Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов Грозныйдың «Ахмат» клубының мамыр айындағы үздік ойыншысы атағына жүргізілген жанкүйерлер дауыс беруінде екінші орынға ие болды.
Клубтың ресми Telegram-арнасы таратқан мәліметке сәйкес, дауыс беру қорытындысы бойынша, бірінші орынды 20 ұпаймен жартылай қорғаушы Лечи Садулаев иеленді. Ол төрт ойында матчтың үздік ойыншысы атанған.
Максим Самородов 6 ұпай жинап, екінші орынға тұрақтады. Ол үш матчта үшінші, бір матчта екінші орын алған. Үздік үштікті Вадим Ульянов түйіндеді – оның еншісінде 4 ұпай.
Осылайша, мамыр айының үздігі болып Лечи Садулаев танылды.
Айта кетейік, Самородов биылғы маусымда «Ахмат» сапында 32 матч өткізіп, 8 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген. Сонымен қатар, оның бір голы Ресей Премьер-лигасының «Маусым голы» номинациясына үміткер атанған болатын.