Аналитикасы дәл келетін, кез келген детальға мән беретін Нагельсманн

Байділдә Жандос
Бас редактор
19.08.2020, 02:42
Бүгін түнде Лейпциг-ПСЖ матчы.
Аналитикасы дәл келетін, кез келген детальға мән беретін Нагельсманн

Нагельсманн - новатор, Неймар - гений.

Бірі құрылғанына 11 жыл ғана толған клуб (Лейпциг) болса да, бапкері 33-тегі жап-жас жігіт болса да, команда мен коучының аты алты құрлықты шарлап кетті. Мұндай жаста ешбір бапкер командасын УЕФА чемиондар лигасының жартылай финалына алып шықпаған. Қош делік.

Нагельсманнды новатор дедік қой. Ойындағысын жүзеге асыру үшін барлық технологияны пайдаланады. Ойыншыларын тек физикалық тұрғыда ғана баптамай, психологиясын да, шешім қабылдауын да түрлі жолдармен жетілдіріп отырады.

Өзі футболшы болғанда көп жарақат алып, соңы бапкерлік жолды таңдаған. Оған дейін философия, психологияны оқып, менеджментті меңгерген. Аналитикасы дәл келетін, кез келген детальға мән беретін адам.

Қарсылас команданың күш-жігеріне, ойын стиліне жылдам бейімделе алатын команда жасады. Допсыз да, доппен де жақсы ойнайды. Қорғаушысы алаңның орта шебіне, жартылай қорғаушысы шабуылға ойысып ойнай береді. Қарсылас үшін жұмбақ, қандай жолмен қауіп келерін білмей дал болады. Ойыншылары қалайда допты тартып алу үшін емес, прессингке оңтайлы сәтте рационалды тұрғыда шығады. Бір ойыншы бірнеше адамға кедергі болуға тырысады.

Жартылай финалға дейін Моуриньюның "Тоттенхэмін", Симеоненің "Атлетикосын" тоқтатты. Қысқасы, әлем футболында тактикаға жүйрік деген екі бапкерге сабақ үйретіп кетті.

Лейпциг - алдымен бапкердің ұлылығына сүйенген команда. Нагельсманн қарсыласын көп зерттейді, жан-жақты дайындалады. Әзірге аналитикасы алдаған жоқ, интуициясы жолда қалдырмады.

Дегенмен, "Лейпциг" ПСЖ командасының жанында ТОП клуб емес. Лейпцигте Неймар, Мбаппе, Ди Мария, Верратти, Маркиньос сияқты ойыншылары, тіпті Кейлор Навас секілді қақпашысы жоқ.

Бүгін Верратти мен Ди Мария ойынға қосылады, Мбаппе алғашқы минуттан бастап ойнайды. Команданың екпіні қатты, амбициясы айтпаса да түсінікті. Францияда тең келетін қарсылас жоқ, ЛЧ - басты арманы.

Неймар қазір өте байсалды, ақылды ойыншыға айналды. Ойынды ұйымдастырушы сол. Бұрынғыдай қапталмен емес, сәл артқа шегініп ойнайды. Паспен қамтамасыз ететін сол. Әсіресе, темірдей тәртіпке құрылған Лейпциг секілді командаға қарсы Неймар - нағыз джокер. Өткенде азуы алты қарсы Аталантаға қарсы соны дәлелдеді. Неймарды үш ойыншы күзетпесе, жоқтан бар жасайтын адам. Ал, Неймарға қарсы көп ойыншы шығындау Мбаппе сияқты ашқарақтана ойнайтындарға бос кеңістік жасап береді.

ПСЖ соңғы үш жылда да ЛЧ-дан ұшқанда, шешуші сәтте Неймарсыз ойнады. Ал, биыл Неймар нағыз лидер. Аталанта қарсы ойында "матчтың үздік ойыншысы" деген марапатын командаласы Шупо-Мотингке ұстата салды. Неймардың басты арманы қалқанқұлақ кубокты Парижге апару, ПСЖ-ға тұңғыш рет Еуропаның үздігі деген мәртебе сыйлау.

Сондықтан, мен бүгінгі матчта ПСЖ-ның жеңісіне көбірек сенемін. Және бұл ойында Неймар факторы шешуші рөл атқаруы тиіс. Дәл қазір ойын барысына Неймар сияқты ықпал ететін ойыншы кемде кем.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×