтон энд Хав Альбион
Брентфорд
00.30
П1
1.691
Ничья
4.48
П2
4.735
Чемпионат Англии. Премьер-лига
12.28
Арсенал
Ипсвич Таун
01.15
П1
1.153
Ничья
9.2
П2
20
Aladop Youtube
×