Маэстро, Профессор, Архитектор ... Пирло «Ювенің» бас бапкері

Байділдә Жандос
Бас редактор
10.08.2020, 02:57
«Ювентуске» бас бапкер болып Андреа Пирло келді.
Маэстро, Профессор, Архитектор ... Пирло «Ювенің» бас бапкері

2018-2019 ж.ж маусымда "Аякстың" жап-жас жігіттері құрамы "сен тұр, мен атайын" дейтін шеберлерден тұратын "Ювентус" командасына екі ойында да нан жегізбей, ойлануға, қорғануға мұрша бермей, әбден әбігерге салған. "Ювентус" ұзақ қашықтыққа жүгіретін кениялық марафоншылар сияқты Италияның А Сериясында ешкімге дес бермегенмен, Чемпиондар лигасы сияқты турнирлерде қолды-аяққа тұрмайтын жылдам клубтар кездескенде, көп жағдайда есе жіберіп жүрді.

Содан клуб басшылығы ойыны тартымды, шабуылды жақсы көретін, жылдам футбол ұйымдастыра алатын Маурицио Сарриді бас бапкер етіп шақырды.

Сарри бір жылда жарытып ештеңе бітіре алған жоқ. Клуб басшылығы да қолына карт-бланш ұстатып, ойындағы трансферін жасап бере алмады. Клубтағы атмосфера да күрделене түсті. Үлкен клубтарда тек жаттықтырушы болу аздық етеді, аздап саясат та ойнау керек. Сарри футбол үшін жаралған адам, сол себепті футбол айналасындағы ақпараттық шабуыл мен жанкүйер тарапынан жиі болатын қысымға төтеп бере алмады. Жылда оңай чемпион болатын "Ювентус" биыл Скудеттоны әупірімдеп жүріп әзер алды. Италия Кубогында "Наполи" командасынан ұтылып қалды. Чемпионаттың шешуші сәтінде адуынды "Аталантаға" әлі келмейтінін анық түсінді. Ал, кеше "Лионға" қарсы ойында командалық ойында шикілік бары, көп жағдайда Роналдудың шеберлігі шешуші фактор екені анық көрінді.

Қысқасы, "Ювентустың" ойыншылары ғана емес, ойын философиясы да шау тартты. Футболдағы тенденция өзгерді. Бәрі жылдам прессингке, "бір ойыншыға артық ойнау" стиліне көшті.

Мен клуб басшылығы "Лациодан" Симоне Индзагиді шақырып қалар деп ойлағам. Бірақ, соңғы 2 айда жарытып ойнай алмаған, шешуші сәтте сыр берген "Лацио" бапкерінен саналы түрде бас тартқан сияқты.

Сонымен командаға бас бапкер болып Андреа Пирло келді. Ойыншы кезінде-ақ Маэстро, Профессор, Архитектор деген қосымша ныспысы болған кәміл ойыншы.

Әрине, тәжірибеде бар дүние. Гвардиола, Зидан, Лэмпард оған дәлел. Бірақ, олар бас бапкер болғанға дейін де команда жаттықтырып, тәжірибе жинаған. Пирлода ол да жоқ. Жақында ғана (30 шілде) 23 жасқа дейінгі "Ювентустың" жастарын жаттықтырып бастаған. Бір артықшылығы - команданы жақсы біледі, қазіргі құрамның біразымен доп та тепкен. Буффон сияқты ардагерлер тарапынан міндетті түрде қолдау болады.

Пирло футболшы ретінде басқалардан өзгеше ойлайтын, өте дәл шешім қабылдайтын, физикаға емес, ақылы мен техникасына сенетін ойыншы болды. Бұ жолы да ақылы адастырмайды деп сенем. Анчелоттидің "Миланында", Контенің "Ювентусында" ойнаған адам ғой, шабуыл мен қорғаныстың не екенін өте жақсы біледі. Италиялық ретінде тактикаға да жүйрік екені айтпаса да белгілі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×