Магомед Адиев: «Біреуді азаматтық алуға көндіру менің табиғатымда жоқ нәрсе»

13.05.2022, 18:12
Бас бапкер Ұмаевқа қатысты жағдайды түсіндіріп, Зайнутдиновтің алдағы ойындарға қатыспайтынын мәлімдеді.
Магомед Адиев: «Біреуді азаматтық алуға көндіру менің табиғатымда жоқ нәрсе»

Футболдан Қазақстан құрамасының жаңа бас бапкері Магомед Адиев YouTube-тағы «Вести Спорта» арнасына берген сұхбатында командаға шақыртылатын ойыншылардың жай-күйі мен өзгерістер жайлы сөз қозғады.

- Сіз ойыншыларды алғаш рет жинағалы жатырсыз? Құрамда өзгерістер бола ма?

- Әрине. Менің ұлттық құрамаға шақырылмаған біраз ойыншыларды бақылап жүрмін. Оларды шақырсам, ұлттық құрамада дебют жасайды деп ойлаймын.

Бұл лауазымда қанша уақыт жұмыс істейтінімді білмеймін. Шынымды айтсам, білгім де келмейді. Мен ертеңге үңіліп, болашақ туралы ойлағанды жақтырмаймын. Бірақ менен кейін ұлттық құраманы тізгіндейтін әріптесіме жақсы нәрсе қалдыруым керек. Мен нәтиже көрсету үшін команданы алдағы ойындарға дайындайтын боламын.

- Александр Меркель ұлттық құрамаға шақырыла ма?

- Мен Меркель туралы айтуға дайын емеспін, өйткені оған қатысты жағдайды білмеймін. Жақын күндері бұл мәселені қарастыратын боламын. Мен үшін ойыншының ұлттық құрамада ойнауға деген ынта-жігері өте маңызды. Егер ол осы талаптарға сай келсе, әрине, біз ондай ойыншыны жаттықтырушылар құрамымен бірге қарастырамыз. Егер Еуропа деңгейінде ойнайтын дарынды футболшы бола тұрып, үзіліс сұраса, оны ұлттық құрамаға алмаймын.

– Ыдырыс Ұмаевтың азаматтық алуына қатысты ұстанымыңыз қандай?

– Біреуді азаматтық алуға көндіру менің табиғатымда жоқ нәрсе. Мұны мен қалағаныммен, футбол федерациясының президенті бұған қарсы. Менің ойымша, бұл шынымен қажет емес. Әсіресе, ұлттық құрамаға тарту үшін ойыншыға қандай да бір қаржы беру дұрыс емес. Егер адам ниет білдірсе, оның мотивациясы болып – азаматтық алғым келеді, ұлттық құрамада ойнағым келеді десе, жағдай басқаша болады... Футзалдан көріп жүрміз – Қазақстан үшін нәтиже көрсететін ойыншылар аз емес. Әрине, біз де команданы күшейте алатын ойыншыны алуға қарсы емеспіз.

Ұмаев маған: «Мен Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрамада ойнағым келеді, оның үстіне ұлттық құраманы Сіз тізгіндедіңіз», - деп айтты. Ол өз ниетін білдірді. Сондықтан бұл мәселені қарастыруға болады деп ойлаймын.

- Зайнутдинов алдағы ойындарға қатыса ала ма?

- Онымен сөйлескеннен кейін денсаулығында ақау бар екенін білдім. Шынымды айтсам, мен оның алдағы ойындарға қатыспайтынына сенімдімін. Білесіз бе, ол ұлттық құрамаға келмесе, бәрінің көңілің қалады. Бірақ ол жазылып кетсе ше? Бұл керемет тосынсый болар еді. Сондықтан біз ресми жаңалықтарды күтетін боламыз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×