Магомед Адиев: «Адамдардың есінде менің Қазақстандағы жұмысым туралы жақсы естеліктер болғанын қалаймын»

19.06.2022, 02:54
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев РБ Спорт басылымына берген сұхбатында команданың Ұлттар лигасындағы нәтижелері мен өзінің болашағына қатысты пікір білдірді:
Магомед Адиев: «Адамдардың есінде менің Қазақстандағы жұмысым туралы жақсы естеліктер болғанын қалаймын»

– Қазақстан өз тобында сенімді түрде көш бастап келеді. Турнир басталар алдында сізге В лигасына шығу міндеті қойылды ма?

– Ондай тапсырма болған жоқ. Ең бастысы, бізге мықты команда құру туралы міндет жүктелді. Бәсекеге қабілетті болу және қарсыластарымызға лайықты түрде төтеп беру – басты міндет болды.

– «Астана Аренада» Словакиямен өткен ойынға 28 мың көрермен жиналды. Қазақстанда бұрын-соңды осындай жағдай болған ба?

– Әрине, бұған дейін мұндайды көрмедім, бірақ мұндағылар көптен бері бұл стадионда аншлаг болмағанын айтты. Менің ойымша, «Астана» Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған кезде жанкүйерлер көп жиналған.


– Сізді бір кездері Ресейді жаттықтырған Гус Хиддинкпен теңеп жатқан шығар.

– Олай айтқым келмейді (күліп). Осы күнге дейін жоғары көтерілу үшін ешнәрсе жасаған емеспін. Кейбір жерлерде жолым болмады, бірақ мұндағы шаруам да әлі біткен жоқ. Адамдар мені көшеде тани бастады десем болады. Шынымды айтсам, көптің назарында болғанды ұнатпаймын. Мен адамдардың арасында тыныш жүргім келеді. Бірақ танымал бола бастағандықтан, адамдарға мені және команданы қолдағаны үшін көбірек көңіл бөлуге тура келеді.

– Енді топта бірінші орыннан айырылып қалу ұят болатын шығар.

– Мүмкіндігіміздің артқаны анық. Барлығы өз қолымызда. Беларусь құрамасымен болатын өз алаңымыздағы ойын шешуші рөл атқарады. Үлкен жұмысты тындыру үшін аянбай еңбек етейік.

– Қыста Қазақстанда қаңтар оқиғасы болды. Қазір елдегі жағдай қалай?

– Өте жақсы, ешқандай мәселе жоқ. Мұның бәрі артта қалды. Менің ойымша, адамдар бұл туралы ұмытып та кетті. Мен футболда қауіпсіздік шараларының күшейтілгенін байқамадым.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құраманы жеңістерімен құттықтады ма?

– Менің түсінуімше, ол қазір елде жоқ. Ол кісі соңғы матчқа қатысады деп күтілген еді, бірақ өкінішке орай келмеді. Ойын аяқталғаннан кейін Премьер-Министрдің орынбасары кіріп, команданы Президенттің атынан құттықтады. Ол кісінің бұл ойынды көргенін айтты.

– Команданың жетістігіне киім ауыстыратын бөлмедегі атмосфераны реттеу себеп болды деп айттыңыз. Бұған дейін Қазақстан құрамасында бұл жағынан қиындықтар болды ма?

– Қандай проблемалардың болғанын айту мен үшін қиын. Аз уақыттың ішінде жігіттерге қол ұшын созып, команданы біріктіру керек екенін түсіндім – тек осы ғана жақсы нәтижеге жетуімізге көмектесті.


– Келісім-шартыңыз жылдың соңына дейін есептелген. Федарция мерзімін ұзарту туралы ұсыныс жасады ма?

– Менің ойымша, оған әлі ерте. Бізде федерация президентімен келісім болды. Олар менің Ұлттар лигасындағы нәтижеме қарайтынын айтты. Егер екі жақтың ойы бірдей болса, біз әрқашан ортақ мәмілеге келе аламыз. Бізге Ұлттар лигасында әлі екі матч өткізу керек. Қарашаға екі жолдастық ойын жоспарланған. Осы төрт матчты аяқтағаннан соң ғана ары қарай не болатынын талқылаймыз.

– Ресей құрамасымен жолдастық кездесу өткізгіңіз келе ме?

– Біз көршіміз ғой. Әрине бұл қызық болар еді.

– Қазақстан құрамасының ойыншылары бір-бірімен қалай сөйлеседі? Қазақша ма, орысша ма?

– Қазақ тілін қолданады. Ал мен оны құптаймын. Грозный командасының ойыншысы болған кезде шешен тілінде сөйлейтінмін. Кейде қонаққа келген жігіттер мені түсінбейтін. Бірақ байқамай сөйлеп қаласың. Ана тілі кез келген елдің, кез келген республиканың меншігі, мәдениеті деп білемін. Сіз әрқашан өз тіліңізді дамытып, оны есте сақтауыңыз керек. Түрлі конфессиялар мен ұлт өкілдерінің орыс тілінде байланыс орнататыны анық. Біздің киім ауыстыратын бөлмеде орыс және қазақ тілдері пайдаланылады.


– Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасы арқылы тарихта тұңғыш рет Еуропа чемпионатына шығуы мүмкін, ал Сізде ЕУРО-дағы жалғыз ресейлік болатын мүмкіндік бар.

– Мен кейбір тарихи сәттерге қол жеткізуді онша ұнатпаймын. Маған қандай да бір мотивациямен жұмыс жасау көбірек ұнайды.

– Қандай да бір ресейлік клуб келісім-шарт ұсынса, Қазақстан футбол федерациясы Сізге екі жерде жұмыс істеуге мүмкіндік бере ме?

– Ол үшін алдымен қызықты ұсыныс болуы керек, содан кейін ғана федерациямен сөйлесеміз. Егер екі тарапта да қызығушылық болса, сіз әрқашан адам ретінде келісе аласыз.

– Қазақстанда жұмыс істеген кезде Ресейден ұсыныстар болды ма?

– «Шахтердің» еурокубоктегі нәтижесінан кейін әңгімелер болды. Бірақ мен бірден Қазақстан құрамасымен келісім-шартқа отырдым. Содан болар, әңгіме тоқтап қалды. Бірақ мені қызықтыратын үлкен ұсыныс болған жоқ.


– Неліктен 2021 жылдың көктемінде қарағандылық «Шахтерді» тізгіндедіңіз? Ресейден ұсыныс болған жоқ па?

– Мен жаңа сынақты қалайтынымды түсіндім. Ол кезде Қазақстан туралы ойламадым. Бір-екі айдан кейін «Шахтерден» және тағы бір қазақстандық клубтан ұсыныстар түсті. Мен Қарағандыны таңдадым. Дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын.

– Қазақстан құрамасындағы болашағыңыздың соңын қалай елестетесіз?

– Барлығы ерте ме, кеш пе бітеді. Қазақстан құрамасындағы соңғы матчты өткізетін күнімнің келетіні анық. Қашан болады, білмеймін. Мен ол матчты өткізген кезде, адамдардың есінде менің командадағы жұмысым туралы жақсы естеліктер болғанын қалаймын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×